ЖЕТІСАЙДА ИНВЕСТ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасы аясында Жетісай ауданында аумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ пен 1 га жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аталмыш аймақтардың инвесторларымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылады. Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті сала басшылары жауаптар берді.

Аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бүгінде индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары секілді 9 жобаны, өндірістік паркте құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы 1200-ге тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделуде.

«- Біздің ауданымыз егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласы дамыған аудан. Сондықтан, алдағы күндері іске қосылатын зауыттар мен өндіріс орындары шикізаттан тапшылық көрмейді деп сенеміз.Өңір басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы ауданда кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істерді жүзеге асыратын боламыз. Жетісай ауданы Түркістан облысының оңтүстік бөлігінде орналасқан, ауыл шаруашылығы мен өндірістік салалардың үйлесімді дамуына негізделген аймақ. Соңғы жылдарда аудан экономикасы қарқынды түрде өзгеріп, инвестиция тарту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Соңғы бес жылда ауданға 90,2 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, бұл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік жобалар, инфрақұрылым мен шағын өндіріс салаларын дамытуға бағытталуда. Жетісай ауданына инвестиция тарту 2030 жылға дейін 419,6 млрд теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.  Аудандағы «Жетісай» индустриалды аймағы – инвестициялық саясаттың басты драйвері. Аумағы 59 гектар жерді қамтитын бұл аймақ кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасайды, яғни инфрақұрылым, жер бөлу және әкімшілік қолдау қамтамасыз етілген. 2025 жылы индустриалды аймақта 33 млрд теңгеге 11 жоба жүзеге асырылмақ, оның нәтижесінде 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Бұл жобалар әртүрлі өндірістік бағыттарды қамтиды. Мысалы материал өндіру, өңдеу, агроөнеркәсіптік өнімдерге қызмет көрсететін кәсіпорындар және басқа да өндірістер. Қазірдің өзінде бірнеше жоба мақұлданып, құрылыс жұмыстары басталған.  Жетісай ауданының экономикалық өсімі өңірдегі жалпы өнім көлемінің артуымен байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша айтар болсақ, өңірлік өнім көлемі 184,1 млрд теңгеге жетті, бұл одан алдыңғы жылмен салыстырғанда өсу екенін көрсетеді.  Инвестициялық жобалардың іске асуы нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті тұрғындар тұрақты табысқа ие болады, ауданның өндірістік қуаты артады, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Сонымен қатар Ауыл – Ел бесігі мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 елді мекенде газдандыру, жол жөндеу, мәдениет үйлерін жаңарту сияқты жобалар іске асырылып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсаруда.  Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бойынша да үлкен әлеуетке ие. Мұнда диқандар қауын, қарбыз және басқа да дақылдарды өндіріп, өнімнің басым бөлігін Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдеріне, сонымен қатар республиканың Алматы, Астана, Шымкент қалаларына экспорттайды. Аудан шаруалары 1,2 мың гектардан екі есе өнім алу жобаларын іске асырып, тұқым және өнім сапасын арттыру бойынша шаралар қолдануда.  Жетісай аудан әкімдігі инвесторларға толық қолдау көрсетуде. Атап айтқанда жобаларды іске асыруға әкімшілік көмек көрсетіледі,бизнес бастау үшін қолайлы жағдайлар жасалған, сондай-ақ жер және инфрақұрылым бойынша жеңілдіктер беріледі. Бұл жағдайлар инвесторларды тартуға және жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді.» – деді аудан басшысы Серік Мамытов өз сөзінде.

Жетісай ауданы бүгінгі таңда қарқынды экономикалық өзгерістерді бастан өткеріп отыр. Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, индустриалды аймақтың дамуы, ауыл шаруашылығының экспортқа бағдарлануы — барлығы да ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өсімге серпін береді. Ауданның стратегиялық даму жоспары бойынша 2030 жылға дейін инвестиция көлемін едәуір ұлғайту көзделген. Бұл Жетісайды Түркістан облысының ғана емес, бүкіл Оңтүстік Қазақстан аймағының өндірістік және экономикалық әлеуеті жоғары өңіріне айналдырады.

Соңғы 30 жылда ешқандай өндіріс орны салынбаған ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыттар аудан экономикасының дамуына тың серпіліс беріп, мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттыруға, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды деп күтілуде. 2020 жылдан бері 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған ауданда бұл көрсеткіш 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*