Түркістан облыстық мәслихатының кезекті төртінші сессиясында Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2022 жылы атқарылған жұмыстардың есебін баяндады. Айта кетейік, бұған дейін депутаттардан құрылған тексеру комиссиясы өңірдегі жолдардың сапасын бақылау, танысу мақсатында арнайы сапарларға шыққан болатын. Тиісінше,комиссия мүшелері өңірдегі жол саласындағы жұмыстармен танысып, сессия отырысында оң бағаларын берді.
Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды.
2022 жылы облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан н/е 2 094,9 шқ. жолдар мен көшелер қамтылып, жыл қорытындысымен 645 нысан н/е 1 247,5 шқ. жол мен көше пайдалануға берілген.
Соған сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 87%-дан 92%-ға өсті.
Оның ішінде бақарманың тапсырысымен 2022 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарды жөндеуде негізгі басымдық – облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «БЕ-БҚ» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап өтсек:
Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындар тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді.
Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Бабайқорған, Қарашық және Жүйнек елді мекендерінен өтетін 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолдар жөндеу жұмыстарымен қамтылып, 2022 жылдың қорытындысымен толық пайдалануға берілді.
Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді.
Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды.
Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жолдар жөнделіп, халық игілігіне берілді.
Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді.
Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді.
Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және ортташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 1 көпір күрделі жөндеу және 4 көпір ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қамтылып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, 2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан н/е 1594,2 шқ. жолдар мен көшелер қамтылып жұмыстар жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 604 нысан н/е 1238,3 шқ. пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бөлісу