Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы әзірленді, — деп хабарлайды Таq.kz тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған құжатқа сәйкес, алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласына тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге көбейту көзделіп отыр. Қосымша саладағы жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту керек.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, АӨК негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни, 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал АӨК қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар.