ҚҰМКЕНТТЕ КІШІ ЖАБЫҚ АЛАҢ МЕН «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Құмкент ауылында заманауи талаптарға сай салынған жабық үлгідегі кіші футбол алаңының құрылысы аяқталып, ел игілігіне ұсынылды. Жаңа спорт алаңы барлық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда ойыншыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, жарықтандыру жүйесі, жасанды төсеніш төселген футбол алаңы, қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Нысан аумағы толықтай асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, биылғы жылы Құмкент ауылдық округінде 5 балалар ойын алаңшасы мен 1 ересектерге арналған шынығу алаңы салынды. Жыл соңына дейін округке қарасты Қызылкөл елді мекенінде 2 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдарында да дәл осындай спорт нысандары бой көтеруде. Жақын күнде бұл нысандар да ел игілігіне табысталады.

Бұл күні тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ресми түрде есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жаңа орталықтың жұмысымен танысты.

«Әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар аудан дамуының басым бағыттарының бірі. Жаңа орталық ардагерлердің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, белсенді әрі мәнді өмір сүруіне жағдай жасайды. Осындағы ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз бейнетінің зейнетін көрер шақта қажетті қызметтерді жақыннан, қолжетімді түрде ала алады. Біздің мақсатымыз аға буынға құрмет көрсетіп, тәжірибесін қоғам өмірімен байланыстыру. Сондықтан бұл орталық тек қызмет көрсететін орын емес, ауылдың бірлігі, жылылығы мен қамқорлықтың ортасына айнады деп сенеміз», — деді аудан басшысы.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты. Жаңа орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл нысан зейнет жастағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қызылкөл елді мекенінің қариялары да осы орталықтың қызметін пайдалана алады.

Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар мен шәй ішіп, еркін демалуға арналған асүй жабдықтары қарастырылған.Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты және өз ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, биыл дәл осындай орталық аудан орталығынан бөлек, Созақ ауылында да ашылды. Бұл жұмыстар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтіп келеді.