МАҚТААРАЛДА БИЫЛ 8 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПҚА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

2025 жылдың 5 айында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,3 млрд теңгеге жетсе, тікелей тартылған инвестиция көлемі 9,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы брифингте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
«Ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылдың 5 айында 6,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 2025 жылы 60,3 мың гектар егістік жер болса, жоспарға сәйкес мақта дақылы – 35,1 мың гектарға, картоп, бақша, көкөністер – 15,5 мың гектарға, 4,2 мың гектарға – көпжылдық мал азықтық дақылдары егілді. Егін шаруашылығында өнімділік көлемін ұлғайту мақсатында су үнемдеу технологиясын 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауылдық округі, Фирдауси елді мекенін жандандыру мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін 1,5 млрд теңге қаржы қаралған. Бұдан бөлек, биыл Еркінабад, Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі елді мекенінен 600 орындық мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауға дайын. Ал, Атакент кентіндегі 1500 орындық мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек, 2025 жылы 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл Мақтаарал ауданы бойынша 4 медициналық нысанның құрылысы басталып жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Аймақта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда өңірдегі 68 ауылдың 46-сында газ бар. Биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 538,3 млн теңге қаржы бөлініп, 21,8 шақырымды құрайтын 24 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 13,5 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт төселді. Жалпы аудан аумағына аудан әкімдігі тарапынан 132 шақырымды құрайтын 112 көшеде 4173 дана көше жарық шамдары орнатылған.

МАҚТААРАЛДА 5 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданында 5 елді мекенге табиғи газ берілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін күні кеше Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылында болды.

«Бұл — үлкен қуаныш пен маңызды тарихи сәт. Табиғи газдың берілуі — елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту жолындағы үлкен қадам. Бұл тек өмір сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге, әлеуметтік және экономикалық дамуға жол ашады. Мемлекет басшысының ел халқын сапалы өмір сүру мүмкіндігімен қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалары мен бастамалары нәтижесінде, осындай игі істер жүзеге асып отыр» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Жиында аудан басшысы газдың жоспардан ерте қосылуына атсалысқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Абилдиевқа алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары газ алауының жанғанына куә болып, үлкен қошеметтерін көрсетті. Тұрғындардың ризашылығында шек болмады. Газ берілген елді мекендердің ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.

Жалпы Мақтаарал ауданында 68 елді мекеннің 46-ы газ жүйесімен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 67,6% құрайтын еді. Жаңадан газ қосылған елді мекендердің есебінен бұл көрсеткіш және де артты. Айта кетейік, 2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттен жалпы 6,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 19 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандардың жалпы құны 8,2 млрд. теңгені құрайды, құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, қалған газдандырылмаған 4 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысын бастау үшін биыл 891,0 млн. теңге қаржы қаралды. Міне, осы жұмыстардың арқасында бүгін 5 елді мекенге газ беріліп отыр. Жалпы аталған құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан соң 2026 жылы Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтылатын болады.