Түркістан облысында әлеуметтік нысандар мен жаңа техникалар ел игілігіне тапсырылды.

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бұл нысандар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және тұрғындардың әлеуметтік, мәдени, спорттық қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында салынды. Аудандағы Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орындық мәдениет үйі бой көтерді. Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйі қажетті техникалық жабдықтармен қамтылып, шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге толықтай бейімделген. Сонымен қатар ғимарат ішінде ауыл тұрғындарына арналған кітапхана қарастырылған.

Осы күні Алғабас ауылдық округіне қарасты Шақпақ елді мекенінде жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Жобаны «Real Story Invest» ЖШС іске асырды. Спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылды. Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Нысандар ауыл тұрғындары мен жастардың шығармашылық қабілетін, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Бұл нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, Төлеби ауданына қарасты Ханарық елді мекенінде стратегиялық маңызы бар жаңа көпір ел игілігіне берілді. Құрылысы 2018 жылы басталғанымен, мердігер мекеменің салғыртығынан құрылысы ұзаққа созылған нысанның ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ермек Сұлтанқұлов арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарға жүрекжарды лебізін білдіріп, көпірдің маңыздылығына тоқталды.

–Ханарық елді мекеніндегі көптен күткен, көпір құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру үшін жиналып отырмыз. «Бұл көпір – тек өткел емес, сенім көпірі, бірлік пен татулықтың символы. Нысан ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің дамуына оң әсер етеді деп сенеміз, – деген Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Облыстық бюджет есебінен бөлінген қаржыға ұзындығы 42 метр, ені 10 метр көпірдің құрылысын мердігер мекеме «АВС Group KZ» ЖШС жүргізді. Көпір Ханарық елді мекеніндегі 250 тұрғын үй мен 2 мыңға жуық азаматқа арналған.

Сондай-ақ, Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында коммуналдық салаға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсатта Отырар ауданына көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру үшін жаңа техникалар жеткізілді. Жаңа техникаларды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы коммуналдық қызмет саласының мамандарына табыстап, тұрғындарының өмір сапасы мен аудан тазалығын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Өткен жылдан бері елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы біздің ауданымызда да кең көлемде өткізіліп келеді. Бүгін қосылған жаңа техникалар – бұл облыс әкімдігі тарапынан берілген материалдық көмек қана емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы маңызды бастама. Бұл – ауданымыздың көркеюіне, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған үлкен қолдау деп білемін», деді.

Сондай-ақ шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қоғамдық кеңесі мен ардагерлер кеңесінің төрағалары Нұржан Дайрабаев пен Бектібай Арзықұлов техникалар тазалық жұмыстары мен коммуналдық қызметтерінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі. «Отырар – 2050» мекемесі бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде ауданды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мекеме тарапынан аймақтағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорнының балансына алынған тракторлар, қоқыс тасығыш сияқты жаңа үлгідегі техникалар мен тиегіш экскаватор аудан тазалығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды атқаруда оң септігін тигізеді.

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN – 2025» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

Ән мен рухтың тоғысқан мекені – Тұран төрі тағы да жаһан жұртының назарында. Киелі шаһарда халықаралық «Voice of Turan – 2025»қазақ әндері фестивалі басталды. Фестиваль қатысушылары еліміздің танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін орындады. Түркістанның қолтаңбасына айналған фестивальге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және шетелден келген өзге де меймандар қатысты.

«Керуен сарай» кешенінде өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқады. Өңір таланттарының сахналық көрінісі, өнерпаздардың ән шашуы кешке сән берді. Конкурс қатысушылары таныстырған бейнеролик көрсетілді. Биылғы ән додасына Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртсан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис және Индонезия елдерінен кәсіби әншілер қатысып жатыр.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған бұл жоба жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында әуезді ән шырқалып, рухани үндестік тоғысты. Фестивальдің бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан фестиваль мақсаты – қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Сонымен қатар Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды таныта түсу.

Айта кетейік, 21 маусым күні фестиваль қатысушылары қазақ әндерін орындаудан бақ сынайды. Сонымен қатар еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы құрамында Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров, Ерген Айтымбетов бар. Фестиваль қонақтары ретінде Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков және португалиялық әнші Лара Алейшо өнер көрсетеді.