Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық елді мекендерді дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар Сайрам ауданында да нақты жобалар мен жүйелі жұмыстар арқылы жүзеге асырылуда.
Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік деңгейде белгіленген басымдықтарды аудан тұрғындарының күнделікті қажеттілігімен ұштастырып, халықтың ұсынысы мен өтінішіне нақты жауап беру. Сондықтан тұрғындармен тұрақты байланыста болып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді жергілікті жерде зерделеуге ерекше көңіл бөліп келеміз.

Бүгін М.Оразалиев ауылына арнайы барып, тұрғындармен кездестім. Бұл елді мекен тұрғындарымен алғашқы кездесуіміз емес. Бұған дейін ауыл азаматтары жеке қабылдауыма келіп, елді мекенге балалар ойын алаңшасын және спорт алаңшаларын салу жөнінде ұсыныстарын жеткізген болатын. Тұрғындардың бұл өтінішін маңызды деп санаймын. Өйткені ауылдың дамуы тек жол, жарық немесе инженерлік инфрақұрылыммен шектелмейді. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, спортпен айналысуға мүмкіндік беру, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық орта қалыптастыру да – елді мекеннің әлеуметтік дамуының маңызды бөлігі.
Қазіргі таңда аталған аумақта демеушілердің қолдауымен бірқатар әлеуметтік нысан салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, балалар ойын алаңшасы, спорт алаңшасы және шағын футбол алаңы бой көтермек. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін аса қажетті нысандардың бірі – балабақша салу мәселесі де қарастырылуда. Бұл жобалардың әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Балалар ойын алаңшасы бүлдіршіндердің қауіпсіз ортада ойнауына мүмкіндік берсе, спорттық алаңдар ауыл жастарының бұқаралық спортқа белсенді араласуына жол ашады. Ал шағын футбол алаңы жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді.

Балабақша құрылысы да ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру нысанының ауылдың өзінде болуы ата-аналар үшін үлкен қолайлылық туғызады. Сондықтан бұл мәселені де кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Осыған байланысты жауапты мамандарға аталған жобалар бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп, тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеу жөнінде нақты тапсырма бердім. Ең бастысы – нысандардың орналасу орны ауыл тұрғындарының пікірін ескере отырып анықталуы тиіс.
Менің ұстанымым – тұрғындардың ұсынысын тыңдап қана қоймай, оны нақты жұмысқа айналдыру. Себебі елді мекеннің тыныс-тіршілігін, күнделікті қажеттілігін сол жерде тұратын халықтан артық ешкім білмейді. Сондықтан әрбір әлеуметтік нысанның орналасуы, оның тұрғындарға қолжетімділігі және пайдалануға ыңғайлылығы халықпен ақылдаса отырып шешілуі қажет. Кездесу барысында ауылдың инфрақұрылымына қатысты өзге де мәселелерді тұрғындармен бірге талқыладық. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін ашық айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Әрбір мәселені жауапты сала басшылары мен мамандарға нақты тапсырмалар беру арқылы шешу жолдарын қарастырдық. Мен жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді назарға алып, олардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Әрбір мәселенің шешімі нақты жұмыс пен бақылауды қажет етеді. Сондықтан тиісті жұмыстардың орындалу барысы да назарда болады.

Мемлекет басшысы ауыл халқының әл-ауқатын арттыруды, ауылдық аумақтардың әлеуетін тиімді пайдалануды және елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңғыртуды тұрақты түрде күн тәртібіне қойып келеді. Біз бұл міндеттерді Сайрам ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тиіспіз. Ауданымызда халық санының өсуі, елді мекендердің әлеуметтік қажеттіліктерінің артуы жаңа міндеттер жүктейді. Сондықтан әрбір ауылдың жағдайын жеке зерделеп, тұрғындардың нақты сұранысына сәйкес жұмыс жүргізу – біздің басты бағыттарымыздың бірі. М.Оразалиев ауылындағы жоспарланған жобалар да осы мақсатқа бағытталған. Бұл бастамалар іске асқан жағдайда ауыл тұрғындары үшін жаңа әлеуметтік мүмкіндік қалыптасып, балалар мен жастарға арналған инфрақұрылым кеңейе түседі.

Мемлекет басшысының бастамаларының негізгі мәні де – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және өңірлердің тұрақты дамуына жол ашу. Осы бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді. Біз үшін кез келген жобаның ең басты өлшемі – оның халыққа пайдасы. Сондықтан тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жұмыс істей береміз. Ел игілігіне бағытталған әрбір бастама өз деңгейінде қолдау тауып, нақты нәтижеге айналуы тиіс.
Сайрам ауданындағы барлық елді мекеннің дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы және ауылдарда қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру – ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сәйкес әрі қарай да жүйелі түрде жалғастырамыз.