МЕМЛЕКЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР БОЙЫНША 2025 ЖЫЛЫ ДЕПАРТАМЕНТПЕН АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Әрбір азамат өмірге келген сәттен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен үздіксіз байланыста болады. Баланың тууын тіркеу, білім алу, жер телімін рәсімдеу, әлеуметтік көмекке жүгіну, денсаулық сақтау саласындағы қызметтер – мұның барлығы азаматтардың мемлекетпен күнделікті қарым-қатынасының нақты көрінісі. Сондықтан мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің негізгі көрсеткіші болып табылады.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында ерекше назарда. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаменттері мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің заңнамаға сай, сапалы әрі қолжетімді көрсетілуін тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Көрсетілген қызметтер көлемі
Бүгінгі таңда елімізде 1323 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, оның 400-ге жуығы облыстық деңгейде жүзеге асырылады. Түркістан облысында мемлекеттік органдар тарапынан 364 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі (жергілікті атқарушы органдар – 166, орталық мемлекеттік органдар – 198).

2025 жылы облыс бойынша барлығы 26 млн-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98%-ы электронды форматта ұсынылған. Бұл өз кезегінде өңірде цифрландыру деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда облыста тұрғындарға қызмет көрсету үшін
19 Халыққа қызмет көрсету бөлімдері, 4 сектор, 2 мамандандырылған ХҚКБ және 2 сектор тұрақты түрде жұмыс істеуде.
Бақылау және анықталған бұзушылықтар
2025 жылы Департаментпен мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасының сақталуына қатысты 135 бақылау іс-шарасы жүргізілді. Оның ішінде профилактикалық бақылаулар, арыздар бойынша жоспардан тыс тексерулер және уәкілетті орган тапсырмалары бар.
Ең жиі анықталған бұзушылықтар қызмет көрсету тәртібін сақтамау, жұмыс мерзімін бұзу, қызмет көрсету мерзімін сақтамау бойынша орын алған.
Бұзушылықтардың басым бөлігі жер қатынастары, жеке тұлғаларды тіркеу және ауыл шаруашылығы салаларында тіркелген.
Азаматтардың құқықтарын қорғау
2025 жылы Департаменттің қарауына 410 өтініш түсіп, оның нәтижесінде 198 азаматтың құқығы толық көлемде қалпына келтірілді. Өтініштердің басым бөлігі жер қатынастары, еңбек және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ сәулет-қала құрылысы салаларына қатысты болды.
Ашықтық пен түсіндіру жұмыстары
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жыл бойы кешенді түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда:
• өңірлік «Turkistan TV» арнасында «Елге қызмет» арнайы бағдарламасының 25 шығарылымы эфирге шықты;
• мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен 259 семинар, 25 тікелей эфир, 11 интернет-конференция өткізілді;
• 66 қоғамдық кеңес отырысы және 124 қоғамдық бақылау ұйымдастырылды;
• 98 ақпараттық бейнеролик жарияланды.
Сонымен қатар, азаматтардың өтініштері мен пікірлеріне жедел әрекет ету мақсатында «EgovKZBot 2.0» Telegram-боты іске қосылып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 113 өтінішке түсіндірме берілді.
Аталған жұмыстар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, заңбұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кету қажет, Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.

Абылайхан Дағыстанұлы НАУРЫЗБАЕВ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

МҚІА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ: ҚЫЗМЕТ АЛУШЫНЫҢ БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Тәжірибеде азаматтар өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру және негізсіз бас тартулардың орын алғаны мен өтінішке уақытылы жауап ала алмағандығы туралы арыздармен жүгінуде.
Атап айтқанда, өткен жылы Департаменттің қарауына 410 өтініш келіп түскен. Аталған өтініштердің 60%-ға жуығы жер қатынастары саласына қатысты болған.
Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны қызмет көрсетуші мемлекеттік органнан тиісті құжатты ала алмай, заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгіну мүмкіндігінен айырылған.
Осыған орай, аталған мәселе бойынша Департаменке шағым түсіріп, ол бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет Қазақстан Республикасының Жер кодексінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес көрсетіледі.
Қағида талаптарына сәйкес, мемлекеттік орган жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша беру мүмкіндігін немесе мүмкін еместігін 30 жұмыс күнінде айқындап, қызмет нәтижесін ұсынуы керек болған.
Дегенмен, қызмет көрсетушімен қағида талаптары бұзылып, арыз иесіне қандай да бір қызмет нәтижесі ұсынылмаған.
Осыған орай, Департамент тарапынан тиісті мемлекеттік органға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Сонымен қатар, Департаменттің жүргізген тексеруінен кейін арыз иесіне мемлекеттік қызмет нәтижесі ұсынылып, азаматтың бұзылған құқығы толық көлемде қалпына келтірілді.
Өз кезегінде, аталған шаралар Департамент тарапынан тұрақты негізде жүргізілетін болады.

Абылайхан Дағыстанұлы НАУРЫЗБАЕВ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Конституциялық комиссияның екінші отырысында реформалар жөнінде келіп түскен ұсыныстар талқылануда

▪️▪️

Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтуде. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген, ал талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілуде.

Отырыстың модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.

«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», — деді Эльвира Азимова.

Отырыс аясында үш негізгі спикердің баяндамалары тыңдалады — әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева. Олар 2025 жылдың қазан айынан бастап түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынады.

Әділет министрі: Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін күшейтеді

Конституциялық комиссияның екінші отырысында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Негізгі заңға бірқатар негізгі өзгерістерді ұсынды. Аталған өзгерістер азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленді.

Атап айтқанда, Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура және сот билігі органдарының жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін регламенттейтін Конституцияның бөлімдері мен баптарына өзгерістер енгізу ұсынылады.

Түзетулердің жеке блогы болашақ бір палаталы Парламенттің – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайындау, оның депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібі және өзге де рәсімдік жағдайлар айқындалады.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібінің маңыздылығын ескере отырып, тиісті регламенттеуші нормаларды жеке бөлімге бөлу ұсынылады.

Үкімет функцияларын регламенттеуді өзгерту шеңберінде мемлекеттік бағдарламаларды бекітуді, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады. Атап айтқанда, олардың қызметін басқару, актілерінің күшін жою және тоқтата тұру.

«Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес мемлекеттік бағдарламалар аталған жүйенің құжаттары болып табылмайды. Мұндай бағдарламалар қажеттілігіне қарай әзірленіп, бекітілетін болады», – деп атап өтті әділет министрі.

Ерлан Сәрсембаев Қазақстанда 2021 жылдан бастап мамандандырылған әкімшілік соттардың енгізілуі құқық үстемдігі қағидатын нығайтудағы және мемлекет пен азамат арасындағы нақты теңгерімді қамтамасыз етудегі маңызды қадам болғанын еске салды.

«Осыған байланысты Конституцияның тиісті бабында сот билігі әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырылатынын тікелей көрсету ұсынылады. Бұл әкімшілік соттарға конституциялық-құқықтық мәртебе береді, жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады және қоғамның сот билігіне сенімін нығайтады», – деп атап өтті министр.

Жалпы, Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, енгізілетін өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін күшейтеді, ол тек қана жеке тұлғалардың емес, жария билік институттарының сапасына байланысты болады.

«Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан дәйекті әрі құқықтық тұрғыда әрекет ететініне болжамдылық пен сенімділікті білдіреді. Әлеуметтік міндеттемелер орындалуда, экономикалық процестер жалғасуда, халықаралық міндеттемелер сақталуда», – деп қорытындылады әділет министрі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТКЕ 1 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТҮСКЕН

2025 жылы Түркістан облысы бойынша мемлекеттік бюджетке 1 триллион теңге салықтық түсімдер түсіп, бекітілген жоспар 101,2% орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 234 миллиард теңгеге артық. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшы орынбасары Ерлан Тұрысов мәлімдеді.

«2025 жылы 12 млрд теңгеге жуық қосымша кіріс көздері анықталып, өндірілді. Атап айтқанда камералық бақылау нәтижесінде – 5,7 млрд теңге, жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру бағытында – 3,5 млрд теңге, кедендік әкімшілендіру нәтижесінде және ҚҚС әкімшілендіру бағытында – 2,6 млрд теңге. Бұдан бөлек, өңірде көлеңкелі кәсіптердің алдын-алу мақсатында департамент тарапынан тұрақты рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, 2025 жылы кедендік бақылау нәтижесінде заңсыз есірткі заттарын алып өтудің 32 дерегі анықталды. Сондай-ақ, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 271 дерегі анықталып, сот арқылы 16,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Жалпы 25,6 тонна бензин, 37,2 тонна дизель отыны тәркіленді. Сонымен қатар, 115 мың АҚШ долларын елден заңсыз әкету бойынша 5 дерек болды. Ал, рейдтік тексеру нәтижесінде 640 салықтық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 375-сі – бақылау-касса машинасын қолданбаған, 143-і – салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, 7-і – салық төлеуші pos-терминал қолданбаған, 115-і – салық төлеуші лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқандығы анықталды. Заңсыздыққа жол берген кәсіпкерлер құқықтық жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, облыстағы 4 кеден бекеті арқылы күніне орта есеппен 40 мың жеке тұлға, 1 мыңнан астам жүк көліктері, 1500 жеңіл және 80 автобус өтеді. Сонымен қатар, департаменттің байланыс орталығына 32,5 мыңнан астам салық төлеуші жүгініп, мәселелерін заңға сәйкес қарастырып, жедел шешу жұмыстары атқарылды. Айта кететін жайт, тұрғындар «Салық төлеушінің кабинеті», «Egov.kz» электронды үкімет порталы және «E-salyq Azamat», «E-salyq Business» мобильді қосымшалары арқылы ақпарат ала алады. Басқа мәселелері бойынша кеңес беруге арналған «Telegram» әлеуметтік желісіндегі «Salyq Bot» чаты тәулік бойы жұмыс істейді» – деді спикер.

Сондай-ақ, брифинг барысында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін Қызметтер басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова еліміздегі жаңа салық кодексі туралы баяндама жасады

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл салық жүйесін реформалаудағы маңызды кезең. Жаңа жүйеге сәйкес, бірқатар жүйелі өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, сараланған салық мөлшері енгізілді, ҚҚС реформаланды, «Сән-салтанат салығы» енгізілді, арнаулы салық режимдері өзгерді, салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді. Сондай-ақ, салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарды. Биылдан бастап КТС – 20%, банк қызметі – 25%. ойын бизнесі – 25%. әлеуметтік салалар– 5%, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер – 3%. ауыл шаруашылығы кооперативтері – 6% көлемінде салық төлейді. Ал, ҚҚС мөлшерлемесі – 16%. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге – 5%. Міндетті тіркеу шегі – 10 000 АЕК құрайды. Спирттік ішімдіктер мен темекіге акциз жыл сайын 10%-ға өсіп отырады. Сондай-ақ, сән-салтанат салығы бойынша көліктер 18 000 АЕК-тен бастап салық құнының 10%, яхталар, ұшақтар 24 000 АЕК-тен бастап салық құнының 10% мөлшерінде төленеді. Бағасы 450 миллион теңге асатын жылжымайтын мүлік салығы – 2 миллион 946 мың теңге. Сонымен қатар, биыл 3 арнаулы салық режимі арқылы салық жиналады. Арнаулы салық режимінде ҚҚС бойынша ақпараттық жүйе төлеу мерзімінде салық сомасын автоматты түрде көрсетеді. Салық төлеуші оны тек растайды. Егер есептілік уақытында тапсырылмаса, декларация нөлдік деп қабылданады. Айыппұл жоқ, бірақ кейін қосымша декларация арқылы түзетуге болады. Жоспарлы тексерулер жойылды. Тәуекелдерді басқару жүйесі енді бұзушылықты анықтауға емес, алдын алуға бағытталады. Шағын және орта бизнес үшін тексеру мерзімі мен талаптарға шектеу қойылады» – деді спикер.