«ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПРОБЛЕМАСЫН ШҰҒЫЛ ШЕШУ КЕРЕК»

Биылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елдегі энергетика саласындағы проблемаларды шешіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін баса айтқан еді. Оның сөзінше, энергиямен жабдықтау жүйесінің жұмысын жолға қою қажет. «Себебі біз электрмен жабдықтау жүйесінің жұмысында тұрақты іркілістерге тап болдық. Оған мысал ретінде жақында елдің оңтүстігіндегі электр қуатының өшірілуін айтуға болады. Біз шекаралас мемлекеттердің энергия жүйесіндегі жұмыстың сапасына ішінара тәуелдіміз. Сондықтан да елдің энергетикалық қауіпсіздігі проблемасын шұғыл шешу керек»,-деді Президент.

Сонымен қоса ол салаға жауапты тұлғалардың атом станциясының құрылысы туралы сұрақтарға жауап беруден дипломатиялық түрде бас тартатынын түсінбейтінін атап өтті. Керісінше, олар барлық сауалға жауап беріп, халық арасында дұрыс түсінік қалыптасуына ықпал етуі керек деп баса айтты. «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан да бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Оның маңызын кәсіби тұрғыдан түсіндіру керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар іс-шара қолға алынғанын атап өту керек. Мәселен, елдегі электр энергиясы тапшылығын жою үшін 2021 жылы қарашада Жамбыл ГРЭС-тің үшінші блогы, ал 2022 жылы қаңтарда төртінші энергия блогы іске қосылған еді. Бұл ГРЭС жүктемесін 330 МВт-қа ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Алайда ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, электр энергиясының тапшылығы тек арта бермек. Себебі экономиканың дамуы энергия шығындарын көбірек талап етеді. Егер жағдайды сол қалпында қалдырсақ, онда апаттар жиілеп, адамдар электр жарығынсыз қалып, экономиканың дамуы тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан да министр электр энергиясын алудың балама көзін тауып, күн санап артып келе жатқан қажеттіліктерді өтеу жөнінде ойлану керек екенін атап өткен болатын.

БАТЫЛ ШЕШІМ — ЖАРҚЫН ҚАДАМҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қазір күн тәртібіндегі атом электр стациясын салу немесе салмау мәселесі төңірегінде өтетін референдум қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстары қызып жатыр. Әрине, бұл біздің елдің болашағына қатысты елеулі мәселе екені анық. Сондықтан күнделікті тұрмыста көріп, байқап жүрген электр қуаты тапшылығының алдын алу тұрғысында АЭС салу шешімін жеке басым қолдап отырмын. Мемлекет басшысы жолдауда АЭС құрылысы бойынша референдум күнін белгіледі. Осыған байланысты атом электр стансасын қолдау жөніндегі тиісті жұмысшы топтар әр аймақта Президенттің АЭС салу туралы идеясын талқылауда. Әлемде Атом электр станциясын тұрақты энергия көзіне айналдырып отырған елдер бар екенін осы күндері ізденісімізге қарай байқап отырмыз. Мамандар мен сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл бастама Қазақстанның болашағына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін оңтайлы шешім болғалы тұр. Сондай-ақ, АЭС-тен алынатын энергия экологиялық таза әрі қауіпсіз екенін айтуда.
Елімізде АЭС-тің құрылыс жұмыстары басталатын болса кемінде 7000 адам жұмысқа тартылмақ. Ал атом электр станциясы іске қосылғанда 2000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Әрине, қоғамды алаңдататын тағы бір мәселе — АЭС жұмысындағы қауіпсіздік. Бұл ретте ғалымдар тарихтағы үлкен апаттардың бейбіт атомға қатысы жоқ екенін алға тартуда.
Осындай тағдыршешті мәселені ел болып талқыға салған тұста біз де ұжым ішінде ойымызды ортаға салып, «Түркістан» және «Сауран» газеттерінде маңызды ақпараттарды бөлісіп келеміз. Қалай десек те, бүгінгі батыл шешімдер — келешек жарқын қадамдарға жетелейтіні анық.
Осындай маңызды кезеңде барша қазақстандықтарды, жерлестерді алдағы айтулы күннен қалыс қалмай, референдумға қатысуға шақырамын!

Мәлік ДӘУЛЕТОВ — Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының м.а, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры.

АЭС САЛУДЫҢ ЕҢ НЕГІЗГІ 4 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Бүгінгі таңда Үкіметтің Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы ұсынған бастамасы маңызды оқиға болды. Бұл таңдау елдің болашағы үшін үлкен маңызға ие және оның ұзақ мерзімді экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуын анықтайды.

Ғалымдар да біздің еліміз үшін ядролық отынға негізделген жаңа энергия көздерінің қажеттілігін мойындайды. Олар АЭС салу арқылы бірқатар мәселенің шешімін табуға мүмкіндік береді дейді. Олай болса, бірқатарын тізбектеп көзсек.
Біріншіден, АЭС — сенімді энергия көзі. Атом электр станциясы бизнесті табысты дамыту үшін қажетті тұрақты және болжамды энергиямен қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе тау-кен, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі сияқты энергияны көп қажет ететін салалар үшін өте маңызды.
Екіншіден, жаңа станцияның ашылуы жаңа технологияларды дамытуға жол ашпақ. АЭС салу және пайдалану аралас салалардың дамуын ынталандыра отырып, заманауи технологияларды, инновацияларды және IT-шешімдерді енгізуге әкеп соғады.
Үшіншісі, көптеген жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізбек. АЭС шағын және орта бизнесті дамытуды, сондай-ақ экономиканың әртүрлі секторларында жаңа технологияларды енгізуді ынталандыратын көптеген жоғары білікті жұмыс орындарын құрады.
Төртіншісі және ең маңыздысы — прогрессивті болашаққа жасалар үлкен қадам. Атом энергетикасын дамыту — бұл тұрақты энергиямен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар экономикамызды әртараптандыру үшін жағдай жасау. АЭС арқасында біз шикізат ресурстарына тәуелділікті азайтып, таза энергия саласында көшбасшы бола аламыз және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз.

ТАҢДАУДЫ ХАЛЫҚ ЖАСАЙДЫ

Бәрімізге белгілі, қыркүйектің 2-сіндегі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында стратегиялық жоспарларды ортаға сала келе, «Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді.  Референдум – бұл белгілі бір мәселе бойынша халықтың тікелей дауыс беруі арқылы шешім қабылдау процесі. Оның маңыздылығы бірнеше аспектілерден тұрады:

Біріншіден, референдум халықтың тікелей басқаруға қатысуының маңызды құралы. Ол азаматтарға өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік береді, демократиялық принциптерді нығайтады. Екіншіден, референдум арқылы қабылданатын шешімдер заң шығарушы орган немесе үкімет тарапынан емес, тікелей халықтың дауысымен қабылданады. Бұл маңызды мәселелер бойынша халықтың ықпалын арттырады. Үшіншіден, референдум мемлекетте немесе аймақта қоғамдық пікірдің қандай екенін нақты көрсетеді. Ол халықтың маңызды мәселелерге қалай қарайтынын түсінуге мүмкіндік береді. Көптеген елдерде референдум маңызды құқықтық немесе конституциялық өзгерістерді қабылдаудың қажетті шарты болып табылады. Отанымыз Қазақстан да осы бағытпен келеді.

Осынау маңызды мәселеге орай республиқалық референдумді Түркістан өңірі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес дайындау және өткізуді және бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Республикалық референдумға облыс бойынша жалпы саны 6351 комиссия мүшесі тартылған. Оның ішінде 1 облыстық (7 мүше), 17 аумақтық (119 мүше) және 945 учаскелік референдум комиссиялары (6 225 мүше). Облыста жалпы 945 референдум учаскесі бар, оның ішінде 26 жабық референдум учаскесі жұмыс істейді.

Референдумға дайындық барысында жаңадан 5 референдум учаскесі ашылды және 13 учаскеніңшекараларына өзгерістер енгізілді (Сайрам – 4; Сауран – 2; Созақ – 2; Төлеби – 3; Ордабасы – 2;). Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында (газеттер) және жергілікті әкімдіктердің интернет-ресурстарында аудандық және қалалық учаскелік референдум комиссияларының құрамдары мен учаскелердің шекаралары бойынша ақпараттар толық жарияланды.

Еліміздегі елеулі оқиға қарсаңында референдум комиссияларын III деңгейлі оқыту іс-шаралары жоспарланды. Алдымен 20 – 21 тамыз күндері Түркістан қаласында барлық аудандық /қалалық/ аумақтық референдум комиссияларының төраға, орынбасар және хатшыларына (51 адам) республикалық референдум бойынша семинарлар ұйымдастырылды. Екінші деңгейде, 4 – 13 қыркүйек аралығында облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері әр аудан, қалада учаскелік референдум комиссияларының төраға, орынбасар және хатшыларына (жалпы қамтылғаны 2835 адам) заңнама талаптары бойынша семинарлар, кейстік жағдайларға байланысты тренинг сабақтар өтті. Ал, үшінші деңгейде, қалған учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін оқыту қыркүйек айының соңына дейін жоспарланған (жалпы 6351 адам). Бұдан бөлек, облыс бойынша үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдеріне және саяси партиялар мүшелеріне 24 – 27 қыркүйек аралығында арнайы семинарлар желісін өткізу қарастырылған. Осы күндерібарлық аудан, қалаларда оқыту семинарлары өтіп жатыр. Оқытуға қазірше 4000 (68%) астам адам қатысқан. Оқыту жоспарға сәйкес жалғасады.

ҚР Орталық референдум комиссиясының нұсқаулығына сәйкес облыстық референдум комиссиясының интернет-ресурсында «Референдум – 2024» бөлімі мен тиісті тармақтары ашылды. Сондай-ақ, сайтта референдумға қатысты аудио және бейне материалдар, медиа-контент пен инфографикалық ақпараттар тұрақты негізде жарияланып отыр. Облыстық комиссияның «Facebook» әлеуметтік желісіндегі аккаунты арқылы референдумға қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осындай интернет-ресурстар мен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы түсіндіру жұмыстары облыстағы барлық аудан, қалаларда іске асырылып келеді. ҚР ОРК ұсынылған эскиздік үлгіге сәйкес жергілікті тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында  ақпараттық 250 баннер орнатылды. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдардың есебінен 1316 ақпараттық материалдар халық назарына ұсынылды.

Саяси науқанға сәйкес Түркістан облысында бүгінгі күнге референдум өтетіні туралы БАҚ-да 34 447 материал жарық көрді. Атап айтқанда,  телеарналарда – 1623, интернет сайттарда – 273, баспа басылымдарында – 51, әлеуметтік желілерде – 32500 материал көрермен мен оқырмандарға жол тартты. Референдум тақырыбына қатысты облыста 5 жергілікті теледидар, 29 газет және 1 радио ақпараттандыру жұмыстарымен айналысады, 985 – «Facebook», 702 – «Instagram» парақшалары, 301 – «Telegram», 944 – «WhatsApp» чаттар мен топтар жұмыс істеуде.

Республикалық референдум күні облысымызда 427 учаскеде онлайн сервисті іске қосу жоспарланған. Әр учаскеде комиссияның 2 мүшесі бекітіледі, азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді «Электрондық үкімет» порталында тексеру мүмкіндігі беріледі. Барлық тиісті жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылады. Бүгінде барлық аудан, қалада сенім телефондары, облыста «109-бірыңғай» Call-орталық жұмыс істейді және аудан, қалаларда «Сенім телефондары» іске қосылып, жауапты адамдар бекітілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің ресми интернет ресурстарында «Өз референдум учаскеңізді табыңыз»  онлайн сервисі іске қосылды. Облыс аумағында 5 телеарнада 121 желілікте ҚР Орталық Референдум Комиссиясы ұсынған роликтер көрсетілуде.

Референдумды ұйымдастыру процесінің маңызды элементтерінің бірі референдумда дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімдері. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес 20 қыркүйектен бастап тұрғындар өз деректерінің дұрыстығын тексеру мүмкіндігіне ие болады.

Дауыс берушілер тізімін қалыптастыру алгортиміне сәйкес АИС «Сайлау» ақпараттық жүйесімен жұмыс жүргізіліп, облыстағы сайлаушылар саны 1 180 176 азаматты құрады. Дауыс берушілер тізімін өзектендіру бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс тобы құрылған. Тізімді қалыптастыру алгортиміне сәйкес өзара жедел ақпарат алмасу мүмкіндігі жолға қойылған.

Республикалық референдумға қатысуға мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін де жағдай жасалған. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны – 83 385 адам. Оның ішінде дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың саны – 13 672. Мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілер арасынан 2 464 адам кресло-арбаларды пайдаланады (749 СУ тіркелген), көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар (зағип және нашар көретін) – 7 418 (736 СУ тіркелген), есіту қабілеті бойынша мүгедектігі бар (саңырау) – 3 800 азамат (664 СУ тіркелген).

Облыс бойынша 945 референдум учаскесі толығымен «Қолжетімді орта» интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген. Жалпы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта жағдайлары жасалған. Аудандық /қалалық/ аумақтық референдум комиссияларымен 10 қыркүйектегі актіге сәйкес дауыс беруге арналған үй-жайлар орналасқан ғимараттарға кіре берісте тұтқалармен (100 %), пандустармен (100 %) толық жабдықталған.Барлық учаскеде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған азаматтардың, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланушылардың қолжетімділігін ескере отырып, жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен және мүгедектігі бар адамдар үшін бұрыштармен қамтамасыз етілген.

Бүгінгі таңда облыстық комиссия арқылы 32 қоғамдықұйым аккредиттеуден өтті, олардың барлығында референдум және сайлау процессін бақылау құқығы бар.

Қорыта айтқанда, референдум белгілі бір мәселелер бойынша қоғамдағы пікір қайшылықтарын шешу құралы ретінде де қызмет етеді. Ендеше, дауыс беруге барып, әрбір азамат еліміздің болашағына үлесін қосуы тиіс. Өз таңдауыңызды жасаңыз, қадірлі оқырман.

Аңсар УСЕРБАЕВ.

АЭС САЛУ ЕЛІМІЗДІҢ ЭНЕРГИЯ МҮМКІНДІКТІКТЕРІН АРТТЫРАТЫН ЖАҢА БАҒЫТ

АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Кейінгі кездері дамыған державалар жаңартылатын әрі баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ға жеткізді. Осыған дейін бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15%-ға дейін арттыру көзделуде. Сол себепті, АЭС құрылысының ел дамуына мультипликативті әсерін толық түсіну қажет.

Ресейлік осы саланың ғалымы Р.Алиев АЭС-тегі жағдайды авиациялық жағ­даймен салыстырып, түсі­нікті мысал көрсеткен еді. Әуе кемесіндегі орын алған апат туралы барлығы естіп-білгенмен, күнде қаншама рейс ұшырылады. Сонда да ұшақ ең қауіпсіз көлік түріне айналған. АЭС-тен бас тартқан елдерде осы мәселеге қатысты қорқыныш әлі де бар. Мысалы, Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия АЭС құрылысына тыйым сал­ған. Ал Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген стансаның жұмысын тоқтатты. Германия да атомнан бас тартты. Бірақ Ресей, Қытай, Франция, АҚШ елі әлі күнге дейін АЭС құрылысын жалғастырып, олар­ды пайдалануға ерекше ұмты­лып отыр. Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған, жаппай электр мобильге көшу мәселесі қолға алды. Елімізде баламалы энергия көздерін өндіруге ниетті. Сондықтанда бұл мәселе ел талқысына түсіп, 6 қазанда өтетін референдумда өз шешімін таппақ.

НҰРЛАН Ахметов ЭКОЛОГИЯ ҒЗИ БАСШЫСЫ

Бүгінгі таңда АЭС салу қауіпсіз емес, қайта тиімді

Қазіргі таңда әлемде 415 АЭС жұмыс істеп тұр. Тіпті, көршілес Ресейдің өзінде 36 АЭС жұмыс жасауда. Одан бөлек, тағы 8 станцияның құрылыс басталуда. Осы саланы қадағалайтын халықаралық МАГАТЭ деген ұйым бар. Ол — әрбір станциясының талапқа сай соғылуын және қауіпсіздігін бақылайды. Айта кетсек, әлемдегі алғашқы ядролық институттардың бірі біздің мемлекетімізде орналасқан. Сонымен қатар, Алматы қаласында ядро-физикалық орталық бар. Жалпы біз осы саланы игере алатын мамандардан қиналмаймыз. Қауіпсіздікке келсек, бұған дейінгі АЭС-тер +1 және +2 деңгейіндегі станциялар, ал біз елімізде 3-деңгейлі қауіпсіздік талапқа сай станция салмақпыз. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ, бастысы, энергия тапшылығын жоямыз.

Бұдан бөлек, Қазақстан 2060 жылға дейін атмосфераға шығатын көміртекті минималды деңгейде азайту бойынша халықаралық ұйымдармен келісімге қол қойды. Қазіргі таңда ел бойынша энергияның 65%-ы көмірден алынуда. Елдегі ең үлкен Теміртау, Екібастұз, Кентау ЖЭО бар. Олардан ауаға шығатын көміртек едәуір көп. Егер де елімізде АЭС салынған жағдайда ауаның ластануы азайып, станция еліміздің энергияға деген жалпы қажеттілігінің 10-12%-н қамтамасыз ете алады.

Ғани Назарбек
Эколог, қоғам белсендісі

ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛУ КЕРЕК ПЕ?

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы, әсіресе елдің оңтүстігінде сезіле бастады. Энергияны тұтыну өскен сайын алдағы бірнеше жылда жағдай нашарлауы мүмкін.

Бүкіл генерацияның шамамен 70% құрайтын көмір электр станциялары тозған күйде және оларды ауыстыру айтарлықтай инвестиция мен уақытты қажет етеді. Бұл тұрғыда атом электр станциялары сияқты жаңа өндіруші қуаттардың құрылысы энергиямен жабдықтау дағдарысының алдын алу үшін өзекті бола түсуде.
Бүгінгі таңда әлемде әр түрлі буын реакторлары құрылды: I, II, III, III+ және IV. Қазақстан референттік, яғни тексерілген және пайдалану тәжірибесі бар III немесе III + буын реакторларын салуды жоспарлауда.

Мұстафаева Ұлжалғас Әбенқызы — «Түркістан қалалық әйелдер алқасы» ҚБ төрайымы

АЭС САЛАРДА БІРНЕШЕ СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫН АЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Біз энергия дефицит кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. «Бізге АЭС керек па?»- деген сұрақтың өзі қате деп түсінемін. Бізге АЭС керек. Біздегі басты сұрақ: Атом электр станциясын қайда саламыз? Қалай саламыз? Кімдер салады?

Жалпы Қазақстанның энергетикалық картасы екіге бөлінеді. Оңтүстік пен солтүстік екі бөлек. АЭС салар кезде осы екі бөлікті байланыстыра алуды назарда ұстауымыз керек. Себебі, бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік бөлігінде энергия жетіспеушілік байқалғанымен, солтүстік өңірлерде өндіріс орындары көп. Алдағы уақытта теріскей жақтарда да энергияның жетіспеушілігі артуы мүмкін. Сол үшін де АЭС салар кезде екі бөліктің байланысын орнату маңызды сұрақ болуы керек деп есептеймін.

Амангелді Қалыбек — «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының сарапшысы

АТОМ СТАНЦИЯЛАРЫ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Бүгінгі таңда энергия алудың ең жақсы нұсқасы — Атом энергиясы. Өйткені, оның келесі артықшылықтары бар: экологиялық таза, үлкен қуат, сонымен қатар дұрыс пайдаланылған жағдайда үнемділік. Дәстүрлі жылу электр станцияларымен салыстырғанда Атом станциялары отын шығынында артықшылықтарға ие. Бұл әсіресе отын-энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етуде қиындықтар туындайтын және органикалық отын өндіру мен өндіру шығындарының тұрақты өсу тенденциясы бар аймақтарда байқалады.

Атом станциялары қоршаған ортаны құрамында мұнай өнімдері бар түтін газдары, күл, ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. Атом электр станцияларының табиғи ортаға айтарлықтай зиян келтірмейтінін растау оларды әртүрлі елдерде пайдаланудың көп жылдық тәжірибесі болып табылады. Ал зиянды әсердің болмауы атом станциясының қызмет ету мерзіміне мүлдем тәуелді емес.

Жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларын пайдаланудың орташа уақыты бүгінгі күні шамамен 30 жылды құрайды. Атом электр станцияларының сенімділігі, қауіпсіздігі және экономикалық тиімділігі атом электр станцияларының жұмыс істеу процесін қатаң реттеуге ғана емес, сонымен қатар атом электр станцияларының қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға да сүйенеді.

Жакипова Ақбаян Төлбасынқызы — Түркістан облысының «Ата аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

БЕЙБІТ АТОМНАН ҚОРҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Елімізде атом электр станциясын салу туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Кейінгі жылдары бұл мәселе бірнеше рет талқыланып, соңғы онжылдықта қайтадан күн тәртібіне шықты. Себебі сарапшылардың болжауынша, қа¬зір электр энергиясына сұ¬ра¬ныс күннен-күнге артып, 2030 жылы күрт өсуі мүмкін. Осы мақсатта, Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында АЭС салудың экономикалық және энергетикалық қажеттілігін атап өтіп, елде тұрақты және экологиялық таза энергия көзі ретінде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты. АЭС артықшылығы – электр энергиясының тұрақты көзін салу арқылы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ете алатынында. Яғни, АЭС көмір немесе табиғи газ сияқты қазбалы отындарды пайдаланбайды, атмосфераға зиянды газ шығармайды. Бір рет салынған станция ондаған жылдар бойы тұрақты түрде энергия өндіре алады. Қазақстанның уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын ескерсек, оны аз мөлшерде қолдану арқылы көп энергия алатынымыз анық. Сондықтан, бейбіт атомнан қорқудың қажеті жоқ.
Енді алда, 6 қазанда атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Әрине, бұл бүкіл халықтың, мемлекеттің өміріндегі аса маңызды стратегиялық мәселе. Сондықтан референдумға дейін атом энергетикасы саласындағы сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйене отырып, оң және теріс жақтарын таразылауымыз керек. Бұл мәселе бойынша объективті ақпарат халыққа қолжетімді болуы керек. Өйткені, атом электр стансасын салу қаншалықты қауіпсіз деген сауал әрбір саналы азаматты толғандыратыны сөзсіз. Болашаққа оптимизммен қарайтын әрқайсымыз алдағы референдумда белсенділік танытып, дұрыс таңдау жасайық.

Ғалия БИСЕЙІТ,
«Түркістан» қалалық газетінің Бас редакторы

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version