Түркістан облысында әр жылдары мектеп бітірген түлектер ауылға, білім ордаларына және мұқтаж отбасыларға, қомақты сый жасап, туған жерлерін түлетуге атсалысуды дәстүрге айналдырған. Сол игі іс биыл да жалғасып жатыр.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ынтымағы мен бірлігі жарасқан Созақ ауылының жастары игілікті істің жаршысы болды. Аталған ауылдағы Созақ жалпы орта мектебі гимназиясынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан азаматтар ауылға кіреберіс тұстағы «Жастар» саябағының алдына биіктігі 25 метрлік «Ту тұғырын» орнатып, «Рәміздер аллеясын» тарту етті.
Мерекеге орай Созақ ауылдық округі әкімдігі мен ауыл жастарының ұйымдастыруымен аталған аллеяда Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Игі істің басы-қасында жүрген білім ордасының 2003 жылғы түлегі Ғабит Байғонысұлы егемен еліміз үшін Рәміздер күнінің мән-маңызы ерекше екенін айтады.
– «Саусақ бірікпей, ине ілікпес» деген ұлағатты сөз бар дана халқымызда. Туған жерге титімдей болса да жақсылық жасау – біздің перзенттік парызымыз. Елтаңба, Ту, Әнұран – бұл Тәуелсіздігіміздің басты символдары. Сыныптастармен ақылдаса келе, патриоттық рух сыйлайтын әрі өзіміздің артымыздан еріп келе жатқан кейінгі жастарға үлгі болсын деген ниетпен осындай тарту жасауды жөн көрдік. Алдағы уақытта да ауылдың көркейіп, гүлденуіне атсалысамыз, – дейді ол.
Ауыл тұрғындары да өскен өлкесіне құрметпен қараған түлектерге дән риза. Ауыл округінің әкімі Батырхан Аяпов түлектерге алғысын айтып, ауылдың ажарлануына жұмыла қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың ісі көпке үлгі екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, биыл білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында облыста 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер 6 баспана, 1 аллея, 1 аялдама және 1 спорт кешенін сыйға тартты.
Бөлісу