ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МОДУЛЬДІ ЛАГЕРЛЕР АШЫЛДЫ

Төлеби ауданында балаларды жазғы сауықтыруға арналған модульді лагерь ашылды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген қосымша 14 нысанда 7 ауысым бойынша 2 мыңнан астам бала жаз бойы демалмақ. «Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің лагері алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданының 300-ден астам оқушысын қабылдап үлгерді. Барлығы көпбалалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар. Халықтың игілігі үшін пайдалануға Халықтың игілігі үшін пайдалануға берілген нысандардың салтанатты лента қию рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы келіп қатысып, құттықтауын арнады.

 

— Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагерь ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагерь салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетті. Осы апта Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері 487 баланы қабылдады. Маусымдық нысандардың құрылысы қолға алынған сәттен басы-қасында жүріп, сапалы іске асырылуын бақыладық. Бүгін жасөспірімдердің бақытты жүздеріне тағы куә болып тұрмыз. Ендігі мақсат — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз! — деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Іс-шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Өміртай, аудандық білім бөлімінің басшысының м.а Г.Абилхасова бой көрсетті. Қос ауданның ардагерлері игілікті бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді. «Төлеби нұры» лагерінде 14 модульді нысаннан бөлек, асхана, бассейн, қыздар мен ер балаларға жеке әжетхана мен жуынатын орындар, шатырлар бар. Әр модульді ғимаратта 20 оқушыға арналған жатын орындары қарастырылған. Бәрі жаңа жиһаздармен қамтылған. Балалардың бес мезгіл тамақтануы, қауіпсіздігі, күнделікті бағдарламасы, ойындары мен сайыстары, интеллектуалдық және мәдени шаралары бақылауда.

Жазғы лагерь — тек демалыс орны ғана емес, шығармашылықты ұштайтын, достықты нығайтатын, жаңа қабілеттер мен қызығушылықтарды дамытатын орта. Әлеуметтік теңдікті, патриоттық тәрбиені насихаттайды. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, өнері мен спорттық қабілетін шыңдайды. Көшбасшылық қасиеттерін жетілдіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға бейімдейді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Балаларды қылмыстан, көшедегі қауіп-қатерден қорғайды. Айта кетейік, Түркістан өңірінде жалпы 43 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру аймақтарында тынығады. 10 мемлекеттік және 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Жауапты басқармалармен бірлесіп ұйымдастыру жалғасады.

Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жаңа модульді корпустар іске қосылып, балалар үшін жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыру жолында облыс әкімінің қолдауымен үлкен қадам жасалды. Биылғы жазғы маусым балалар үшін ерекше қуанышпен басталды. 487 сарыағаштық оқушы лагерьде демалысын бастап үлгерді. Ең басты жаңалық – лагерь аумағында заман талабына сай модульді корпустардың тұрғызылуы. Жалпы саны 10 модульді үйшік толықтай аяқталып, балалар игілігіне берілді. Әрқайсысы 20 балаға лайықталған бұл корпустар жайлы жатын орынмен, жаңа жиһаздармен, жеке шкафтармен, салқындатқыш және арнайы тазартылған ауызсу құрылғысымен қамтылған. Бұл – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын, заманауи инфрақұрылымға негізделген шешім.

Мұндай форматтағы модульді құрылыстардың артықшылығы – тез құрастырылып, ыңғайлы әрі тиімді пайдалануға берілуінде. Нәтижесінде, бұған дейін 300 балаға ғана қызмет көрсететін лагерь бүгінде бір маусымда 2000-нан астам баланы қабылдай алады. Сонымен қатар балалардың белсенді және қызықты демалысы үшін воркаут алаңы мен бассейн салынды. Лагерь бағдарламасында ойын-сауық, спорттық жарыстар мен шығармашылық үйірмелер қарастырылған. Жазғы маусымда 7 ауысым бойынша 3500-ге жуық бала лагерьде тынығып, жарқын естеліктерге толы демалыс өткізеді деп жоспарлануда. Балалардың алаңсыз демалысы – ел болашағына жасалған инвестиция. Ал модульді корпустар – сол игілікті істің нақты көрінісі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ГАЗДАНДЫРУ БОЙЫНША БИЫЛ 64 ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Биыл Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жобаға тиісті қаржы қаралды. Осы жылы 34 елді мекендегі 38 жобаның құрылысы аяқталады. Ал 16 елді мекендегі 26 жоба келесі жылға өтпелі. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Қалған 42 елді мекен шалғай орналасқан, халық саны аз, экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында аймақты табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар есебі тыңдалып, өзекті мәселелер сараланды.Өңір басшысы газдандыру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеді.

– Ең басты мақсат – біздің жеткізген табиғи газды халықтың пайдалануы. Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесіп, нақты жұмыстарды жүргізу қажет. Газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Атқарылған жұмыстар бойынша күнделікті мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, аудан, қалалардағы газ нысандарына қатысты анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде ретке келтіруді тапсырамын, – деген Нұралхан Оралбайұлы кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.

Жиында өңір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев есеп берді. Оның мәліметінше, облыс елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен жабдықталу көрсеткіші 62,4% құрады. Оның ішінде, Түркістан облысында 85,5% халық немесе 563 елді мекен (69,7%) табиғи газбен қамтылып, өңірлер арасында 8 орында тұр.

Өткен жылы облыс аумағында 115 нысанның құрылысы іске асырылды. Соның ішінде, 70 нысанның құрылысы аяқталып, 45 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болды. Бүгінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында табиғи газбен қамту деңгейі төмен. Ал, Созақ ауданы мүлдем газдалмаған. Қазіргі уақытта Созақ аудандағы АГТС мен елді мекендегі нысан құрылысы толығымен аяқталып, қосылу нүктесі Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысаны болғандықтан, жоба құрылысының аяқталуы күтілуде.

Сонымен қатар Түркістан қаласында жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газға сұраныс артуда. Қолданыстағы қуаттылығы 100,0 мың м3/сағ құрайтын №15 «Түркістан» АГТС-і жүктемелік режимде жұмыс істеуде. Осы орайда, қаланың табиғи газ қуаттылығын арттыру мақсатында қосымша АГТС орнатуымен айналма газ құбырының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда жобаның газ құбыры трассасының топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, мүдделі органдармен келісілуде. Жиын барысында жоспарлау, жоба әзірлеу бағытындағы кемшіліктер айтылып, тиімсіз жобалар ортаға салынды. Газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі талқыланып, шешу жолдары қаралды.

Облыс көлемінде 2018-2024 жылдар аралығында табиғи газбен қамту мақсатында 115 нысанның құрылысы аяқталды. Газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетіп, қамту деңгейі 69,7%-ды құрады. Нәтижесінде «көгілдір отынға» 1,8 млн. адам қол жеткізді. Биыл қосымша 45 елді мекенді газға қосып, қамту деңгейін 75,3%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар 1 ғасырға жуық тарихы бар Кентау жылу орталығы 85 пайызға тозған болатын. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды. 2025-2027 жылдар аралығында мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы газ турбиналы станцияның құрылысын жүргізу көзделуде.

Инвестиция көлемі – 148 млрд. теңге. Жоба арқылы 240 Мвт электр, 160 Гкал/сағ жылу қуаты өндіріледі.Биыл облыс аумағында 64 табиғи газ нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 38 нысанның құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, 34 елді мекен табиғи газға қосылады. Нәтижесінде жалпы табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 597-ге жетіп, қамту деңгейі 73,9%-ды құрамақ.Облыста жалпы электр энергиясына қажеттілік – 320 МВт, оның ішінде 80% сыртқы көздерден тасымалданады. Елді мекендердің 98% орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты электр энергиясын өзге де қуат көздерінен, яғни күн сәулесі панелі, дизелдьді генераторлардан алады.