Төлеби ауданында жыл сайын жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандар мен тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп жатыр.
Аудан халқын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында Ленгірдегі І мөлтек аудан аумағынан 60 пәтерлі 9 тұрғын үй құрылыстарының сметалық құжаттары дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыруға ұсынылған. Сондай-ақ, аудан орталығындағы Базарная және Қ.Дүйсемұратұлы көшелеріне 5 қабатты 40 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құжаттарын қаржыландыру үшін салалық басқармаларға ұсынылған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Алатау» мөлтек ауданындағы 3 класстағы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілуде. Сондай-ақ, Аққұм және Киелітас ауылдық округтерінде ауылдық мәдениет үйлерін салу бойынша құрылыс жұмыстары басталып, оның ішінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Момынай елдімекенінде 146 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Киелітас елдімекенінде 146 орындық ауылдық мәдениет үйі құрылысын қаржыландыру үшін салалық басқармаларға жолданған. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бірінші Мамыр елдімекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысына Ұлттық қор есебінен 467 млн теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Көксәйек елдімекенінде жоба құны 926 млн теңге болатын спорттық сауықтыру кешенін салу үшін, жобасы тиісті салалық басқармаларға қаржыландыруға ұсынылды.
Еске сала кетсек, былтыр Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден пәтер кезегінде тұрған 60 отбасыға баспана кілттері табысталды. Баспаналар әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.
Айта кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Төлебиде бірнеше мектеп салынбақ. Ленгірде – 1500 орындық, Бірінші Мамырда – 1500 орындық, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр.
Бөлісу