
Комиссия төрағасы – облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков. Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясының мүшелері – Дулат Әбіш, Инара Намазбаева, Алтынсары Үмбетәлиев, Бекжан Айтқұлов, Нұржан Жамалбеков, Жәнібек Сүлейменов, Ержан Үсентаев шекаралық кеден бекеттерін аралап, өткізу жүйесінің жұмысымен, жаңғырту барысымен және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.

Қазіргі таңда Түркістан облысының аумағында барлығы 8 кеден бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде бірқатары жаңғыртудан өтіп, заманауи техникалық құралдармен және цифрлық жүйелермен жабдықталған.
«Қазығұрт» – транзитке серпін берген қақпа. Кеден бекеті 2025 жылдың 12 желтоқсанында қайта іске қосылған. Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған уақытша комиссия мүшелері алдымен жаңғыртудан өткен аталмыш бекетте болды. Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды дәлізде орналасқан бұл нысан бүгінде өңір экономикасының тірегіне айналып отыр.
Жаңғырту нәтижесінде бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейіп, жүк көліктеріне арналған жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін артты. Заманауи сканерлеу, радиациялық бақылау және автоматтандырылған тіркеу жүйелері енгізілген.


Өткізу қабілеті тәулігіне 250 көліктен 1 000 жүк көлігіне дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2025 жылдың 11 айында экспорт көлемі 57 пайызға өсіп, бекет арқылы өткен жүк ағыны айтарлықтай артқан.
Депутаттар «Қазығұрт» кеден бекетіндегі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеу себептерін нақтылап, нысан ішіндегі анықталған олқылықтарды мердігер мекеме қайта қалпына келтіріп жатқанын жеткізді.

Қазақстанның оңтүстік қақпасына айналған «Қапланбек» кеден бекеті – адам мен көлік ағыны ең тығыз нысандардың бірі. Жаңғыртудан кейін бекет тәулігіне 50 мыңға дейін жолаушы қабылдай алатын заманауи хабқа айналды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 10 мың адамды құраған.
Түркістан облыстық мәслихатының бір топ депутаты бекетке арнайы барып, жаңғырту жұмыстарының сапасын және шекарадан өту барысын бақылады. Бүгінде барлық рәсімдер толық цифрландырылып, «Бір терезе» қағидаты енгізілген.

«– Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін шекарадан өту уақыты 5 минуттан, ал жеңіл көліктер үшін 10 минуттан аспайды. 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап қайта жұмысын бастаған бекет халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, өңірдегі туристік және экономикалық қозғалысқа тың серпін беріп отыр. Дегенмен облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге өзекті мәселелерді де басты назарға алып отырмыз. Яғни, кеден бекетіндегі ашықтық пен адамдарға қызмет көрсету сапасының жоғарғы деңгейде болуы маңызды. Сондықтан сала мамандарына бірқатар ұсыныстар да жолдадық.» — деді уақытша депутаттық комиссия төрағасы Мағауия Тұрысбеков.
«Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекеті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі. Ташкент облысындағы «Яллама» бекетімен түйісетін бұл өткел екі ел арасындағы сауда-саттық пен транзиттік тасымалдың негізгі буынына айналған.
Ауқымды реконструкциядан кейін автомобиль жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылып, бақылау-өткізу рәсімдері жеделдетілді. Қазіргі таңда бекет арқылы тәулігіне 1000-ға жуық көлік шекарадан өте алады.


Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Атамекен» кеден бекеті – жаңғырту мен цифрландырудың жарқын үлгісі. 2023 жылдан бастап енгізілген инновациялық шешімдер нәтижесінде өткізу қабілеті 300-ден 500 автокөлікке дейін артты.
Электронды кезек, автоматтандырылған рәсімдер және 6 жолақты қозғалыс жүйесі кептелістерді азайтып, шекарадан өту уақытын 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта мұнда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы мен «Атамекен – Дарбаза» теміржол желісінің іске қосылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын еселей түспек.
