Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
-Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр,-деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигетінін атап өтті.
Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын айта келе, бұл шара заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі екенін жеткізді.
Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250м (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған. Аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды күтіп ұстап, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Отырар ауданы, Ш.Қалдаяқов ауылында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи жабық спорт кешені пайдалануға берілді.
Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл спорт кешені ауыл балалары мен жастарына ғана емес, барлық тұрғындарға арналған маңызды нысан екенін атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Қолжетімді спорт нысандары – ұлт саулығының кепілі. Мұндай кешендер ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар жалғасын табады», – деді.
Іс-шара барысында Отырар аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Жамалханұлы ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту – партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортының дамуына қолдау көрсету болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашатынын айтып, ел игілігі жолындағы бастамалардың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев жаңа нысанның ашылуына атсалысқан ел азаматтарына алғысын айтып, ақ батасын берді.
Жаңа кешеннің жалпы аумағы 1474,6 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт зал, мамандандырылған жекпе-жек залдары, спорттық секциялар мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері, футбол, бокс және күрес алаңдары бар.
