Сайрам ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары аясында халықаралық байқаушылармен жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу Сайрам ауданының аумақтық сайлау комиссиясында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының халықаралық байқаушылары Massoni Marco және Alexandra Ursula Karin-нің қатысуымен өтті. Жиынның негізгі мақсаты – сайлау науқанын өткізу барысында қалыптасқан тәжірибемен бөлісу, сайлау рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылу барысын таныстыру және халықаралық бақылаушылардың сауалдарына нақты жауап беру болды.
Кездесу барысында халықаралық байқаушылар Сайрам ауданындағы сайлау процесінің ұйымдастырылуына қатысты бірқатар бағыт бойынша ақпарат алды. Атап айтқанда, сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығы, комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығы, сайлаушыларға қажетті жағдай жасау және дауыс беру рәсімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыруына жағдай жасауға басымдық берілді. Байқаушылар сайлау күні аталған санаттағы азаматтардың учаскеге кедергісіз келуі, дауыс беру рәсіміне қатысуы және қажетті жағдайда тиісті көмек алуына байланысты ұйымдастырылып жатқан жұмыстарға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сайлау процесінің сапалы ұйымдастырылуы тікелей комиссия мүшелерінің заңнаманы дұрыс білуі мен белгіленген рәсімдерді нақты сақтауына байланысты екені айтылды. Осыған орай оқыту семинарлары мен практикалық сабақтардың маңызы талқыланды. Халықаралық байқаушылар тұрғындардың сайлау процесіне қатысу белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарға да қатысты сұрақтар қойды. Бұл ретте сайлаушыларды ақпараттандыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, дауыс беру тәртібі жөніндегі мәліметтерді қолжетімді түрде жеткізу бағытында атқарылып жатқан шаралар таныстырылды.

Кездесу кезінде сайлау комиссиясының өкілдері сайлау процесін ұйымдастырудың әрбір кезеңінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы басшылыққа алынатынын атап өтті. Сайлау комиссияларының қызметінде ашықтық, заңдылық және азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қағидаттарына ерекше мән берілетіні айтылды. Комиссия төрағасы халықаралық байқаушылар тарапынан қойылған сауалдардың барлығына нақты түсініктемелер беріп, сайлау рәсімдерінің заң талаптарына сай өткізілуіне бағытталған жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Сонымен бірге сайлау процесіне қатысты сындарлы пікірлер мен ұсыныстарды талқылауға әрдайым ашық екендігін жеткізді.

Мұндай кездесулер сайлау саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуге ғана емес, жергілікті деңгейдегі сайлау рәсімдерінің ұйымдастырылу сапасын бағалауға және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Халықаралық байқаушылардың жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін маңызды бағыттарды айқындауға ықпал етеді. Сайрам ауданындағы сайлау комиссиялары алдағы саяси науқанды белгіленген талаптарға сәйкес өткізуге дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Басты міндет – сайлаушылардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етіп, дауыс беру процесінің ұйымдасқан, ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне жағдай жасау.