Архив рубрики: “AMANAT”

ТҮРКІСТАНДА «ТҰРҒЫНДАР АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ ЖОЛ АШТЫ

Түркістан қаласында жұмысын биыл бастаған «Жаңа қала» бастауыш партия ұйымы «Тұрғындар аманаты» жобасы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердегі 300-ге жуық пәтердің насос жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етті. Жоба шеңберінде «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, фракция мүшелерінің халықпен есеп беру кездесулерін көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өткізіп, бұл кездесулерге мүлік иелері бірлестіктерінің және пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты. Облыс орталығы – Түркістан қаласы мен аудан, қалаларда осы бағыттағы 38 кездесу өткізіліп, еркін мазмұнда өткен жиындарға 1867 тұрғын қатысты.

Партияның «Тұрғындар аманаты» жобасы қолға алынған қысқа уақыт ішінде облыс көлемінде 13 тақырыптық қоғамдық қабылдаулар өтіп, тұрғын үй қатынастары саласы бойынша 73 азаматтың мәселелері тыңдалды. Тұрғындар білдірген ұсыныстардың 30-ы немесе 41 пайызы оң шешімін тапса, 40 сұраныс бойынша немесе барлық өтініштердің 57 пайызына көтерілген мәселелердің құқықтық реттеу тетіктері түсіндірілді. Айтылған ұсыныстар негізінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан 22 ойын алаңшалары жөндеуден өтті.

Осы мәнде өткен кездесулердің барысында Түркістан қаласында электр энергиясының тұрақсыз берілуі мен кернеудің жиі ауытқуы салдарынан көпқабатты тұрғын үйлердегі электр насостары жиі істен шығатыны белгілі болды. Тұрғындар көтерген бұл мәселені «Жаңа қала» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Жанар Оразметова басшылыққа алып, істен шыққан су және кәріз жүйелерінің насостарын тұрғын үйлерді салған мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында қалпына келтіру жөнінде талап қойды.

«Жаңа қала» БПҰ жетекшісі Жанар Оразметова «Тұрғындар аманаты» жобасының мақсаты халықтың күнделікті тұрмыста кездесетін нақты мәселелерін назардан тыс қалдырмай, дер кезінде шешілуіне ықпал ету екенін айтты.

«- Көпқабатты тұрғын үйлердегі насос жүйелерінің жиі істен шығуы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселе екені анық байқалды. Әсіресе электр қуатының тұрақсыз берілуі мен кернеудің күрт ауытқуы салдарынан су және кәріз жүйелеріндегі электр насостары жиі жарамсыз күйге түскен. Бұл жағдай тұрғындардың орынды наразылығын туғызды. Осыған байланысты біз мәселені жан-жақты зерделеп, тұрғын үйлерді салған мердігер ұйымдарға кепілдік міндеттемелері аясында істен шыққан жабдықтарды өз қаражаты есебінен қалпына келтіру жөнінде нақты талап қойдық. Себебі кепілдік мерзімі ішінде инженерлік инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне мердігер мекемелер жауапты болуы тиіс. Бүгінде бірқатар үйлердегі насос жүйелері қалпына келтіріліп, тұрғындардың мәселесі оң шешімін тапты», – деді Жанар Оразметова.

«Тұрғындар аманаты» жобасы аясында өткен кездесулерде тұрғындардың пікірі тікелей тыңдалып, мәселе ашық айтылғанын осы шағын аудан, 11-көше, 25/1 үйдің тұрғыны Гүлжанат Жалықасымова атап өтті. «- Бұған дейін көпқабатты үйдегі су насостары жиі істен шығып, тұрғындар үлкен қиындық көрді. Кейде жоғарғы қабаттарға су көтерілмей, кәріз жүйесінде де мәселелер туындап жататын. Әсіресе кернеудің тұрақсыздығы техникаға қатты әсер етті. Бұл мәселені бірнеше рет көтергенімізбен, нақты нәтиже болмаған еді. Партия өкілдері мен жауапты азаматтар мердігер мекемелерге нақты талап қойып, насос жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастады. Қазір көптеген үйлерде жағдай тұрақталып келеді», – деді ол.

Атап өтуіміз қажет, Түркістан облысында бүгінгі таңда 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй коммуналдық меншікке алынған. Түркістан қаласының 2018 жылы облыс орталығы болып жарияланғанға дейін 142 көппәтерлі тұрғын үй болған және бұл үйлерде сервистік қызмет көрсету талаптары мүлдем болмаған. Жаңа облыс орталығында құрылыс қарқыны артып, жаңадан 357 көппәтерлі тұрғын үй салынған. Қазір бұл түрғын үйлерге 3 басқарушы компания қызмет көрсетеді.

Тұрғын үй саласындағы ашықтық пен жауапкершілік: Шымкентте «TURGYNDAR AMANATY» форумы өтті

Кейінгі жылдары елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелер қоғам талқысының өзегіне айналып отыр. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесіндегі ашықтықтың жеткіліксіздігі, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы сенім мәселесі, ортақ мүлікке жауапкершілік мәдениетінің әлсіздігі халықты алаңдататын негізгі түйткілдердің біріне айналды.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы ел аумағында тұрғындарды толғандырған мәселелерді басты назарға ала отырып, жүйелі әрі нақты шешім әзірлеуге бағытталған форум-семинар өткізуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастыру міндетін қойды. Осы тапсырма аясында «AMANAT» партиясы тұрғын үйлерді тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға және саладағы ашықтықты арттыруға бағытталған «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске асыруда.

Аталған жоба аясында Шымкент қаласында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум-семинар өтті.


Форум жұмысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері, салалық сарапшылар, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты.

Жиынды ашқан қала басшысы Ғабит Сыздықбеков форумның негізгі мақсаты тұрғын үй қорын басқару жүйесіндегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, оны жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу және алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындау екенін атап өтті.


«Бүгінде қалада азаматтарды алаңдатып отырған мәселелерді шешуге бағытталған тұрғын үй реформасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – мүлік иелері бірлестігі мен тікелей бірлескен басқару тетіктерін жетілдіру. Бұл қадам тұрғындардың өз үйіне деген жауапкершілігін арттырып, тиімді басқару мәдениетін қалыптастыруға негіз болады. Мұндағы басты мақсат – әрбір тұрғын үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру», – деді ол.


Сондай-ақ ол тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы әзірленіп, инвесторларды тарту жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл бастама аясында қаладағы апатты үйлердің орнына заманауи тұрғын үй кешендерін салу жоспарланып отырғанын жеткізді.


Жиын барысында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасының мән-маңызына тоқталып, оның аясында жүзеге асырылатын нақты бастамаларды атап өтті.
«Елімізде Президент тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қоғам үшін стратегиялық маңызға ие реформалар жүйелі жүзеге асырылуда. Себебі бүгінде азаматтарды толғандырып отырған көптеген мәселе дәл осы салаға қатысты.

Аула тазалығы, лифт жұмысы, жарықтандыру, қауіпсіздік, интернет сапасы, тұрғын үйлердің жай-күйі – мұның барлығы халықтың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін факторлар. Бұл саладағы мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан партия азаматтардың сұранысы негізінде нақты жұмыс істейтін «TURGYNDAR AMANATY» жобасын қолға алды», – деді партия Хатшысы.


Сондай-ақ Ержан Жылқыбаевтың мәлімдеуінше, партияның мәслихат депутаттары тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешуге ықпал етпек. Бұдан бөлек партия филиалы мен тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту үшін арнайы меморандум әзірленеді.


Өз кезегінде халық қалаулысы Болатбек Нажметдинұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформалар кезең-кезеңімен жетілдіріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер тұрғындардың, МИБ, ПИК және басқарушы компаниялардың нақты ұсыныстары негізінде қабылдануда.
«Біздің басты мақсатымыз – көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың ашық әрі тиімді жүйесін қалыптастыру. Тұрғындар жиналған қаражаттың қайда жұмсалатынын нақты біліп, басқару процесіне тікелей қатысуы қажет», – деді депутат.

Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкент қаласында атқарылған жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Кейінгі үш жылда өңірде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 170-тен астам жаңа нысан салынған, сондай-ақ 49 саябақ және 437 балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілген. Бұдан бөлек 71 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткен. Биыл тағы 16 көпқабатты үйді жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Іс-шара соңында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында белсенді жұмыс істеген бірқатар азамат «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті.

«AMANAT» БАСТАМАСЫ АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ КЕҢ ЖОЛ АШТЫ

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытудың нақты әрі нәтижелі тетігіне айналып отыр. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба халықтың табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасына енгізілген.

Қазығұрт ауданында бұл бағдарламаның тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденуде. Атап айтқанда, 2026 жылы аудан бойынша 131 жобаны қаржыландыруға 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Ал жалпы Түркістан облысы бойынша 2023–2025 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 30 млрд 200 млн теңге қаралып, 3790 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде 4600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Бағдарлама аясында табысты жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің бірі Рабат ауылындағы жеке кәсіпкер Насихат Шораева. Ол 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 8 млн теңге қаржы алып, 16 бас сауынды сиыр сатып алған. Қазіргі таңда оның 7 сауынды сиырынан тұрақты түрде өнім алынып, сүт жергілікті сауда орындарына өткізілуде. Кәсіпкер күніне шамамен 20 литр сүт өндіріп, одан 3 келі құрт және 3 келі май дайындайды. Өнімдері жоғары сұранысқа ие, әрқайсысы 4000 теңгеден сатылуда.
Кәсіпкер жоба тиімділігін ерекше атап өтіп, ауыл тұрғындарын осындай жобаның тиімділігін көруге шақырды.


— «AMANAT» партиясына алғысым шексіз. Ауыл халқы үшін 2,5 пайызбен несие беру үлкен қолдау. Қазіргі таңда өндірген өніміміз ауыл ішінде толық өтеді. Күн сайын тұтынушыларымыз келіп, кезекке тұрып алады. Алдағы уақытта шаруашылығымды кеңейтіп, үлкен қора салып, сиыр фермасын ашсам деген жоспарым бар», – дейді Насихат Шораева.
Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы нақты табыс көзін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, еңбекке деген ынтасын күшейтуге және ауыл экономикасын жүйелі дамытуға негіз болып отыр.

ШЫМКЕНТТЕ 3 МЫҢ АДАМНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН МАРАФОН ӨТТІ

«AMANAT» партиясы және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Shymkent Half Marathon–2026» марафоны қала өміріндегі маңызды спорттық оқиғалардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру міндеттері аясында ұйымдастырылған ауқымды шараға 3 мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары қатысты.

Іс-шараға Мұрат Жолдыхожаев, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, сондай-ақ елге танымал тұлғалар – Қайрат Түнтеков, Марат Достаев, «Миллион» жайдарман командасы, спорт саңлақтары Арман Оспанов пен Біржан Жақыпов, мәслихат депутаттары, еріктілер және қала тұрғындары белсенді түрде қатысты.

Марафонның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мұрат Жолдыхожаев бұл бастаманың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті:

«Бүгінгі марафон – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – салауатты өмір салтын ұстанатын белсенді қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында осындай бұқаралық іс-шаралардың рөлі ерекше. Қатысушылардың әрқайсысына сәттілік тілеймін, бастысы – жеңіс емес, белсенділік пен денсаулық!», – деді ол.

Жарыс бағдарламасы барлық жас ерекшеліктерін қамтыды: балалар 500 метр қашықтықта бақ сынаса, ересектер 5, 10 және 21,1 шақырым аралығында жүгірді. Қатысушылардың спорттық әлеуеті 30 жасқа дейін, 40 жасқа дейін, 50 жасқа дейін және 50 жастан жоғары санаттары бойынша бағаланды. Нәтижесінде үздік шыққан спортшылар арнайы алғыс хаттармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Марафонда ерекше көзге түскендердің бірі – 11-сынып оқушысы Рамазан Өскенәлиев. Ол 5 шақырымдық қашықтықты небәрі 17 минутта жүгіріп өтіп, қарсыластарынан оза шауып, жеңімпаз атанды.

«Өте керемет көңіл күйдемін. Бұл марафонға алдын ала тыңғылықты дайындалдым. Бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Бұған дейін де қатысқанмын, бірақ бұл – алғашқы жеңісім. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – дейді жас жеңімпаз.

Іс-шара барысында қатысушыларға барлық қажетті жағдай жасалды. Жүгірушілерге су мен жеміс-жидек таратылып, көрермендер мен қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнер жұлдыздарының өнер көрсетуі марафонның сәнін арттырып, қатысушыларға ерекше серпін берді.

Жалпы, «Shymkent Half Marathon–2026» – спорт пен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі ғана емес, қоғамды біріктіретін, белсенді өмірге ынталандыратын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

ТҮРКІСТАНДА «TURǴYNDAR AMANATY» СЕМИНАР-ФОРУМЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау бойынша тапсырма бергені белгілі. Тұрғын үй қорын дамыту және жаңарту мәселесі Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында да айтылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту мақсатындағы нақты қадамдардың бірі ретінде тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді.

2025 жылғы 15 қыркүйекте күшіне енген жаңа заңға сәйкес, тұрғын үйді басқару жүйесіне қатысты бірқатар жаңа нормалар бекітілді. Азаматтар көппәтерлі тұрғын үйдегі басқару түрін өздері таңдау құқығына ие болды. Бұл ретте пәтер иелеріне екі түрлі нұсқа ұсынылды. Мүлік иелері бірлестігі басқару түрінде бір үйдің тұрғындары ортақ мүлікті күтіп-ұстау мәселелерін шешу үшін белгілі бір адамды төраға етіп сайлайды. Ал тікелей бірлесіп басқару түрінде тұрғындар заңды тұлға сайламай-ақ, үйді басқаруға қатысты шешімдерді өздері қабылдауына болады. Аталған екі тәсіл де қарапайым серіктестік принципіне ұқсас, бірақ оған қарасты пәтер санына шектеу қойылмайды.


Тұрғын үйді басқаруға қатысты жаңа талаптар, энергетика мен инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделі бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың жетекшілігімен өткен «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасының таныстырылымы және салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Үйді басқару: жауапткершілік, сенім, нәтиже» семинар-форумында кеңінен талқыланды. Форум жұмысына «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан, Кентау қаласының әкімдері, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің, Түркістан облысы әкімдігінің салалық басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдіктерінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, тұрғын үй қатынастары саласындағы ұйымдардың жауапты қызметкерлері және мүлік иелері бірлестіктерінің жетекшілері, аумақтық партия филиалардарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүгінгі іс-шара, еліміздегі халқы ең көп шоғырланған өңір және тарихы терең Түркістан қаласы үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Бұл басқосу өңірдегі тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіруге, өзекті мәселелерді ортаға салып, тиімді шешімдер қабылдауға тың серпін береді деп сенімін жеткізді. Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқару мәселесі қоғамның өзекті тақырыптарының бірі болып отырғанына назар аударды.

«- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «AMANAT» партиясы барлық өңірлерде «TURǴYNDAR AMANATY» пилоттық бастамасын іске асыруды бастады. Жобаның басты мақсаты – тұрғын үйлерді тиімді басқару, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыру болып табылады. Бүгін біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маңызды мәселелерді талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Бүгінгі күнге, облыс аумағында 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй коммуналдық меншікте. Облыс орталығы – Түркістан қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді мүлік иелерінің басқару моделіне көшіріп, сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облыс орталығында 4 басқарушы компания мен 7 сервистік қызмет көрсету мекемелері тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп келеді. Бұл ретте «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және тиімді шешімдер қабылдау үшін маңызды мүмкіндік», – деп атап өтті Нұралхан Оралбайұлы.

Партия бастамашыл болған жобаның мақсаты мен міндеттері, артықшылықтары туралы «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев хабарлама жасап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейтін реформалар әрбір қала тұрғынының өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтты. Оның ішінде тарифтер, абаттандыру, жарықтандыру, лифтілер, интернет, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жүйелі шешімдер қабылдануына ықпал ететіні түсіндірілді.

«- «AMANAT» партиясының бастамасымен өңірлерде көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылды. Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мысалы, облыс орталығы – Түркістан қаласында жаңа шағын аудандардың іргесі қаланып, 422 тұрғын үй бой көтерді. Осы үйлерде мүлік иелерінің бірлестіктері және пәтер иелерінің кооперативтері жүйелері енгізіліп, тұрақты түрде қызмет атқарып отыр. Біз бүгін Түркістан облысында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы пилоттық жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз. «TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осыған орай біз Түркістанда бұл жұмысты жалғастырып отырмыз. Себебі, сіздер күн сайын тұрғындармен тікелей байланыста болып, олардың нақты сұраныстарын жақсы білесіздер. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кері байланыстарыңыз маңызды рөл атқарады», – деді Ержан Жұматұлы.

«AMANAT» партиясы бұл бағытта «OSI-SKILLS» форматында МИБ, ПИК төрағаларына оқыту-семинарларын ұйымдастыру, олардың жұмысын жүйелеуде қалалық кеңестер құру, депутаттардың тұрғындар алдында есеп беруін жолға қою, қала әкімдіктерімен меморандум қабылдау, «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру, халық қатысатын бюджет бағдарламасын іске асыру, үздік тұрғын үйлерді анықтау байқауларын өткізу, тұрғын үйді басқару ұйымдарының санатынан кадрлық резервті жасақтау және бастауыш партия ұйымдарын құру бастамаларын іске асыратыны хабарланды. Тұрғын үй қатынастары саласындағы мәселелердің өзекті екені айтылып, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде Түркістан облысында фронт-офис ашу тапсырылды.

Жиында қаралған мәселелер бойынша Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың хабарламасы тыңдалып, облысымыздың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен оны дамыту жолдары жан-жақты айтылды. Хабарламада Түркістан облысындағы 1877 көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруда 199 мүлік иелерінің бірлестігі және 10 пәтер иелерінің кооперативтері құрылғаны мәлімделді. Облыс көлемінде 550 тұрғын үй тікелей бірлескен басқару моделіне көшкені хабарланды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, азаматтарға қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру көзделгені жеткізілді.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Ауыл шаруашылығы саласында, инфрақұрылымды жаңғыртуда, әлеуметтік салада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

«- Мемлекет басшысының саяси тірегі ретінде «AMANAT» партиясы, барлық бастамаларды өңірлерде іске асыруға, халыққа түсіндіру және ашық талқылау жұмыстарын жүргізуге ерекше мән беріп келеді. Бұл қабылданған шешімдердің нақты нәтижеге жетуінің маңызды шарты. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Инфрақұрылымды басқарудың тиімді, ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы міндеттер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңы аясында жүйелі түрде іске асырылуда. Аталған заң 2025 жылы 15 шілдеде қабылданды, 15 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бұл өзгерістер тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ережелерді түбегейлі жаңартып, жаңа талаптар мен жауапкершілік деңгейін қалыптастырды. Бұл тек салалық реформа емес, бұл әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін жүйелі өзгеріс. Бүгінде біз тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік деңгейін күшейту және шаруашылық басқаруды жетілдіру бағытында кешенді жұмыстардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Алайда бұл бастамалар тек инфрақұрылымды жақсартумен шектелмеуі тиіс. Олар адамдардың өз ортасына деген жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін арттыруға негіз болуы маңызды», – деді Нұрсұлтан Төленұлы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев партия қолға алған жоба аясында тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі шешудің маңыздылығына тоқталды. Ол өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. «TURGYNDAR AMANATY» семинар-форумы аясында құрылған ашық диалог алаңы үшін «AMANAT» партиясына алғысын білдіріп, мұндай кездесулер саладағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылап, тиімді шешімдер қабылдауға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың хабарламаларында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын жаңарту, аулаларды абаттандыру бағытында тұрғындар тарапынан келіп түсетін өтініштердің өзегі айтылды. Тозығы жеткен үйлерді кезең-кезеңімен жөндеу, коммуналдық қызметтердің сапасын көтеру және басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттыру мәселелері туралы толыққанды ақпарат берілді.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Мейрамбек Көкенов өз хабарламасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қаржылық тәртіп пен салықтық ашықтық мәселелеріне тоқталды. Ол көпқабатты тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдардың, оның ішінде мүлік иелері бірлестіктері мен басқарушы компаниялардың қызметі заң аясында жүргізілуі тиіс екенін атап өтіп, салық міндеттемелерін уақытылы әрі толық орындаудың маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар, жиында тұрғын үйді басқару саласында қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету тұрғындардың сенімін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін айтылып, төлемдердің заңды түрде жүргізілуі, кірістер мен шығыстардың айқын көрсетілуі басқару сапасына тікелей әсер ететін фактор ретінде аталды.

Түркістан қаласындағы тұрғын үйлерді басқарушы компанияның өкілі Бақтияр Бердібаев, «Turkestan Lift» ЖШС-ның жоба жетекшісі Марат Әбдікамалұлы, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Айжан Хансейтова семинар-форум аясында ұйымдастырылған диалог алаңын ашып берген «AMANAT» партиясына алғыстарын білдірді. Олар мұндай кездесулердің кәсіби тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ашық талқылауға, тұрғындардың сұраныстарын ескеріп басқару сапасын арттыруға үлкен септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, партияның тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға бағытталған жүйелі қадамдарына ризашылықтарын білдіріп, осындай платформалар тұрақты түрде ұйымдастырылып отыруы маңызды екенін айтты.

Семинар-форум барысында оған қатысушыларға өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік жасалды. Мәжіліс сұрақ-жауап форматында жалғасып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен тұрғын үйлерді басқару саласында кездесетін нақты проблемаларды жан-жақты қарастыруға жол ашты. Жергілікті тұрғын үйлерді басқарушы компаниялардың өкілдері, МИБ төрағалары, саланың мамандары мен тәуелсіз сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, шешімдер мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиында сервистік мекемелердің қызмет тарифін қайта қарап бекіту, мүлік иелері бірлестіктеріне қатысты салық жеңілдіктері, тұрғын үй басқарушы компаниялар жетекшілерінің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау сауалдары қойылды. Арендалық тұрғын үйлерде тұратын азаматтар жалпыға бірдей тәртіп негізінде мүлік иелері бірлестіктеріне жарна төлеуі қажет екені айтылды. Тұрғын үйді басқару мәселелеріне қатысты ұсыныстар жолдауға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер сапасына қатысты заң талаптарын күшейту ұсыныстары көтерілді.

Көтерілген сауалдарға жауап берген спикерлер тұрғын үй-коммуналдық саладағы реформалардың өзектілігін ерекше атап өтті. Қатысушылар тұрғын үй қатынастары мәселесінің халық үшін қаншалықты маңызды екенін, өтініштердің көп бөлігі осы салаға қатысты екенін тілге тиек етті. Бұл диалог алаңы тұрғындардың талаптары мен ұсыныстарын тыңдауға, басқарушылар мен тұрғындар арасындағы сенім мен ашық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берді.

Атап өтуіміз қажет, Түркістан облысындағы көпқабатты тұрғын үйлер негізінен Түркістан, Арыс, Кентау, Леңгір, Жетісай, Сарыағаш қалалары мен аудан орталықтары болып табылатын ірі елді мекендерде шоғырланған. Партияның Түркістан облыстық филиалына 2025 жылы 15 687 арыз-өтініш келіп түссе, оның 6 314-і немесе барлық өтініштердің 40,2 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін құрады. 2026 жылдың І тоқсанында облыстық партия филиалы 3 310 арыз-шағымды қарастырса, оның 1 437-сі немесе барлық өтініштердің 43,4 пайызы – тұрғын үй қатынастары саласына қатысты болды.

Азаматтар тарапынан түсіп жатқан өтініштер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қатынастары мәселелерінің өңір үшін аса өзекті екенін көрсетеді. Өтініштердің басым бөлігінің дәл осы салаға тиесілі болуы – халықты толғандырған негізгі мәселелердің бірі екенін дәлелдейді. Осы тұрғыда бүгінгі ұйымдастырылған семинар-форум қатысушылар үшін мазмұнды әрі пайдалы алаңға айналып, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге, өзекті түйткілдердің тиімді шешу жолдарын қарастыруға нақты мүмкіндік берді деген сенімдеміз.

КОАЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ ОТЫРАР АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің кезекті кездесуі Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Басқосуда Ата заңда көзделген жаңашылдықтар мен оның ел дамуы үшін стратегиялық маңызы жан-жақты талқыланды.
Кездесуде жаңа Конституция жобасының негізгі мақсаты – Әділетті Қазақстан қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған құқықтық негіз қалыптастыру екені атап өтілді. Коалиция мүшесі Еркеғали Таңатаров Конституция жобасындағы бірқатар маңызды ерекшеліктерге тоқталды.
«- Жаңа Ата заңда әлеуметтік мемлекеттің рөлін күшейту және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін құқықтық нормалар бекітілетін болады. Білім, ғылым және адами капиталды дамытуға басымдық беріліп, экологияны қорғау және «Таза Қазақстан» қағидатын орнықтыру, өңірлердің теңгерімді дамуына құқықтық негіз қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ конституциялық өзерістер мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіндегі ашықтық пен қоғаммен кері байланысты күшейтуге серпін береді»- деді Еркеғали Таңатаров.


Спикерлер жаңа Ата заңның басты ұстанымы – адам мен оның әл-ауқаты мемлекет саясатының өзегіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасы елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға және болашақ ұрпақ үшін берік құқықтық негіз қалыптастыруға қызмет ететініне сенім білдірді. Жиын соңында тұрғындар алдағы референдумның маңызына тоқталып, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауда азаматтық белсенділік танытуға дайын екендіктерін жеткізді

ТӘРТІП ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ.

«Қазығұрт», «Қапланбек», «Бауыржан Қонысбаев» және «Атамекен» – бұл жай ғана кеден бекеттері емес, Қазақстан экономикасының шекарадағы стратегиялық тіректері. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кеден бекеттерінде анықталған кемшіліктерді назарға алып, 16 ақпан күні осы салаға жауапты мекеме басшыларының баяндамасын Түркістан қаласында өтетін тұрақты комиссия отырысында тыңдайтын болады. Осыған орай, аталған мәселені зерттеу және дайындау бойынша Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтің Өкімімен уақытша депутаттық комиссия құрылды.

Комиссия төрағасы – облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков. Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясының мүшелері – Дулат Әбіш, Инара Намазбаева, Алтынсары Үмбетәлиев, Бекжан Айтқұлов, Нұржан Жамалбеков, Жәнібек Сүлейменов, Ержан Үсентаев шекаралық кеден бекеттерін аралап, өткізу жүйесінің жұмысымен, жаңғырту барысымен және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерімен танысты.

 

Қазіргі таңда Түркістан облысының аумағында барлығы 8 кеден бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде бірқатары жаңғыртудан өтіп, заманауи техникалық құралдармен және цифрлық жүйелермен жабдықталған.

«Қазығұрт» – транзитке серпін берген қақпа. Кеден бекеті 2025 жылдың 12 желтоқсанында қайта іске қосылған. Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған уақытша комиссия мүшелері алдымен жаңғыртудан өткен аталмыш бекетте болды. Еуропа мен Қытайды Орта Азия арқылы жалғайтын маңызды дәлізде орналасқан бұл нысан бүгінде өңір экономикасының тірегіне айналып отыр.

Жаңғырту нәтижесінде бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейіп, жүк көліктеріне арналған жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін артты. Заманауи сканерлеу, радиациялық бақылау және автоматтандырылған тіркеу жүйелері енгізілген.

Өткізу қабілеті тәулігіне 250 көліктен 1 000 жүк көлігіне дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2025 жылдың 11 айында экспорт көлемі 57 пайызға өсіп, бекет арқылы өткен жүк ағыны айтарлықтай артқан.

Депутаттар «Қазығұрт» кеден бекетіндегі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеу себептерін нақтылап, нысан ішіндегі анықталған олқылықтарды мердігер мекеме қайта қалпына келтіріп жатқанын жеткізді.

Қазақстанның оңтүстік қақпасына айналған «Қапланбек» кеден бекеті – адам мен көлік ағыны ең тығыз нысандардың бірі. Жаңғыртудан кейін бекет тәулігіне 50 мыңға дейін жолаушы қабылдай алатын заманауи хабқа айналды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 10 мың адамды құраған.

Түркістан облыстық мәслихатының бір топ депутаты бекетке арнайы барып, жаңғырту жұмыстарының сапасын және шекарадан өту барысын бақылады. Бүгінде барлық рәсімдер толық цифрландырылып, «Бір терезе» қағидаты енгізілген.


«– Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда жеке тұлғалар үшін шекарадан өту уақыты 5 минуттан, ал жеңіл көліктер үшін 10 минуттан аспайды. 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап қайта жұмысын бастаған бекет халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, өңірдегі туристік және экономикалық қозғалысқа тың серпін беріп отыр. Дегенмен облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге өзекті мәселелерді де басты назарға алып отырмыз. Яғни, кеден бекетіндегі ашықтық пен адамдарға қызмет көрсету сапасының жоғарғы деңгейде болуы маңызды. Сондықтан сала мамандарына бірқатар ұсыныстар да жолдадық.» — деді уақытша депутаттық комиссия төрағасы Мағауия Тұрысбеков.

«Бауыржан Қонысбаев» өткізу бекеті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі. Ташкент облысындағы «Яллама» бекетімен түйісетін бұл өткел екі ел арасындағы сауда-саттық пен транзиттік тасымалдың негізгі буынына айналған.

Ауқымды реконструкциядан кейін автомобиль жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылып, бақылау-өткізу рәсімдері жеделдетілді. Қазіргі таңда бекет арқылы тәулігіне 1000-ға жуық көлік шекарадан өте алады.

Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Атамекен» кеден бекеті – жаңғырту мен цифрландырудың жарқын үлгісі. 2023 жылдан бастап енгізілген инновациялық шешімдер нәтижесінде өткізу қабілеті 300-ден 500 автокөлікке дейін артты.

Электронды кезек, автоматтандырылған рәсімдер және 6 жолақты қозғалыс жүйесі кептелістерді азайтып, шекарадан өту уақытын 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта мұнда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы мен «Атамекен – Дарбаза» теміржол желісінің іске қосылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын еселей түспек.

ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢЕС ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІН КӨРСЕТЕТІН БОЛАДЫ

Мен өз басым егемендік алғаннан бергі Конституциялық өзгерістердің бәрін саралап шықтым. Әр өзгеріс пен толықтырулардың уақыт талабына сай орны бар. 2022жылғы Конституциямызда 9 бөлім , 99 бап болса, Жаңа жобада 11 бөлім 95 бап. Менің бүгін тоқталғым келетін жаңа Конституция жобасындағы VI бөлімдегі халықтың құлағына жағымды естілген Қазақстан Халық Кеңесі деп аталатын 70-ші және 71 баптар. Құлаққа жағымды дейтін себебім, халық әркезде билікке ойын жеткізгісі келеді, мәселенің шешілуін қалайды, биліктен кері байланыс күтеді. Халық Кеңесі ұғымының ұтымды тұсы дәл осы жүрекке жетуден басталады. Жүрекке жетсе әрине көңілге үміт ұялайды, нәтижеге қол жеткізілсе халық пен билік арасында сенім орнығып, билік пен арадағы алшақтық азайады.
Енді мен аздап өткенге шолу жасағым келіп отыр. Шынтуайттап келгенде Халықтық Кеңес шетелдік тәжірибе көрсеткен тиімді институт. Францияның «Азаматтық конвенциялар» жүйесі арқылы жинақталған ұсыныстар мемлекеттік шешімдерге негіз болды, Германияда қоғаммен кеңесу-міндетті процесс болып қалыптасқан. Швеция,Норвегия, Финляндияда мемлекеттік реформалар міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтеді,ал Ұлыбританияда ірі реформа пікірталас ашық жүргізілу арқылы ұсыныстар жинақталады. Бұндай халықпен кеңесу басқару мәдениетінің бір бөлігіне айналып, халықтың сенімі мен тұрақтылықтың артуына жақсы ықпал етеді. КСРО Жоғары Кеңесінің формалды жұмыс жасағаны бәрімізге аян. Жоғарғы Кеңесте небір мықтылар болды соған қарамастан заң қабылдайтын өкілетті билік құрамына сауыншылар не болмаса завод, фабрика жұмысшылары да сайланды. Әрине, еңбек адамын қадірлеген дұрыс, алайда олардың заң нормаларын сол кездерде талқылауға ой мүмкіндігі қаншалықты жете қойды екен?! Ал, егемендік алғаннан кейінгі елімізде құрылған Жоғарғы Кеңес Егемендік декларациясын және тәуелсіздік туралы заң мен 1993 жылғы бастапқы Конституциямызды қабылдағанмен, қабылданған Конституция ескі кеңес дәуірінің сарқыншақтығынан арыла алмай тәуелсіз елдің даму сұранысына толық жауап бере алмады. Содан барып 1995 жылғы Конституциямыз қабылданды. Өмір сынап сияқты. Ел, заман сұранысы да дәл сондай көз ілеспей өзгеруде. Осыған дейін Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі 2022 жылғы 33 бапқа референдум арқылы өзгеріс енген Конституция. Ал, бүгінгі талқылап отырған жаңа Конституция жобасындағы жоғарыда айтып кеткен 70-ші баптағы Қазақстан Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Құрамы 126 адамнан құралатын Халық Кеңесі , этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттар мен қоғамдық кеңес арқылы қоғамдық ұйымдардан тұрады,ал құрамын қалыптастыру тәртібі , өкілеттілігі , қызметінің ұйымдастырылуы конституциялық заңда айқындалады, жоғарғы органы сессия болып табылады, сессия кемінде жылына бір рет шақырылатын болады. Төрағаларды Президенттің өзі тағайындайды. 71 бапқа келсек, Халықтық Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтықты нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар, Құрылтайға заң жобаларын енгізеді, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Қазақстан Халық Кеңесі халықтың сөзін ең бірінші еститін, оны билікке , заң шығарушы органға нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ашық алаң. Бұл құрылым қағаз жүзінде емес шынайы халықпен қоян-қолтық пікірлесіп өмірде жұмыс жасайтын алаң болады. Халық өз пікірінің, ұсыныстарының ескерілгенін көргенде әрине реформаны қолдайды. Келешекте Халық Кеңесі ел дамуына оң әсер ете алатын, стратегиялық шешімдердің дүниеге келуіне ықпал ететін институтқа айналады. Халық Кеңесі жөніндегі әлемдік тәжірибеге сүйенсек біз бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз, өйткені Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы берілуі құрылымның саяси үдерістерге қатысуын барынша ілгерілетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай Халық Кеңесі құзіретіне Ұлттық Құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының міндеттері өтетін болады. Халық Кеңесі жаңадан құрылатын мемлекеттік орган болады Кеңес өңірлерден түскен ұсыныстар мен пікірлерді жинақтап қана қоймай сараптап, басты бағыт басымдықтарымызды, негізгі жалпыұлттық күн тәртібіне енетін құндылықтарымыздың биліктің құлағына жеткізіп, мемлекеттік саясаттың оң қалыптасуына- ықпал етеді. Халық Кеңесі халықтың үнін естіп қана қоймай оның шешілуіне ықпалы зор құрылым болады, ал заң шығару құқығы жаңа Парламент -Құрылтайдың еншісінде қалатын болады. Жалпы айтқанда, Конституцияның жаңа жобасы бойынша Кеңестің құрылуы Қазақстанның жаңа басқару мәдениетіне қадам басқанының белгісі. Халық Кеңесі батыл нақты ой орталығына айналған тұста шын мәнінде саяси жүйе күшейе түсетін болады. Сонымен қатар, Кеңес маңызды идеологиялық құжаттарды түсіндірумен, насихаттаумен айналысатын болады. Енді тағы бір айта кететін мәселе жүйелі түрде Халық Кеңесінің жақсы жұмыс жасауы Кеңестің құрамының салмақтылығына байланысты, неғұрлым сөзі өтімді танымал тұлғалар енген сайын сапалы жұмыс болатыны сөзсіз. Менің ойымша бәріне «Сіздікі дұрыс» деушілер Кеңес мүшелігі қатарында болмауы тиіс. Кеңестің мықтылығы сапалы ойлы азаматтар құрамында болуына байланысты. Халық Кеңесі әлемдік және дәстүрлі діндер сьезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де Кеңестің құзіретіне кіреді» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Кеңес ел азаматтарынының үмітін үкілейтін билікке жеткізетін, шешімін табуға ықпал ететін құрылым, Әділетті Қазақстанды құрудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеологиясының тамызығы. ал Конституциялық реформа- саяси жүйенің жаңғыруы.

ЖАНТӨРЕЕВА КАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕҚЫЗЫ
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихат депутаты, Әйелдер қанатының облыстық жетекшісі

Конституциялық реформа – әділ қоғамға бастар жол

Ел болашағы үшін жасалып отырған ауқымды реформа халыққа әділетті жағдай жасап, мәдени-рухани дамуға жол ашып, еліміздің дамуына зор серпін берері анық.

Әрине, аталған реформаларды жүзеге асыру – жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз.

Осыған байланысты, қоғамдағы ұсыныстарды сараптап, қорытындылау  және нақты өзгерістер жобасын дайындау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссия құрылды.

Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, өңірлердің мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандармен толықтырылды.

Жалпы, Конституция нормаларының шамамен  86 пайызына өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Жаңа Конституцияның жобасы  30 қаңтарда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, барлық комиссия отырыстары ашық өткізіліп, ресми ақпарат көздерінде тікелей көрсетілімі ұйымдастырылды.

Сол комиссия отырыстарында талқыланған, жаңа өзгерістерді қысқаша түсіндіріп өтейін.


Конституция преамбуласы туралы

Конституция преамбуласы толығымен  жаңартылып, ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам ретінде ұсынылды.

Преамбулада Қазақстанның біртұтас ұлт екенін көрсету, унитарлық құрылымын және аумақтық тұтастығын сақтау, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары да ұсынылды.

Сондай-ақ, табиғатты қорғау, экологияны сақтау, мәдениет пен рухани құндылықтарды, ғылым мен білімді, инновацияларды дамытуКонституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс тапты.

 

«Құрылтай» құру туралы

Заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган «Құрылтай»болып белгіленді. 

Жұмыс тобы ұсыныстар негізінде Құрылтайда 145 депутат болуы тиісдеген шешімге келді. Депутаттарға қойылатын талаптар қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптармен теңестірілді, яғни 25 жастан асу және соңғы 10 жылда Қазақстанда тұрақты тұру қажет. Депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады, бұл Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамамен сәйкес келеді.

Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институттық рөлін күшейтеді және саяси жауапкершілікті арттырады.

Жаңа Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі 5 жылға белгіленді, бұл құрамды жаңартып отыруға және сайлау науқандарының жиілігіне тиімді.

Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі үш оқылымда жүргізілуі ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады, үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді. Заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету үшін Парламент болмаған кезде бұл функция Президентке жүктеледі.

Парламенттегі квоталар бойынша тек әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген.

Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсынысайтылды.  

Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары сот судьяларын сайлау құзыреті де Құрылтай депутаттарына беру ұсынылды.

 

Вице-президент институтын енгізу туралы

Вице-Президентті Құрылтайдың көпшілік дауысы арқылы Президент тағайындайды, ал қызметтен босатуды Президент жүзеге асырады.

Ол Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастардағы мүдделерді білдіріп, Құрылтай, Үкімет және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады, ал оның өкілеттік кезеңінде депутат болуға, басқа ақылы лауазым атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшелігіне жол берілмейді.

Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормаларды алып тастау ұсынылды.


Халық Кеңесін құру бастамасы

Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу және Конституцияда жеке бөлім ашу ұсынылды.

Ол халықтың бірлігін нығайтып, негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларынжалғастырады.

Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастыру көзделген.

Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады.


Президент туралы

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін жаңа өзгеріс бойынша Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өткізіледі.

Қолданыстағы Конституцияда сайлау нақты күнге, яғни желтоқсан айының бірінші жексенбісіне бекітілген. Мұндай норма әртүрлі объективті жағдайларды есепке алуғамүмкіндік бермейді, әрі өкілеттік мерзімінің аяқталуы мен сайлау күні арасындағы мерзімдік айырмашылықтың туындауына әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты Конституцияның 41-бабында Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғандаөткізіледі деп көзделеді.

Сайлау өткізу мерзімі мен тәртібін өзгерту Президенттің ант беру уақытына да тиісті түзетулер енгізуді талап етеді.

Осыған байланысты ант сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап, 1 ай ішінде беріледі. Бұл нормамен де нақты күнтізбелік күннен бас тартылып, ант беру күні сайлау нәтижелері жарияланған күнге байланысты айқындалады.

Президент туыстарының мемлекеттік қызметті атқаруға хақысы жоқ деген бап өзгеріссіз қалады.

Сонымен қатар, қазіргі қолданыстағы Конституциядағы «Қазақстан Республикасы – Президент басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деген норманы нақтылап, жаңа редакцияда «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару үлгісі – Президенттік республика» деп нақты жазу ұсынылды.

 

Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер туралы

Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары және Неке мен отбасы құндылықтары күшейтіледі.

Бұл дегеніміз адамның өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту болып табылады.

 

Сайлау және сайлану құқығы туралы

Ата заңға жемқорларды сайлану құқығынан айыратын норма енгізуқарастырылды.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе сот үкімімен бас бостандығынан айырылған азаматтардың сайлауға және республикалық референдумға қатысуға құқығы болмайды.

Сондай-ақ, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған, сыбайлас жемқорлық немесе құқық бұзушылық жасауда кінәсі сотта дәлелденген азаматтардың да сайлануға құқығы болмайды.

Бұл норма қоғамның талабына сай және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң талаптарды күшейтетін маңызды түзету болып саналады.

Адвокаттардың мәртебесі туралы

Ата заңға адвокаттардың мәртебесін нығайтатын нормалар енетін болады.

Қылмыстық процесте прокурормен тең дәрежедегі тарап ретіндеадвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізіліп отыр.

Бұл азаматтың құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, сот шешімінсіз ұстауға жол бермеу кепілдіктері, құқық қорғау органдарының ұсталған азаматқа сол сәттің өзінде оның құқықтарын түсіндіру міндеті секілді түйінді сұрақтар қамтылған.

 

Адам капиталы туралы

Жаңа Констиуцияның орталық идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияайқындалып отыр.

Конституцияның жаңа мәтінінде 1-бөлімнің            1-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасы – адам капиталының, білімінің, ғылымының, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды» деп жазылған.

Бұл мемлекеттік саясаттағы түбегейлі, маңызды бетбұрыс. Яғни мемлекеттің болашағы қазба байлықтарында емес, білім мен ғылым, адами капитал және азаматтардың жетістігінде дегенді білдіреді.

 

Жеке деректер мен хабарламалар құпиясы туралы

Жаңа Конституцияда жеке деректер мен хабарламалар құпиясы қорғалады.

Конституция жобасында сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне, зияткерлік меншік ұғымына қатысты ережелер ұсынылды.

Яғни, банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және байланыс құралдарындағы өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны ерекше көрсетіліп отыр.

Бұл цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін хабарламаларға да қатысты.

Жалпы, Жаңа Конституция жобасына жоғарыда аталған нормалар енгізілді.

Конституциясының алғашқы жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты.

Сонымен бірге, «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын ережелер қарастырылды.

«Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді.

Ұсынылған өзгерістердің барлығы еліміздің мемлекеттілігі мен саяси жүйесінің нығаюына үлес қосатын маңызды қадам деп ойлаймын.

Сондықтан, осындай ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру үшін баршамыз бірігіп, қолдау білдіріп, болашақ ұрпақ үшін әділ әрі өркениетті қоғам қалыптастыруға атсалысамыз деген сенімдемін.

СЕРЖАН БАЙСБАЕВ – САУРАН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

БАСПАНА – ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

«AMANAT» партиясы үшін тұрғын үй саясаты – әлеуметтік жауапкершіліктің өзегі болып табылады. Партиямыз азаматтардың тұрғын үй мәселесін әлеуметтік әділеттілік пен халықтың нақты сұранысына негіздей отырып қарастырады. Партияның Сайлауалды бағдарламасында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын азаматтардың баспаналы болуына жағдай жасау, жас отбасыларды қолдау міндеттемелері белгіленіп, олар ретімен жүйелі шешімдерін тауып келеді.

Партиямыз басымдық ретінде белгілеген тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтің Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында қарастырылды. Азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуды көздейтін тұрғын үй саясатының нақты орындалуын үйлестірген кездесуге партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов қатысты.

Мәжіліс депутаты мен партия өкілдері осы жұмыс сапары аясында Шардара қаласының 4-ші шағын ауданы аумағында салынып жатқан бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңына барып, атқарылған жұмыстармен танысты. Құрылыс жұмыстары аяқталу сатысына жақындаған нысанда жылыту жүйелерін орналастыру, ауланы тегістеп, алаңшалар мен аяқжолдардың орнын белгілеу, абаттандыруға дайындау шаралары қарқын алған.

Тұрғын үйдің дайындық деңгейі жөнінде Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев мағлұмат берді. Аудан басшысы берген ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда Шардара ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 1747 адамды құрайды. Оның ішінде 1451 азамат – әлеуметтік тұрғыда осал топтарға және көпбалалы отбасыларға жатады. Аудан әкімі осы санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуда 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 236 пәтер сатып алынып, олар азаматтарға кезек ретімен берілгенін айтты. 2026 жылы осы мақсатта 60 пәтер сатып алынатын болады. Тұрғын үй биылғы мамыр айында пайдалануға беріледі.

Құрылыс алаңында сала жетекшілерімен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу барысында Қайрат Рахымұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісі тұрғын үй саласын заңнамалық тұрғыда жетілдіруге басымдық беріп отырғанын айтты. Оның ішінде ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруға, жалдамалы тұрғын үй қорын кеңейтуге, апатты және тозған үйлерді жаңғырту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді.

«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды әлеуметтік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап отыр. Осы тапсырмаға сәйкес, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракциясы тұрғын үй құрылысын күшейтіп, халықтың нақты қажеттілігіне сай шешімдердің қабылдануына ықпал ететін заң шығару ісін жалғастыра береді», – деді Қайрат Рахымұлы.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды бағдарламада көзделген тұрғын үй құрылысы міндеттерінің уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытындағы үйлестіру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізе береді.