«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партия бағдарламасында көрсетілген «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы туралы отырысы өтті. Аталмыш жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы төрағалық етіп жүргізді. Басқосуға басқарма басшылары мен «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшелері қатысты. Жобада халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретіні айтылған.
Жиында алғаш болып Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады.
— Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаға жыл басында 11,0 млрд. теңге, қосымша 8,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жалпы бөлінген 19 772 410 мың теңге қаржыға 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетіледі. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде — деді өз баяндамасында Т.Оспанов.
Сонымен қатар, «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мыңбаев Мұхит Мамытұлы жобаның жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды. Айтуынша, Түркістан облысы халқының саны 2 млн. 115 мың адамды құраса, олардың 75,5 пайызы немесе 1 млн 596 мың адам ауылда тұрады. Олардың ішінде:
— атаулы әлеуметтік көмек алушылар (аз қамтылғандары) 181,3 мың адам;
— аз қамтылған отбасылар саны 30,9 мың отбасы;
— жұмыспен қамтуды қажет ететін адам саны 93,5 мың адамды құрап отыр.
Осы орайда, ауылды жердегі халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудің бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту екендігін айтты.
Жиынға қатысушылар «Ауыл-Аманаты» жобасы халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін жоба екендігін алға тартты. Біршамасы жобаның іске асырылуы кезінде тап болатын проблемаларды да назарға алды. «Ауыл аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша мониторингтік топтың мүшесі Жандос Әзімбай аталған бағдарламалық жобаның халыққа қолжетімділігі дұрыс болуына бақылау қажет деді. Яғни, төмен пайызбен несие аламын деген азаматтарға мүмкіндік толық жасалу қажеттігін жеткізді. Жиында орта жолдан қосылып халықты алдау мен арбауға салынатын құйтырқы әрекеттерден сақ болу керектігі де айтылды.
Жиынның қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» партиялық жобасының орындалуына талдау жасау үшін ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық партия филиалына қайта жиналуға шешім қабылдады