ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістанда халықты қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Бұл шара жергілікті тұрғындарға сапалы әрі арзан өнімдерді ұсынуға бағытталған.

Жәрмеңкеде өңір кәсіпкерлері белсене қатысып, қала тұрғындарына өз өнімдерін арзан бағаға ұсынуда. Мұндай жәрмеңкелер бағаны тұрақтандыруға және халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығындарын азайтуға ықпал етеді.

«Жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының өнімдері нарықтағы бағадан 30–50 пайызға төмен бағада сатылуда. Мұнда ет-сүт өнімдері және күнделікті тұтынатын негізгі азық-түліктер тұрғындарға тікелей өндірушілерден жеткізілуде. Жәрмеңкенің басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамту, сондай-ақ жергілікті шаруалардың өнімін тұтынушыға тікелей жеткізу», – деді «Түркістан» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева.

Жәрмеңке тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырып, көптеген азаматтар өздеріне қажетті сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алғандарына ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта мұндай шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып, 3-қазан күні Сайрам және Отырар ауданы кәсіпкердерінің ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі «Бірлік» секторында ұйымдастырылмақ.

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ АЛДЫНДА 100 ЖЕТІГЕНШІ ӨНЕР КӨРСЕТТІ.

Халықаралық туризм күні! Мереке қарсаңында Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында 100 жетігенші өнерін көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.   Олар келуші қонақтар мен зиярат етуші алаңда жетігеннің үнін көпшілікке тыңдатты.

Айта кетейік, Түркістан облысының Туризм басқармасының ұйымдастыруымен, туризм күніне орай Түркістан қаласында «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» халықаралық қолөнершілер көрмесінің салтанатты ашылуы өткен болатын. Осыған орай Түркістанда түрлі іс-шаралар легі толассыз өтуде. Туризм халықтар мен ұлттарды біріктіреді.  Қазір бұл салаға көп көңіл бөлінуде, ішкі туризм дамып келеді. Мұндай іс-шаралар Түркістандағы туризмның дамуы мен өсудің жақсы серпінін көрсетіп отыр.

Дүниежүзілік туризм күні 1979 жылы Дүниежүзілік туристік ұйымның, ЮНВТО-ның Бас Ассамблеясымен бекітілді және жыл сайын 27 қыркүйекте атап өтіледі.

ҰЭМ Арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі шеңберінде Үкімет қаулыларының жобасын ұсынып отыр. Талқылауға шығарылғандар:

жеңілдетілгендекларациянегізінде арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі;
өзін-өзіжұмыспенқамтығандар үшін АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі.
Бұл құжаттар Кодекстің 718 және 723-баптарын орындау үшін әзірленген және арнайы салық режимін қолдануды ретке келтіруге, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға арналған.
Тыйым салу тізімі
Жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолданыстағы екі режимнің, жеңілдетілген декларация мен бөлшек салықтың элементтерін біріктіреді.
Режимді пайдалана алмайтындар:
– табысы жылына 600 мың АЕК-тен (2, 359 млрд теңге) асатын бизнес субъектілері;
– басқа компаниялардың үлесі 25%-дан асатын заңды тұлғалар;
– құрылтайшылары немесе қатысушылары бір мезгілде, АСР-дегі басқа заңды тұлғаларға қатысатын немесе құрылтайшысы болып табылатын ұйымдар;
– коммерциялық емес ұйымдар;
– арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер);
– АЭА, “Астана Хаб” қатысушылары;
– бірлескен қызмет шарты бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер.
Тыйым салынғандар тізбесіне ірі бизнеспен байланысты салалар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополия субъектілерінің қызметі, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден астам алаңдағы ритейл, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, кәсіби агенттік және консалтингтік қызмет, ҒЗТКЖ және т. б. кіреді.
1111 ЭҚЖЖ-ның ішінде шектеу 795 қызмет түріне (ЭҚЖЖ-ның 70%-ы) әсер еткенмен, салық төлеушілерге шаққанда, шамамен 30% ғана.
Негізгі себеп — бұл салалардағы операциялардың едәуір бөлігі (жиынтық айналымның 76%-дан астамы) жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын ірі бизнеспен жасалған мәмілелерге тиесілі: құрылыста — 99,9%, жер қойнауын пайдалануда-98,7%, көлік пен қоймада-96,7%.
Жеңілдетілген режим құқығын сақтайтындар
Жеңілдетілген режимді тұрғындарға бағдарланған 300-ге жуық қызмет түріне қалдыру ұсынылады:
– 2000 шаршы метрге дейінгі алаңдағы бөлшек сауда (дәріханаларды қоса алғанда);
– тауарларға пошта арқылы немесе Интернет желісі арқылы тапсырыс беру арқылы жасалатын бөлшек сауда, желілік маркетинг, сондай-ақ дүкеннен тыс басқа да бөлшек сауда;
– тұру, тамақтану, тұрғын үйді жалға алу мен көлік қызметі;
– жеңіл және тамақ өнеркәсібі;
– жолаушы тасымалы;
– мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызмет, медициналық және әлеуметтік қызмет;
– тұрғындарға арналған тұрмыстық және құрылыс жұмысы;
– шығармашылық индустрия, спорт, мәдениет;
– ауыл шаруашылығы.
Нәтижесінде жеңілдетілген режим барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына беріледі. B2C-ге бағытталған шағын бизнес АСР бойынша жұмысын жалғастырып, ал ірі қызмет түрі жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді.
Сонымен қатар, жалпы белгіленген режимге көшкен кезде айналымы жылына 40 млн теңгеге дейінгі салық төлеушілер ҚҚС төлемейді.
Құжат АСР-ді жосықсыз пайдалануды қысқартуға, әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, салық жүктемесін әділ бөлуге және шағын бизнес үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға рұқсат беру тізімі
ҚР Үкіметінің жекелеген қаулысымен ЖК тіркемеген, жұмыскері жоқ және айына 300 АЕК-ке дейінгі кіріс алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қолжетімді қызмет түрлерінің тізбесін бекіту ұсынылады. Бұл өлшемшартқа 46 бағыт сәйкес келеді.
АСР қолдану құқығы аяқ киім жөндеу, спорт пен демалыс саласындағы білім беру, мәдениет саласындағы білім беру, білім беру саласындағы басқа да көмекші қызмет, тұрғын үйді жинау, фотосурет қызметі, сұлулық салоны қызметі, мамандандырылған құрылыс жұмысы, такси қызметі, жалдау және жалға беру, компьютерлерді, жеке тұтыну затын, тұрмыстық тауар жөндеу, сондай-ақ өзге де жеке қызметтерде сақталады.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы жобасына сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15606691
«Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы жобасына сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15606668

Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтаманы беру мемлекеттік қызметі

«Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама» бұл азаматтың қылмыстық жауапкершілікке тартылған тартылмағанын, өтелмеген немесе алынбаған соттылығының бар немесе жоғын, сондай ақ қылмыстық қудалауға қатысты мәліметтерді растайтын ресми құжат.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық органдарымен «Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру» туралы мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

Сотылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру мемлекеттік қызмет көрсету түріне жатады және оны алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе e.gov.kz Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет жеке және заңды тұлғаларға электрондық нысанда, шет елге шығу үшін – қағаз нысанында көрсетіледі.

 Портал арқылы «бір өтініш» қағидаты бойынша көрсетілетін қызметті алу үшін электрондық өтінім берілген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы қағаз нысанында “бір өтініш” қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу үшін порталда шетел мемлекетінің (“бір өтініш” қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтің нәтижесін ұсыну елі) атауын және Мемлекеттік корпорация филиалын қосымша таңдайды.

«Бір өтініш» қағидаты бойынша қызметті көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні, оның ішінде:

соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама дайындау – 5 жұмыс күні;
соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтамаға апостиль қою – 5  жұмыс күні.

МУХАММЕДАЛИ СЕЙДАЗИМ,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры

ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ЖАЙҚАЛА ТҮСТІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құрылды. Осы 6 жыл ішінде «Жасыл белдеу» аумағы кеңейіп, жыл сайын тал отырғызылып, орман ағаштары жайқалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Қарашық алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімінің қолдауымен қазіргі таңда жалпы 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылды. Оның 18071 гектарына әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтқанда, 8337 гектарға жапырақты ағаш көшеті, 9734 гектарға сексеуіл екпелері егілген. Биылғы күзде қосымша 900 га аумаққа сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар Түркістан қаласының аумағын қоршаған ортаны ластануынан, топырақ, жел эрозиясынан сақтауға және экологиялық жағдайын жақсартуға және құстар мен жан-жануарларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

– Қазіргі таңда мәдени орман екпелерін суменен қамтамасыз ету үшін 240-ден астам ұңғыма қазылған. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Түркістан қаласы айналасының су тапшылығына байланысты отырғызылған ағаш көшеттерін суару бойынша жаңа аэропорт жолының бойындағы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63 % ұңғымалар, 25% каналдармен, 12 % насостар арқылы суарылуда. Биылғы жаз айында күннің ыстығына шыдас бермей қураған, өсімін тоқтатқан мәдени екпе ағаштардарды қайта толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жасыл белдеуге отырғызылған көшеттердің 60-65%-ы көгеруде, – деді «Жасыл аймақ» КММ директорының орынбасары Нұржан Кашкенов.

Жауаптылардың айтуынша, ағаш отырғызылған жерлердегі топырақ құрамындағы қарашіріктің көлемі – 0,7-0,8%, яғни, топырақтың құнарлылығы өте төмен дәрежеде. Осыған байланысты оның құрамын байыту үшін топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу арқылы ағаштардың өсуіне және оның көнімділігін арттыруға жағдай жасалынған.

Баспасөз туры аясында Республика күні мен Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шара ұйымдастырылып, орман шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер жасыл белдеуде атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді.

Айта кетсек, «Жасыл аймақ» мекемесінде бүгінгі таңда 120 га орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты түрде пайдаланылуда. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеті өсірілуде. Заманауи тұқымбақта 576 м2 жерге жылыжай орнатылды. Жылыжайдың мақсаты – сирек кездесетін сәндік қылқан және жапырақты ағаштар өсіру.

Көгалдандыру, ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары облыс әкімі мен жауапты басқарманың жіті бақылауында. Қазіргі таңда «Жасыл аймақ» мекемесінде 600-ге жуық қызметкер мен 70-тен астам арнайы техника жұмыс істейді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.

Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатуға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың азық-түлікті нарықтағыдан 20-30% төмен бағамен алуына мүмкіндік беруде.

Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 38 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарық бағасынан 20-30% төмен сатылуда.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалыптасқан облыс әкімдігінің Тұрақтандыру қорында азық-түлік көлемі жеткілікті. Бүгінде өңірде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар.

Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Соңғы 1 айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар өндірілді.

Сонымен қатар ет бағасын тұрақтандыру жұмыстары облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Ет өндіретін шаруаларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр еті базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр.

Статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа мен көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен деңгейде.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны негізсіз өсірмеу мақсатындағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері  жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.

Тұрақты комиссияның жұмысын комиссия төрағасы Сұлтан Көшенов жүргізді.

Комиссия отырысына облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, тұрақты комиссия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Нұржан Әшіров, Жаңабай Ағабеков, Ғабиден Қапалбаев, Сүлеймен Арыстанов,Ербол Ералиев, Төрегелді Қалмұратов, Нұржан Сейітжанов, Еркебұлан Хандиллаев, Талғат Қаржауов, Қанат Нышанов, Гүлшат Мәлікова, Нұрайым Шақимергенқызы қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту, Түркістан облысында ортақ су пайдалану Қағидаларын бекіту мәселелері талқыланды.

Депутаттар жауапты басқарма басшыларына сауалдарын жолдап, бірқатар мәселелерді бақылауға алуды ұсынды.

Тұрақты комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді сессияның қарауына енгізу туралы қорытынды қабылдады.

ДЕПУТАТТАР: ӨҢІРДЕГІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясы қарсаңында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Тұрақты комиссия отырысына Алмас Салимов төрағалық етті. Комиссия отырысына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Қозбеков, Бейсен Тәжібаев, Ертай Алтаев, тұрақты комиссия мүшелері Ғалымжан Елшібай, Жанар Темірбекова, Қайрат Салыбек, Бахыт Басымбек, Қалыйма Жантөреева, Бегімбет Байғараев, Мырзахан Манапов, Уалихан Рахиев, Талғат Садуов, Байммахан Сүлейменов, күн тәртібіне байланысты шақырылған облыстық басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі, Түркістан облысының туризм басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар, Түркістан облысының ауылдық жеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтiк қолдау шараларының жүйесiн, оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау мәселелері талқыланды. Одан бөлек, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасына тәртіптік жаза қолдану туралы қаралды.


Тұрақты комиссия мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін айтып, аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.