Экономиканы дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда.

Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын дамыту мақсатында шетелдік компаниялармен іскерлік кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов және «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері мен салаға жауапты мамандар қытайлық инвесторлармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында «Jinhao Group», «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларымен құрылыс саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технологияларды тарту бағытында тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді. Инвесторлар облыс аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты.

«Jinhao Group» Қытайдың Харбин қаласында орналасқан энергия үнемдейтін және оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндіретін ірі әрі әртараптандырылған компания. Оған қоса ұйым ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын да қамтиды. Жалпы, компанияның құрылымдық бөлімшелері энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар және жасыл құрылыс салаларында жұмыс жүргізеді.

Бүгінгі таңда құрылыс саласында жаңа технологиялар, заманауи шешімдер үлкен рөл атқаруда. Соның ішінде капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар негізінде салынып жатқан нысандар экономикалық жағынан да, уақыт жағынан да тиімді жобалардың бірі болып отыр. Бұл бағыт – аймақтың құрылыс индустриясын жаңғыртып, туризмді дамытуға, халықты тұрғын үймен қамтуға және өндіріс әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Капсулалы үйлердің тиімділігі уақытты үнемдеу. Кәдімгі үйлерді тұрғызу бірнеше айға созылса, капсулалы үйлер зауытта дайындалып, тез құрастырылып, қысқа мерзімде пайдалануға беріледі. Бұл – шұғыл қажеттілік туған кезде, туристік аймақтарда, демалыс орындарында орналастыруға, маусымдық және уақытша қоныстандыру жобаларында өте қолайлы болып табылады. Капсулалы үйлердің экономикалық тиімділігі де жоғары. Яғни,құрылыс шығынын азайтып, материал үнемдейді және қызмет көрсетуге көп қаражат талап етпейді.Осының нәтижесінде бюджетке түсетін салмақ азаяды, ал инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады.

Мұндай бастаманы туризм мен сервисті дамыту бағытында қолдануға болады. Капсулалы үйлер тау, өзен, демалыс аймақтарына орнатуға ыңғайлы және экологиялық, заманауи, эстетикалық жағынан тартымды әрі туристерге жаңа форматтағы демалысты ұсынады. Бұл – аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, қосымша табыс көзіне айналады. Сонымен қатар, экологияға оң әсерін беріп, тиімді энергия көзін пайдалануды да жүзеге асырады. Көп капсулалы үйлер энергия үнемдейтін материалдардан жасалады және жылуды жақсы сақтайды, тиісінше табиғатқа залал келтірмейтіндей етіп орналастырылады. Яғни, экологиялық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Мамандар металлоконструкциялар құрастырудың артықшылықтарына да тоқталды. Инвесторлар бұл жобаның берік және қауіпсіз екенін жеткізді. Олардың айтуынша сейсмикалық тұрақты, ауа райына төзімді және ұзақ уақыт пайдалануға жарамды болады. Бұл әсіресе таулы, жер сілкінісі қаупі бар аймақтар үшін өте маңызды. Сонымен қатар, бұл – өңірді цифрлық, индустриялық, инновациялық бағытта дамытудың нақты қадамы.

« -Капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру – бүгінгі заман талабына сай, тиімді, үнемді әрі болашағы зор жоба. Бұл тек құрылыс нысандары емес, экономиканы жандандыратын, халыққа қолайлы жағдай жасайтын, өңірдің дамуына серпін беретін маңызды бастама. Біз бұл бағытты қолдай отырып:тұрғындарға қолжетімді тұрғын үй, инвесторларға тиімді жоба, мемлекетке экономикалық пайда, халыққа жаңа мүмкіндік ұсынамыз. Заманауи құрылыс – өңір дамуының кепілі!» – дейді инвесторлар.

Қос тарап өкілдері өңірде құрылыс индустриясы бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Түркістан индустрилды аймақтарындағы кіші өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты. Алдағы уақытта тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша келіссөздер жалғасатын болады.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*