ТҮРКІСТАНДА ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы Достық үйінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мерейтойы аясында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Қазақстанның оңтүстігінің тарихында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға Өзбекстан, Ресей елдері мен Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Түркістан қалаларынан тарих және педагогика ғылымы саласының өкілдері оффлайн және онлайн форматта қатысты.

Конференцияда «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа мұра, тарихқа тағзым» атты Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің құжаттар көрмесі ұсынылды. Одан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.

Сонымен қатар, кездесуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеудің маңыздылығы мен оңтүстік өңірінің Ұлы Жеңіске жасаған ауқымды үлестері баяндалды. Одан бөлек, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі, қаһармандығы мен қайсарлығы баяндалды. Сондай-ақ, конференцияда Ұлы Отан соғысы туралы танымды тереңдету, жергілікті тарихтың жаңа беттерін ашу, тарихи әділеттілік пен патриоттық тәрбие жөнінде мәліметтер берілді.

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап құжат қабылдау басталды. Өтініштер «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылдануда. Құжат тапсыру 2025 жылдың 25 маусымына дейін жалғаспақ. Бұл жайында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Арайлым Қайратова брифингте мәлімдеді.

«Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды. Олардың ішінде 9 магистратура, 3 докторантура бағдарламалары. Сондай-ақ, магистратураға 120 және доктарантураға 12 мемлекеттік грант бөлініп отыр. 2025 жылғы қабылдау науқанында бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер енгізілген. Мәселен, барлық магистратура бағдарламаларына қабылдану үшін мемлекеттік қызмет өтілі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды. Ал, «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына – кемінде 5 жыл, «Мемлекеттік саясат» бағдарламасына – кемінде 4 жыл еңбек өтілі талап етіледі» – деді спикер.

Оқуға қабылдау 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде үміткерлер онлайн форматта аналитикалық эссе жазудан сынға түссе, екінші кезеңде оффлайн сұхбат форматында жауап береді. Нәтиже 25 шілдеде жарияланады. Құжаттарды рәсімдеу және келісім шартқа отыру мерзімі – 7 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Айта кетейік, қабылдау ережелері туралы толық ақпарат www.apa.kz сайтында, сондай-ақ академияның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған.

Таза Қазақстан – адал азаматтың таңдауы

Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев айтқандай, тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай біз «80 жылдыққа – 80 түп ағаш» экологиялық акциясына бастама бердік.

Елордамыздағы Ботаникалық саябақта Бас прокуратураның қызметкерлері 80 түп ағаш отырғызды. Бұл акцияға еліміздің барлық өңірлеріндегі прокуратура органдары белсенді түрде қатысады.

Бұл — Отан қорғаушыларына көрсетілген құрмет пен табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтау жолындағы үлес. Әр азамат жасыл желектерге ұқыпты қараудың маңыздылығын түсінеді — бұл «Адал азамат» қағидасын ұстанатын азаматтың саналы таңдауы. Әрбір ағаш — бұл қаланың тынысы, оның өмірі мен болашағы.

БЕРІК АСЫЛОВ – ҚР Бас прокуроры.

КЕНТАУДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Кентау қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаевтың үйінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара барысында ардагердің үй ішіне және ауласында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауласы ретке келтірілді. Бұл игі іс-шара – ардагерлерге деген құрметті арттырып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастырады.

Бадан Төребаев 1926 жылы Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскерге шақырылып, Украина, Беларусь майдандарына қатысқан. 99 жастаға ақсақал екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан 16 немере, 42 шөбере, 3 шөпшек сүйген.

Қайтарылған активтер халық игілігі үшін пайдаланылуда

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысын бастау шеңберінде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі және прокуроры, Бас прокуратура өкілі, ауылдың ақсақалдары мен құрметті тұрғындары қатысты.

Аталған мектептің құрылысы – Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында Үкіметпен мақұлданған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі.

Салтанатты рәсім барысында қатысушылар жергілікті тұрғындарды құрылыс жұмыстарының басталуымен құттықтап, бұл мектептің іске қосылуы елде жүргізіліп жатқан активтерді қайтару жұмыстарының нақты нәтижесін халық өз көзімен көруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Жергілікті ақсақалдың батасынан кейін қатысушылар болашақ ұрпаққа арналған уақыт капсуласын салды.

Айта кетейік, бұған дейін ауылда 1974 жылы салынған, қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған музыкалық мектеп жұмыс істеп келген болатын.

Құны 890 млн теңге тұратын 300 оқушыға арналған жаңа мектеп көршілес ауылдардың оқушыларын да қабылдай алатын болады.

Бүгінге мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылды, оның ішінде 506 млрд теңге – ақшалай қаражат, 103 млрдтеңге – мүлік.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет арнайы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанның құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді.

Аталған жобалар елді мекендерді дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің бір бөлігі болып табылады және өмір сүру үшін қолайлы жағдайларға тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымды ілгерілетуге серпін беруге арналған.

«Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру «Заң мен Тәртіп» қағидатын тиімді қамтамасыз етумен өзара үйлесетінін атап өту қажет.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

ШАРДАРАДА ПАТРИОТТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Шардара қаласында «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты шара өтті. Жиында ауған соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жастармен кездесті. Патриоттық шараға қаладағы №16 колледж студенттері қатысты. Басқосу – облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған.


Кездесуге келген ҰОС ардагеріне теңестірілген, ауған соғысының ардагері Б.Сүйінов патриоттық рухты қалыптастыру жөнінде өз пікірін білдірді. Ардагер 1987 жылы №45585 әскери бөлімінде Ауған Демократиялық Республикасында борышын атқарған. Іс-шара соңында соғыс ардагерлеріне түрлі сұрақтар қойылып, тағылымды әңгіме айтылды.