ДЕПУТАТТАР ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ ТУРИСТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары облыстық туризм басқармасына бағынысты бірқатар мекеменің және Төлеби ауданындағы туристік нысандардың қызметімен танысты. Халық қалаулыларына облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов аудандағы туризм бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа жобаларды да таныстырды.

Депутаттар ең алдымен «Paradise Villas» демалыс орнына барды. 2024 жылы басталған жоба биыл тамыз айында ашылған. Жоба құны 150 млн.теңге. Нысанда 2 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Аралауда уақытша комиссия төрағасы Алмас Алтайұлы, өңірдегі туристік нысандарға қолдау білдіру жұмыстарына назар аудару қажеттігін атап өтті. Ал, депутат Бахыт Мүсірәліұлы, туристік нысандардың жұмысы жандану үшін ең алдымен инфрақұрылым жүйелері талапқа сай болуы керек. Әсіресе туристер үшін жол құрылысы да өзекті екендігін айтты.

Сондай-ақ, халық қалаулылары «Сайрам-Өгем» Ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан «Vivood Tau» демалыс кешенінің қызметімен танысты. Жоба 2022 жылы жүзеге асырылған. Құны 200 млн теңге. Мұнда 3 глэмпинг, 17 вагон үйлер, 3 киіз үй туристерге қызмет көрсетеді. 2023 жылы мемлекеттік қолдау шарасына құжат тапсырып, комиссияның оң қорытындысын алған. Өткен жылы мемлекеттен 20 млн теңге қаржылай қолдау берілген.

Айта кетейік, облыстық мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес алдағы кезекті сессияда облыстық туризм басқармасы басшысының есебі тыңдалады. Алдағы уақытта уақытша депутаттық комиссия өңірдегі өзге де туризм нысандарын аралап, қызметімен танысатын болады.

«ЦОН» мобильді қосымшасында «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» жаңа сервисі қолданысқа енгізілді

2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында көлік құралдарын тіркеу кезінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуге арналған жаңа сервис іске қосылды.

Бұған дейін көлікті сату немесе сатып алу үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарында QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл үдеріс «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Бұл азаматтарға уақытты үнемдеуге және қызметті алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.
Маңыздысы, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады.