Арыс қаласында қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, кәсіпкерлік нысандарының айналасын ұқыпты ұстау және қала келбетіне кері әсер ететін факторлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қала аумағында жоспарлы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Арыс қаласы әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ орталық базар аумағында кезекті бақылау жұмыстарын жүргізді. Іс-шара базар әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, сауда орындарындағы кәсіпкерлермен тазалық пен абаттандыру талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.

Аталған аумақтың қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратын орындардың бірі екені ескеріліп, мұнда санитарлық тазалықты қалыпты деңгейде ұстаудың маңызы ерекше. Сауда орындарының сыртқы келбеті, оған іргелес аумақтардың жинақылығы және белгіленген тәртіптің сақталуы қаланың жалпы көрінісіне тікелей әсер етеді.

Рейд барысында кәсіпкерлік нысандарының иелеріне өздеріне тиесілі аумақты таза әрі жинақы ұстау қажеттігі түсіндірілді. Атап айтқанда, сауда нүктелерінің маңындағы тазалықты күнделікті қамтамасыз ету, жиналған қалдықтарды уақытылы шығару және нысанның сыртқы бөлігін тиісті жағдайда ұстау мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен бірге ғимараттардың қасбетін талапқа сай күтіп ұстау жөнінде түсіндіру жүргізілді. Кәсіпкерлік нысанының сыртқы бейнесі тек оның иесінің беделіне ғана емес, бүкіл сауда аумағының көркіне әсер ететіні айтылды. Сондықтан ғимараттардың маңын ретке келтірумен қатар, қасбеттердің де ұқыпты әрі талапқа сай болуына мән беру қажеттігі ескертілді. Жұмысшы топ өкілдері кәсіпкерлерге заңсыз және жабайы саудаға жол бермеудің маңызын да түсіндірді. Сауда қызметінің белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмеуге және сауда орындарындағы қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты жазалау емес, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырып, талаптарды алдын ала орындауға жағдай жасау екені атап өтілді. Осы ретте базар әкімшілігіне де сауда орындарының санитарлық жағдайын бақылауда ұстап, кәсіпкерлермен тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда тиісті әкімшілік шаралар қолданылатыны да ескертілді. Атап айтқанда, тазалық пен абаттандыру қағидаларын сақтамау, белгіленген тәртіпке қайшы әрекеттер жасау немесе заңсыз саудаға жол беру жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Қала тазалығын қамтамасыз етуде кәсіпкерлердің үлесі айрықша. Себебі сауда орындары күн сайын жүздеген адамның келіп-кететін нысаны болғандықтан, олардың аумағындағы тазалық тұрғындардың жайлылығына тікелей ықпал етеді. Кәсіпкерлік нысанын талапқа сай ұстау – заң талабы ғана емес, тұтынушыға және қала тұрғындарына деген құрметтің көрінісі. Арыс қаласында мұндай рейдтік және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі назар кәсіпкерлік нысандары орналасқан аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыру талаптарының орындалуына және белгіленген сауда тәртібінің сақталуына бағытталатын болады.

“Таза әрі жинақы сауда орындары – қаланың жалпы келбетінің маңызды бөлігі. Сондықтан кәсіпкерлерді өз нысандарына жауапкершілікпен қарап, бекітілген аумақтардың тазалығын тұрақты қамтамасыз етуге және қолданыстағы талаптарды сақтауға шақырамыз,”- деді мамандар.