ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

18 қазан – Рухани келісім күніне орай Түркістан қаласында қоғамдық бірлікті нығайтуға, конфессияаралық татулықты дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Осыған орай, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Руханият» саябағында ағаш отырғызу іс-шарасы өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, діни конфессия өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар саябақ аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Экологиялық бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамдағы бірлік пен ортақ жауапкершілікті дәріптеуге бағытталған.

Сонымен қатар осы күні Түркістан қаласындағы «Аманбай» спорттық-сауықтыру кешенінде діни конфессия өкілдері мен облыста діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаратын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық іс-шаралардың басты мақсаты – түрлі конфессия өкілдері мен мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, өзара түсіністік пен командалық рухты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған бұл бастамалар – мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, конфессияаралық татулықты бекемдеуге және қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

ТҮРКІСТАНДА «ШЕКСІЗ ӘЛЕМ – ТЕҢ ҚОҒАМ»: ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ ЖІГЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін жүйелі қарастыратын арнайы кеңес құру туралы ұсыныс айтты. Бастама «Шексіз әлем – тең қоғам» атты мерекелік іс-шарада көтеріліп, қатысушылар тарапынан жылы қабылданды.

Түркістан қаласында өткен жиын ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жетістіктерін дәріптеуге, қоғамдағы тең мүмкіндіктерді насихаттауға және әлеуметтік қолдаудың маңызын айқындауға арналды.

Іс-шарада облыс әкімі әр адамның қадір-қасиеті оның мүмкіндігімен емес, өмірге деген құштарлығымен, жігерімен және қоғамға қосқан үлесімен өлшенетінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау өңірдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.

Осы орайда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты қарастырып, өзекті мәселелерінің шешілуіне ықпал ететін арнайы кеңес құру бастамасын ұсынды. Қатысушылар бұл ұсынысты қолдап, жылы қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндік қағидаттарына сәйкес, өңірде азаматтарды оңалту және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Биыл облыста 1 553 адам оңалту шараларымен қамтылып, 18 916 азамат санаторийлік-курорттық емделуге жолданған. Сонымен қатар 6 200 адам протездік құралдармен, 1 524 адам кресло-арбалармен, 1 377 адам сурдотехникалық және 1 762 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Міндетті гигиеналық құралдар 24 206 адамға берілген.

Мерекелік бағдарлама аясында өнерпаздар мен паралимпиада чемпиондары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. «Бисұлтан би» ансамблі ұлттық биді ұсынса, «Ер Тұран» этно-фольклорлық тобы халық әндерін орындады. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова «Ақмаржан» және «Жұлдызым» әндерін шырқап, Қайрат Тұрсынбеков саксофонмен музыкалық композиция орындады. Әнші Біржан Сапарбековтің халық әндері мен паралимпиада чемпиондарының «Өмір өзен» биі де көпшілік ықыласына бөленді.

«Шексіз әлем – тең қоғам» атты басқосу әр азаматтың қоғамдағы орны мен әлеуетін бағалаудың, тең мүмкіндіктер қалыптастырудың және өзекті мәселелерді бірлесе шешудің маңызын көрсетті.

ТҮРКІСТАНДА “ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ” ЖШС-Ң БАС ДИРЕКТОРЫ ЕРЖАН БАЙТІЛЕСПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы “Фараб” әмбебап ғылым кітапханасында “Қазақ газеттері” ЖШС-ң бас директоры Ержан Байтілеспен кездесу өтті. Басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, ардагер журналист Сейдулла Садыков, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, журналист Ғалымжан Елшібай, “Түркістан медиа холдинг” ЖШС-ң бас директоры Уәли Қыдыр, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Малик Алмахан және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында мерзімді басылымның бүгінгі жай-күйі, бағыт-бағдары, ертеңі мен бүгіні сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Ержан Айтөреұлы серіктестік құрамындағы басылым беттеріндегі жаңалықтарға тоқталды. Сондай-ақ, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Басқосуға қатысушылар қазіргі дәстүрлі медианың бәсекеге қабілеттілігі, оқырман алдындағы жауапкершілігі, цифрлық дәуір кезінде оқырман тарту жолдары жайын сөз етті.

Іс-шара аясында “Фараб” кітапханасының ұйымдастыруымен “Егемен Қазақстан” газетінің 1930-1960 жылдардағы тарихи сандарынан көрме ұйымдастырылды.