Архив рубрики: Ақпарат

«Түлкібаста техникалар оталмай жатыр»

Түлкібас ауданының әкімдігі әлеуметтік желіде хабарландыру жасады.

Құрметті Түлкібас ауданының тұрғындары!

Ауа райының қатты сууы салдарынан «Түркібасы коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-нің күл-қоқыс тасымалдайтын техникалары оталмай жатқандығын хабарлайды.
Осыған орай, күл-қоқыстарыңызды көшеге шығармай тұруларыңызды сұранамыз. Орын алған қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймыз» — делінген хабарламада.

Алайда, желі қолданушыларының арасында әкімдіктің жұмысын сынға алып, жолдың көк тайғаққа айналғанын және ауданда қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін жазғандар да болды.

Мысалы: «Түркібасы коммуналдық шаруашылығы» ЖШС-нің күл-қоқыс тасымалдайтын техникаларын қыстық қарлы-боранды, сары шұнақ аязды қыс айларына неге тамыз,қыркүйек, қазан айларында дайындамаған?!
Аудан халқынан тұрмыстық қатты қалдықтар/қоқыстар үшін жыл он екі ай алып отырған қыруар қаражатты қайда жіберген?! Ауыл-ауылдардың, аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылының көшелерінде қап-қап қоқыстарды қаңғыбас ит-мысықтар мен қарғалар тарқылап-жыртып шашуынан ластануда!
Аудан аумағындағы облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарыну, ауылдық елді-мекендердің ішкі автомобиль жолдарын қардан тазартуға арнайы техникалардың ұзын саны мен сапасын неге Н.Байғұт қадағаламайды?!
Жауапты мекеме басшыларна неге тәртіптік шаралар көрмейсің?!

«Қоқысты қай күннен қай күндер аралығында шығармау керектігін жазбайсыңдар ?»
«Түлкібасқа тұз жетпеген бе? жолдары айна болып тұр»
«Күл қоқысты алып кету үшін бірінші жолдарды дұрыстап тазалап алу керек шығар»
«Енді тағы Әкімшілікке келіп тіреледі. Ит атқыштар жұмыс істеуді қойды ма? қаңғыбас иттер көбейіп кетті» — деген пікірлер айтылуда.

 

Шетелдік көлікті заңдастыруға 213 973 теңге жұмсайсыз…

2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктер 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап заңдастырыла бастайды. Бұл туралы  Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, шетелдік көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге көлемінде мемлекеттік төлемдерді төлейді. Шетелдік көліктерді тіркеу облыс бойынша 5 мамандандырылған ХҚО-да, яғни Түркістан қаласында, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жүргізіледі.

Ал, Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбековтің айтуынша, алғашқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жылына және экологиялық класына талаптар қойылмайды.

Азаматтар шетелдік көліктерін тіркеу үшін 4 құжатты ұсынуы қажет: 1) өтініш; 2) өтініш берушінің жеке куәлігі; 3) көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі; 4) көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлікті мамандандырылған ХҚО-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін кіргізеді. Тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.

TAQ.KZ