«21 ҒАСЫРДЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ТРИГГЕРЛЕРІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ДА ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттай отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық, интернет алаяқтық схемаларына қарсы иммунитет қалыптастыруды тапсырған болатын. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде өткен «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты республикалық форум аясында Жетісай ауданында да ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің үйлестіруімен, Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің және Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өтті.

Форумда қаржылық пирамидалар мен олардың түрлері заңсыз инвестициялық жобалар және дроптар және қаржылық қауіпсіздікті сақтау жолдары туралы тақырыптар қамтылып, мамандардың пікір мен кеңестері тыңдалды. Сонымен қатар, заңның үстемдігі мен әділеттілікті, құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік , «Заң және тәртіп», «Қауіпсіз қоғам» жобасы, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыру бойынша мәселелер де талқыға түсті. Жалпы басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру және қаржылық алаяқтыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Іс-шараға Жетісай аудандық полиция бөлімі Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бегманов Нұрсұлтан Бақтыбайұлы, Жетісай ауданының әкімінің орынбасары Пірімбеков Серікбай Қонысбекұлы, Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Намазов Ырысбек Беркінұлы, қаржы саласының сарапшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар ұйымдары мен волонтерлер қатысты. Спикерлер нақты мысалдармен бөлісіп, практикалық кеңестер берді.

« – Заң мен тәртіп бір-бірімен тығыз байланысты. Заңдар тәртіп орнатуға бағытталған, ал тәртіп оның орындалуына кепілдік береді. Заңдардың орындалуын қамтамасыз ету үшін тәртіптің болуы өте маңызды. Тәртіпсіз қоғамда заңдар тиімді жұмыс істей алмайды, себебі адамдар заңды қасақана бұзып, салдары ауыр болуы мүмкін. Мысалы, заңсыздық орын алған елдерде қылмыс деңгейі жоғары болады, ал бұл елдерде мемлекеттік органдардың жұмысы әлсіреп, тұрақсыздық туындайды. Сондықтан заңның қабылдануы мен оны орындау арасындағы үйлесім өте маңызды. Заң мен тәртіптің қоғамдағы рөлі зор. Олар адамдардың құқықтарын қорғап, әлеуметтік әділеттілікті орнатуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, заң мен тәртіпті сақтау қоғамның тұрақтылығын және халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартады. Қоғамдағы тәртіп бұзылған жағдайда адамдардың өзара сенімдері мен ынтымақтастығы бұзылып, арандатушылықтар мен қақтығыстар туындауы мүмкін. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтаудың маңызы зор. Заңның басты мақсаты — қоғамдық қатынастарды реттеу, адамның құқықтарын қорғау және әділеттілікті орнату. Алайда, заң тек қағазда ғана жұмыс істемейді, оның тиімділігі тек адамдар оны ұстанған жағдайда ғана көрінеді,» – деп атап өтті Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Намазов Ырысбек Беркінұлы.

Сондай-ақ форумда қаржылық пирамидалар мен алаяқтық, интернет алаяқтық схемаларына қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелері тақыланды. Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағытта тұрғындарды сақтыққа шақырды.

« – Қазіргі қоғамда цифрлық технологияның қарқынды дамуына байланысты интернет желісінде жасалатын қылмыстардың түрі де көбеюде. Әсіресе, интернет алаяқтық деректері күн сайын артып келеді. Осыған орай өңіріміздің полицейлері интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша тұрғындарға ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кездесулер де өткізіп келеді. Айта кетейік, қазіргі таңда азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстардың ең көп тараған түрі. Аталған қылмыс түрімен күресу елімізде және бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында алаяқтық қылмыстарға қарсы нақты шаралар қабылдау керек екенін атап өткен болатын. Бүгінде аймақта интернет алаяқтықтың үш түрі кеңінен таралған. Яғни, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады, интернет-дүкендердің атын жамылып алаяқтық жасайды, жалған инвестициялық жобаларға қатыстыру арқылы азаматтарды қаржысынан айырады. Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер де бар. Бүгінгі таңда, әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады.» – деді Жетісай аудандық полиция бөлімі Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бегманов Нұрсұлтан Бақтыбайұлы

Айта кетейік, бұл форум облыстағы аудан-қалалар бойынша бір мезетте ұйымдастырылған болатын. Өңірдің орталығында өткен маңызды іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қоғамда қаржылық сауаттылық мәселесі өзекті болып тұрғанына тоқталып, барша тұрғындарды заң мен тәртіпті қалыптасыру жолында белсенділік танытуға шақырған болатын.

«– Бәріңізге белгілі 23 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарынмен кеңейтілген отырыс өткізілді. Президент әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруды және құқық қорғау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Ол – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты жат көріністер тоқтайды. Облыстың барлық аудан, қалаларында  «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында қоғамдық қабылдаулар басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халықпен ашық диалог орнату. Біз қоғамда қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жүргізуіміз қажет. Заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік. Баршаңызды қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлестеріңізді қосуға шақырамын,» – деп атап өтті өңір басшысы Нұралхан Көшеров.

Жетісай ауданында өткен форум нәтижесінде қатысушылар қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті және қоғамда заңсыз қаржылық схемаларға қарсы тиімді ақпараттық иммунитет қалыптастыру қажеттігін білдірді. Сонымен қатар бұл күні Түркістан облысы аумағындағы мектеп жанындағы балалар демалыс жазғы лагерьлеріне «Заң мен тәртіп» қағидасы бойынша қаржылық сауаттылық тақырыбында дәрістер өткізіліп, вейп, қаржылық алаяқтық схемалары бойынша 4000-ға жуық лагерь демалушыларына және 500-ге жуық тәрбиешілерге үгіт-насихат жүргізілді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*