Биыл «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына» 100 жыл толып отыр. 1926 жылғы 14 шілдеде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен құрылған қорық Қазақстандағы және Орталық Азиядағы алғашқы мемлекеттік табиғи қорық болып саналады. Бұл туралы өткен брифингте «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы» басшысының орынбасары Сматулла Жұманов мәлімдеді.
«Қорықтың ғасырлық мерейтойына орай табиғатты қорғау, ғылыми зерттеу және экологиялық ағарту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. «PROGREEN» бағдарламасы мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Ақсу-Жабағылы қорығының табиғаты» фотоальбомы, «Ғасырлық байлық: Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы» атты мерейтойлық кітап әзірленіп, Ақсу каньонында туристерге арналған заманауи бақылау алаңын салу жобасы іске асырылуда. Мерейтой қарсаңында «100 жылдыққа – 100 ағаш» экологиялық акциясы өткізіліп, қорықтың аумағына көшеттер отырғызылды. Аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «100 жыл» атты гүлзар жасалды. 2026 жылғы 25 қыркүйекте қорықтың 100 жылдығына арналған негізгі салтанатты іс-шаралар өтеді. Осы күні республика және шетел ғалымдарының қатысуымен «Ғасырлық тарих – Ақсу-Жабағылы қорығы» атты республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылып, қорықтың ғылыми жетістіктері, биоалуантүрлілікті сақтау тәжірибесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың болашағы талқыланады. Сондай-ақ, Ақсу құз шатқалында жаңа бақылау алаңының салтанатты ашылуы жоспарланған. Нысан экологиялық туризмді дамытуға, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи ландшафтарды тамашалауға мүмкіндік береді» – деді спикер.
Сондай-ақ, баспасөз жиыны барысында «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» күзет бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бексеитов қорық аумағындағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндады.
«Қорықтың негізгі міндеттерінің бірі – табиғи кешендерді, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, оның ішінде сирек және жойылып кету қаупі бар тіршілік иелерін табиғи қалпында сақтау. Бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік инспекторлар жыл бойы үздіксіз жүргізеді. Олар күндізгі және түнгі уақытта патрульдік бақылау жасап, браконьерліктің, заңсыз кірудің, өсімдіктер дүниесіне зиян келтірудің және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алады. 2026 жылы қорық аумағын қорғау және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 106 рейд жүргізіліп, 63 әкімшілік хаттама толтырылды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 1 751 625 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды»-деп мәлімдеді бөлім басшысы.
Қорық – Батыс Тянь-Шань тауының Талас Алатауы мен Өгем жотасының аумағын қамтиды. Жалпы жер көлемі – 131 934,3 гектар. Қорық құрамындағы «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық учаскелері ғылыми тұрғыдан ерекше маңызға ие. Ақсу-Жабағылы аумағында ұзындығы 120 шақырымға созылатын Ақсу өзені, әйгілі Ақсу каньоны, 114 мұздық және 27 тау көлі орналасқан. Қорықта құстардың 299, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қосмекенділердің 3 түрі және омыртқасыздардың 2 124-тен астам түрі мекендейді. Олардың қатарында қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, арқар және басқа да сирек кездесетін жануарлар бар. Өсімдіктер дүниесі де бай. Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1 312 түрі, оның ішінде 17 ағаш және 62 бұта түрі өседі. Сонымен қатар, мүктің 63, қынаның 63-тен астам, балдырдың 64 және саңырауқұлақтың 235 түрі тіркелген. Грейг қызғалдағы, Сиверс алмасы және Зеравшан аршасы сияқты сирек өсімдіктер табиғи жағдайда сақталған.
