САУРАНДА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темірбекова Жанар Амангелдіқызы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалы төрағасы С.Асылбеков, облыстық мәслихат депутаты Б.Сүлейменов, Майдантал ауылының әкімі Ж.Досболов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ш.Алиханов, ауыл тұрғындары қатысты.
Қабылдауға келген Майдантал ауылының тұрғыны Н.Исаханов ауыл жастарына спортпен шұғылдану үшін жағдай жасалынса деген өтінішін жеткізді.
Ал сол ауылдың тұрғыны Р.Нұрпейіс ауылда талантты жастардың көптігін айта келе ауылда осы күнге дейін мәдениет үйінің жоқтығын айтып, жаңа мәдениет үйін салуға қолдау көрсетуін сұрады.Сонымен бірге ақжолтай жаңалықтың бірі ауылдағы білім ошағының қазіргі апатты жағдайын ескерген жергілікті билік өкілдері келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталатындығын жеткізген болатын. Бұл жаңалыққа бүкіл ауыл қуанып жатыр. Алайда жаңа құрылыс жұмыстары ескі мектеп орнына салынбай, басқа жерден салынса деген ұсынысын айтты. Ауылда мектеп, спорт орталығы, мәдениет үйін салу үшін арнайы жерлердің құжаттарына дейін дайын екендігін айтқан тұрғындар ары қарайғы жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлуге қолдау сұрап келгендерін тілге тиек етті.
Қабылдауға келген Бабайқорған ауылы Серт елді мекенінің тұрғындары Ш.Талипов, Р.Эрметов, М.Абдухаиров ,С
Набишевтер ауылда 120 отбасы тұрады. Су тіршілік көзі екендігін білесіз. Біздің ауылдың тұрғындары бүгінгі күні ауыз суға жарымай, көрші ауылдан тасымалдап ішіп отырғандығын жеткізді. Ауыл тұрғындарын толық ауыз сумен қамту үшін арнайы су ұңғымасын қаздыруға бюджеттен қаржы бөліп, аталған мәселені шешіп беруді өтінді.
Қабылдауға келген Шорнақ ауылы Қосмезгіл елді мекенінің тұрғындары Н.Акешов, Э.Исаевтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлердің ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына беру үшін мемлекетке қайтару жұмыстарына көңілі толмайтындығын, қазіргі таңда жайылымдық жерлердің қайтару жөнінде нақты ақпарат ала алмай жүргендігін, сондай-ақ Қосмезгіл елді мекенінде ауыз су толық қамтылмағандығын, жарық бағаналары тозығы жеткендігін, жаңадан орнатуға қолдау көрсетілсе деген сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдаған Жанар Амангелдіқызы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе қараусыз қалмайтындығын, арнайы бақылауға алынып, заң аясында қарап, қабылданған шешімдер бойынша қосымша хабарлайтындығын түсіндірді.