ОТЫРАР АУДАНЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Отырар ауданда дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, ұлттық құндылықтарды насихаттау, шетелде діни білім алу қауіптілігін түсіндіру мақсатында «Діннің негізгі құндылықтары және діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы Қайсар Мырзабай, Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі Ғалымжан Сарсеков қатысты.

Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Ә.Байтанаев негізгі мектебі мен Жамбыл атындағы мектеп-лицейі және Ө.Жәнібеков атындағы №4 лцей-интернатында өткен жиында жастардың дұрыс діни дүниетанымын қалыптастыру, қауіпті идеологияларды ажырата білу қабілетін күшейту және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға бағытталған ақпараттар айтылып, діни экстремизмнің зиянды тұстары мен қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы түсіндірілді.

Қазіргі жаһандану дәуірінде түрлі идеологиялар мен көзқарастар қоғамға әртүрлі жолмен әсер етуде. Солардың ішінде ең қауіпті құбылыстардың бірі – діни экстремизм. Ол діннің шынайы гуманистік мәнін бұрмалап, қоғамға іріткі салуды көздейді. Діни экстремизм адамдарды адастыру арқылы бейбіт өмірге, ұлттық тұтастыққа және мемлекеттің тұрақты дамуына елеулі қауіп төндіреді.Бұл дегеніміз белгілі бір діни ұстанымды желеу етіп, қоғамда төзімсіздік пен жеккөрушілікті тарату, өзге көзқарастағы адамдарды жоққа шығару, заңсыз және күш қолдануға негізделген әрекеттерді ақтау. Экстремистік ағымдар көбіне жастарды мақсат етіп, олардың діни білімінің таяздығын, өмірлік тәжірибесінің аздығын пайдаланады.

« – Діни экстремизмнің негізгі зиянды тұстарына мыналар жатады: қоғамда алауыздық пен жікшілдік тудырып, халық бірлігін әлсіретеді; дінді саясаттың немесе жеке мүдденің құралына айналдырады; ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетті және тарихи сананы жоққа шығарады; отбасылық құндылықтарды бұзып, ата-ана мен бала арасындағы байланысты әлсіретеді; зорлық-зомбылықты, радикалды әрекеттерді ақтауға тырысады; заңды мойындамауға, мемлекеттік құрылымға қарсы көзқарас қалыптастырады. Экстремистік идеологияға тән тағы бір белгі – өз пікірін абсолютті ақиқат деп тану, ал өзгеше ойлайтындарды «дұшпан» немесе «адасқандар» деп қабылдау. Бұл – ислам дінінің де, жалпы адамзаттық құндылықтардың да негізгі қағидаларына қайшы. Себебі дін адамды мейірімділікке, сабырлыққа, өзара құрметке тәрбиелеуі тиіс. Ал қазақ халқының ұлттық құндылықтары – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени мұра. Қазақ қоғамында дін мен дәстүр бір-бірін толықтырып, үйлесім тапқан. Халқымыз ислам дінін қабылдай отырып, оны ұлттық болмыспен, салт-дәстүрмен сабақтастыра білді. Қазақ халқының басты ұлттық құндылықтарына: үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ата-ананы қадірлеу, отбасы бірлігін сақтау, қонақжайлық пен кеңпейілділік, сабырлылық, кешірімділік, төзімділік, ел бірлігі, жерге және Отанға адалдық, ынтымақ пен татулықты жоғары қою жатады. Дәстүрлі қазақ дүниетанымында дін ешқашан қатігездік пен бөлінушіліктің құралы болмаған. Керісінше, ол адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа және көркем мінезге үндеген. Қазақтың билері мен ғұламалары да дінді халықты тәрбиелеу, елді бірлікке шақыру жолында қолданған. Діни экстремизм – қазақ халқының ұлттық болмысына, рухани құндылықтарына және бейбіт өмір салтына түбегейлі қарсы құбылыс. Ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі дінді құрметтеу және діни сауаттылықты арттыру арқылы ғана біз қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Расында діни экстремизм қазақ халқының осы ұлттық құндылықтарына түбегейлі қарсы. Ол ата-баба жолын жоққа шығарып, ұлттық мәдениеттен қол үзуді насихаттайды. Мұндай көзқарас ұлттың рухани тамырын әлсіретіп, қоғамның ішкі тұтастығына нұқсан келтіреді.Яғни, оның зиянын терең түсіну және оған қарсы иммунитет қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі дін мен мәдениетті құрметтеу, діни сауаттылықты арттыру арқылы ғана қоғамда бейбітшілік, тұрақтылық және келісім орнатуға болады.

Сонымен қатар, кездесу барысында қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімдерге тыйым салуға қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы да баяндалды. Жиында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, сауалдарға дінтанушы маман тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Ашық пікір алмасу барысында елдің ынтымағы мен татулығын сақтау жолында әрбір азаматқа жүктелетін жауапкершілік жайында да айтылды.  Жастардың шынайылық жолында жүріп, жаман әдет-қылықтар жасамай және керіағар ұйымдардан бойын алшақ ұстау бойынша жан-жақты түсіндірілді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі Ғалымжан Сарсеков қатысшуларға алғысын білдіріп, кездесуді қорытындылады.