ДЕПУТАТ «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ҚЫЗМЕТІНЕ ТАРТУ ЖАСАДЫ

Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған халық қалаулылары А.Салимов, М.Тұрысбеков, И.Намазбаева, Ж.Сүлейменов, Ж.Әбдібаев, Н.Жамалбеков, С.Арыстанов облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысымен арнайы барып танысты. Қызметкерлерімен жүздесіп, орталықтың қызмет ету деңгейін көзбен көрді.
 
Мекеменің жұмысымен танысу барысында облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков, облыстық «Жедел жәрдем» қызметіне өкпені жасанды желдету аппаратының 5 данасын сыйға тарту етті. Жапонияның медициналық құралы арнайы көлікке орнатылатын болады. Аппарат — адамдардың тыныс алу жетіспеушілігі пайда болған кезде қажет.
— ИВЛ аппараты пандемия кезінде арнайы Жапония елінен сатып алынған. Бір аппараттың құны — 11 млнды құрайды. Бүгінде адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Соның бірі – аяқ астынан болатын жарақат түрлері. Көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте, түрлі дәрежеде жарақаттанып, «Жедел жәрдем» қызметі шақырылады. Сондықтан жалпы құны 55 млн болатын аппаратты өңірдің медицина саласының жұмысы жүйелі және халыққа қызмет көрсету сапасы жылдам әрі тапшылық болмауы үшін орталық қызметіне пайдаланғаны дұрыс,-деді М.Сексенбайұлы.
Облыстық жедел медициналық жәрдем қызметі 1 меншікті. Жедел медициналық жәрдем станциясының құрамында 6 бекет 17 бөлімше және 46 пост бар. Жедел медициналық жәрдем көрсету өңірдің 2 088 510 халқына қызмет көрсетеді. Қызметтік радиусы 100 км шақырымды құрайды екен. Түркістан облысы жедел медициналық жәрдем станциясы 142 бригадамен толыққан. Нақтырақ айтқанда дәрігерлік-34, фельдшерлік-108. Түркістан облысы бойынша санитарлық автокөліктің жалпы саны 187.
Айта кетейік, аталмыш мекеме биылғы жылы жағымды жаңалықтың куәсі болды. Аймақтың жедел медициналық жәрдем станциясына жаңа типтік ғимарат пайдалануға берілді.

«Құлбек Ергөбектің туыстары қызметтік міндеттерін орындамаса да жалақы алып келген»

Бұл туралы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекова фейсбук әлеуметтік желісінде жазды, — деп хабарлайды TAQ.KZ сайтының тілшісі.

Ректордың мәлімдемесінде  Бейсембай Кенжебайұлының музейінде талап пен тәртіпке сай келмейтін әрекеттер анықталғаны, оның ішінде музейде Құлбек Ергөбектің туыс және таныс адамдары жұмысқа кіріп, қызметтік міндеттерін орындамаса да жалақы алып келгені айтылған.
Ректор Жанар Темірбекованың  ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Құлбек Ергөбекке арнап жазған жазбасының толық нұсқасын ұсынамыз…
«Бүгін әлеуметтік медиа арқылы менің атыма елімізге танымал ғалым, Құлбек Ергөбек мырзадан ашық хат келіпті. Әрине, біз ашық болудан қашпаймыз, керісінше, тараптар арасындағы келіспеушіліктерде кімнің ұстанымдары мен әрекеттері заң мен этикаға сай екенін көрсету дұрыс деп есептейміз.
Университет тарих қойнауындағы естеліктерді жаңғыртып, жәдігерлерді ұрпақтан ұрпаққа қаз қалпында жеткізуге әрдайым мән берген. Оған оқу орнымызда орналасқан музейлер мен көрмелер дәлел бола алады.
Міне, сондай музейлердің бірі – танымал түрколог ғалым Бейсембай Кенжебайұлы атындағы музей болған. Неге болған? Жалпы, мұражай, музей деген дүние – құнды, тарихи заттарды тізіп қоятын қойма ма? Әрине, жоқ! Музей – көненің көзі, тарихтың өзі, жас ұрпақ баста қоғамымызға тәлім-тәрбиені бекітіп, ұлттық жадымызды жаңғыртатын орталық. Өткен уақыт пен кезеңді жан дүниеңмен сездіретін мәдени кеңістік.
Алайда, Бейсембай Кенжебайұлының музейін алғаш көруге барғанда, жан тыныштығы орнаудың орнына, бойымда ғимараттың ахуалына деген аяныш сезімі оянды. Расымен, жалпы жағдайын қарау аянышты болды. Ғимараттардың тозығы жеткені өз алдына, экспонаттар қараусыз қалып, ішкі және сыртқы жағдайы көңіл толтыратындай дәрежеде емес еді. Ол жерге «осындай музейіміз бар» деп студенттерді де, қонақтарымызды да алып бару, көрсетудің өзі университетіміздің де, музейдің де сол кездегі директоры Құлбек Ергөбектің беделіне ақау түсірер еді. Ашық хат иесінің өзі жариялаған суреттерден де музейдің жағдайын бағамдай берсеңіздер болады.
Сондықтан, осыдан бір жарым жыл бұрын ағайды шақырып, Бейсембай Кенжебайұлы сынды Түріктану ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның атындағы музей де дәрежеге сай болуы керек екенін айттым. Сондықтан біз Түркия тарапынан жаңадан салынатын Түркология ғылыми зерттеу институты мен Теология факультетінің ғимаратынан Бейсембай Кенжебайұлының музейіне арнайы орын береміз деп шешім қабылдағанымызды жеткіздім. Жаңа ғимаратта, заман талабына сай, жаңа экспонаттар жасайық деп ұсыныс айтқан едім ғой. Бұл шешімімізді сол кездегі музей директоры Құлбек Ергөбек ағай өзіңіз қолдап, қуанған едіңіз. Себебі музейдегі экспонаттардың дизайны мен концепциясы, жоғарыда атап өткендей сын көтермейтін жағдайда еді, оны осы постқа салған суреттерден де байқап отырған шығарсыз.
Музейге қатысты жалпы жағдай осындай кейіпте болды. Енді, әңгіменің түп-төркініне өтіп, анық-қанығын айтайық.
Ахмет Ясауи университетіне ректор лауазымына келгеннен кейін университетте трансформация жүргізу жұмыстарын талқылай бастадық. Міне, сол кезде университеттің қызметкерлері, ОПҚ құрамы және ардагер ұстаздармен сөйлесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған болатынбыз. Осындай сұхбаттар кезінде «Университетке келмей, айлық алып отырған адамдар бар» деген наразылықты көп естідік. Біз бірден тексерісті бастадық. Тексеріс барысында бір шама кемшілік ортаға шықты, соның ішінде Бейсембай Кенжебайұлының музейінде талап пен тәртіпке сай келмейтін әрекеттер анықталды.
Оның біріншісі – музейде Құлбек Ергөбектің туыс және таныс адамдары жұмысқа кіріп, қызметтік міндеттерін орындамаса да жалақы алып келген.
Атап айтқанда;
Құлбек Ергөбек Сәрсенұлы – Б.Кенжебайұлы Түріктану музейінің директоры;
Досыбаева Айткуль – аға ғылыми қызметкері (Құлбек Ергөбектің екінші жұбайы деп естідім, кімі екені өзі айтсын);
Сәрсен Жанар – музей қызметкері (Құлбек Ергөбектің туысқан қарындасы);
Садыкова Урила – еден жуушы (Құлбек Ергөбектің туысқан қарындасы Сарсен Жанардың анасы).
Екіншіден – университеттің Ішкі қауіпсіздік және басқа бөлім қызметкерлері жүргізген тексерістерде аталған төрт қызметкер жұмысқа белгісіз себептермен бір ай бойы келмегені және музей үнемі жабық тұрғаны дәлелденді. АКТ түзілгеннен кейін ғана Құлбек Ергөбек ағай келіп, өзінің уәжін айтты. Негізі мұндай жағдайда арнайы бұйрықпен жұмыстан шығаруымыз керек еді. Бірақ Құлбек Ергөбек ағайдың университетіміз бен Түркістан қаласына сіңірген еңбегін ескере отырып, ардагер ұстазымыз ретінде сыйлап, «өз еркіммен жұмыстан кетейін» деген өтінішін қабылдадық. Осылайша, 4 қызметкер де 2022 жылғы 1 наурызда жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, босатылды.
Құлбек Ергөбек ағай жұмыстан кеткен кезде жауапкершілігіндегі заттарды өткізіп-қабылдау АКТ-ін жасадық. Бұл процесс жарты жылдай ұзақ уақыт алды. Себебі, заттардың тозығы жеткені соншалық, оны ешкім жауапкершілігіне алғысы да келмеді. Бірақ, жағдай талап еткен соң, ақыр соңында 2022 жылы 3 қазанда музейде тұрған экспонаттарды өткізу-қабылдау актісі жасалды.
Жұмыстан босатқан соң, Құлбек Ергөбек ағай тағы бір өтініш жасады. Жаңа жоба үшін келісім-шартқа қол қойдық. 2022 жылы 11 қазанда Қ.Ергөбекпен және А.Досыбаевамен екі бөлек қызмет көрсету туралы келісім-шарттар жасалды. Аталған келісім-шарттар бойынша «Бейсенбай Кенжебайұлының 10 томдық шығармалар жинағын» өндіріске дайындау бойынша университетке қызмет көрсету көзделген болатын. Бірақ жұмыстың орындалуы туралы есепті әлі күнге ала алмай отырмыз. «Дайын боп қалды» деген сылтаумен қаншама ай өтті. Тиісінше, қазір біз жұмыс беруші тарап ретінде «Жұмысты өткізіңіз немесе ақшаны қайтарыңыз» деген талап қойып отырмыз. Себебі, осы жылдың маусым айында тапсырылуы тиіс жұмыс әлі өткізілген жоқ.
Бұл жерде айтып кететін тағы бір мәселе бар. Музей ғимараты орналасқан жер учаскесіне де қатысты көп сұрақ туындады. Бұл жер учаскесі университет құрылған кезден бастап университетке тиесілі еді. Алайда, осы ғимаратқа күрделі жөндеу жасау процедурасын бастағанымызда жер учаскесінің құжаттары жоқ болып шықты. КІМ, ҚАЛАЙ, ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАНДАЙ НИЕТПЕН «ЖОҒАЛТҚАНЫ» БЕЙМӘЛІМ…
Осы жағдай анықталғаннан кейін музей ғимараты тұрған жер учаскесінің Университет атына қайта тіркелуі үшін жұмыс істедік. ҚАЗІРГІ ТАҢДА ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ҚАУЛЫСЫМЕН АТАЛҒАН ЖЕР ТЕЛІМІ УНИВЕРСИТЕТКЕ ТҰРАҚТЫ ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫМЕН БЕРІЛДІ.
Сонда алып-қашпа әңгімелерді де естідік. «Музей басшысы бұған дейін өзіне алып алған ғимараттары секілді, мұны да алып қалғысы кеп жүр» деген қауесет те құлағымызға жетті. Бірақ бұл әңгімеге онша мән берген жоқпын. Өйткені менен бұрын болған оқиғаларға жауапты емеспін. Ең бастысы, қазір музейдің бүкіл құжаттары реттеліп, университет меншігіне алдық.
Осы жерде бір сұрақ туындайды. АШЫҚ ХАТТЫ ЖАЗУЫҢЫЗҒА НАҚТЫ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ? МУЗЕЙДІ КӨШІРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМГЕ ӨЗІҢІЗ ДЕ КЕЛІСІМ БЕРГЕНІҢІЗДІ ҰМЫТЫП ҚАЛДЫҢЫЗ БА? ӘЛДЕ ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ СІЗДЕН СҰРАП ОТЫРҒАН ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕСЕБІ МЕ? ӘЛДЕ ҚАЗІРГІ ТАҢДА УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ПРОФЕССОРЫ БОЛМАҒАНЫҢЫЗ ҮШІН МЕРЕЙТОЙЫҢЫЗДЫ ӨТКІЗІП БЕРМЕГЕНІМІЗ ҮШІН БЕ? (сондай өтінішпен келген едіңіз ғой). НЕМЕСЕ «ТІСТЕГЕННІҢ АУЗЫНДА, ҰСТАҒАННЫҢ ҚОЛЫНДА» КЕТПЕСІН ДЕП, МУЗЕЙДІ УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ МЕНШІГІНЕ ЗАҢДЫ ТҮРДЕ ҚАЙТА ҚОСЫП АЛҒАНЫМЫЗ ҮШІН БЕ? Қай жағдайда да мұның ұят тірлік екенін көңіліңіз сезіп отырғаны анық.
Кезінде «Бейсембай Кенжебайұлының Түріктану музейі» болған ғимарат неліктен сол күйі қараусыз тұр?
Өйткені жоғарыда да айтып өткенімдей, бұл жер учаскесі Университет атына тіркелмегені анықталды. Тіркеуден енді өтті. Тіркеуден өтпей қалған жағдайда университет жасаған жөндеу жұмыстары университет қаржысы тұрғысынан «текке» кетер еді. Құдайға шүкір, бұл ғимаратты университетімізге тіркеп, құтқарып қалдық. 2024 жылы бұл ғимаратқа жөндеу жұмыстары өткізу жоспарға алынды.
Жалпы, университетіміз түрік халықтарының және Қазақстанның тарихына, елдігімізге үлес қосқан іс-шараларға белсенді қатысып, үздіксіз қолдау көрсетеді және бұл дәстүр бұзылмайды. Мәселен, университетімізде «Түрік дүниесі тарихи панорамалық мұражайы», «Яссауи мұражайы», «Хандар мен Батырларымыздың үлкен галереясы» бар. Ал сол галереяға қосымша, биыл жазда «XVI-XIX ғасырлардағы Еуропалық және Америкалық карталардағы қазақ мемлекеті» атты галереяны аштық. Бұл – Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай жасалған сый болатын. Галерея Түркі жұртының ортақ рухани астанасы атанған Түркістанның карта беттерінде, өзге елдердің тарихи мұрағатында сызбалармен сақталғанын айқын көрсетіп тұр. Мұның бәрі тарихымызға құрмет, болашақ ұрпақтың санасына ұлтты сүю мен отанды сүюді сіңіру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Мұнымен, тоқтамаймыз, мәдениетіміз бен өркениетіміздің өрісін кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жалғастыра береміз.
P.S. «Көргенсіздің баласы бопты, жақсы көрем деп өлтіріп алыпты» деген мағынаға келетін Түрік мақалы бар. Бейсембай Кенжебайұлын ғылыми зерттеулеріңіз арқылы дәріптегендей, музейін де өте жақсы басқарып, Түркістан халқы мен қонақтарына керемет қызмет етер мүмкіндігіңіз болды. Алайда сіз ол музейді көркейтудің орнына жұмысқа мүлдем келмеген өз туған-туыстарыңызға жем қылдыңыз. Өз зерттеулеріне адал болмаған адам қаншалықты көреген? Маған айтқан көргенсіз сөзіңізді өзіңізге қайтардым.
Азғантай арыңыз болса «шырылдап» отырған тақырыбыңызға үлкен үлес қосар еңбегіңізді жазып, университетке тапсырыңыз! Өтірік ғылымның қас жауы! Ғалым болсаңыз жалған ақпарат таратпай, өтірік айтпай, мойныңызға алған жауапкершілікті орындап, жазамын деген кітаптарды өткізіңіз», — дейді Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекова