Балаларға балмұздақ таратылды

Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Орталық Аппаратының ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.
Тағдырдың сынына мойымай, асқақ арманға қанат қаққан қаршадай балаларға арналған қуанышты шараға «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және қалалық мәслихат депутаты Ерғазы Медетбеков арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада сөз алған филиал төрағасы баланың қуанғанынан артық әлемде бақыт жоқ екендігін жеткізіп, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.

Бұдан кейін балалар ауылындағы бүлдіршіндерге демеушілер тарапынан тәтті балмұздақтар тарту етіліп, оларды шексіз қуанышқа бөледі. Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Әрмен қарай мерекелік дастархан жайылып, мереке иелеріне тәттілер таратылды. Іс-шараның соңында мекеме ұжымы мен тәрбиеленушілер игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Бала – бауыр етіміз. Болашағымыз. Өміріміздің жалғасы. Балдырғандарымыздың риясыз күлкісіне бөлене берейік. Мереке құтты болсын!

«AMANAT»: ЖОЛ КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Онда 5 жылға арналған облысты дамытудың Жол картасы талқыланып, бекітілді.

Саяси Кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанаты мен партияластар қатысқан мәжілістe «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы бекітілді.

Жалпы Жол картаның 4 бағыты бойынша 136 іс-шара қарастырылған. Жол картасы – бұл сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы бойынша көрсеткіштерді, мерзімін және орындаушылары көрсетілген нақты іс-қимыл жоспары.

Бағдарламада облысты дамытудағы өзекті мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, бірнеше бағытқа топтастырылған. Оны іс жүзінде тиімді іске асыру үшін арнайы Жол картасы әзірленіп, 136 іс-шарадан тұратын құжатта Сайлауалды бағдарламада аталған барлық іс-шаралар мен көрсеткіштер ескерілген және әр жылға бөлінген. Аталған Жол картасы барлық мемлекеттік органдармен келісілген, халықтың талап – тілегі ескерілген.

Жиында Жол картасын іске асыру жөнінде алда бірлесе атқарылатын жұмыстар айқындалып, күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты нақты қаулылар қабылданды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі