Ауыл белсенділерімен тығыз байланыс орнату қажет

Ауыл аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен нысандар жергілікті халықтың игілігі үшін салынады. Яғни, оның сапасы сол тұрғындар үшін маңызды.
Түркістан облыстық мәслихатың депутаты Төрегелді Қалмұратов Сайрам ауданының халқымен кездесуде осылай деп мәлімдеді.
Халық қалаулысы өз сөзінде, ауылдың белсенділері мен елдімекендердің тұрғындарын барлық бақылау жұмыстарына қатыстыру керек екенін айтты.


“Президент айтқандай, Әділетті Қазақстан құру бастамасын шын мәнінде жүзеге асыру үшін, билік өкілдері де ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Әрбір жобаға қоғамның бақылауын, ауыл белсенділерінің қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс. Ауыл әкімі бір бөлек, ауыл биі мен тұрғындар бір бөлек болмауы тиіс. Дауласудың басты себептері де осындайдан басталады” — деді халық қалаулысы Төрегелді Қалмұратов

Айта кетейік, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары халықпен кездеулер өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп жатыр. Сонымен қатар, аудан-қала тұрғындарына алдағы жоспарларды баяндауда. Кезекті кездесуде мандат иелері Сұлтан Көшенов, Бекжан Айтқұлов, Сайдірасулхан Ералиев, Нұржан Жамалбеков және Төрегелді Қалмұратов Сайрам ауданының халқымен есеп беру кездесуін өткізді. Халық қалаулылары Сайрамның қордаланған мәселелеріне мән беріп, проблемаларын тыңдады.

Бірінші сөз Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Сұлтан Бахытұлы Көшеновке беріледі. Облыстық мәслихаттың кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, жиынға қатысушыларға облыстық мәслихатының 2023 жылы атқарылған жұмыстары бойынша есебін баяндады.

Баяндамадан кейін қатысушылар сұрақ-жауап, ұсыныс-пікір білдірді. Нақтырақ айтқанда, Қарақұрт ауылында қоқыс полигоны, Жібек жолы ауылында интернет жүйесінің жоқтығы және Ақдала ауылында СВА салу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, Сайрам ауданына қарасты жолдарды жөндеу және жарық орнату бойынша да тұрғындар шағым білдірді. Жалпы бұл күні ауданның инфрақұрылым, интернет және ауыз су мәселесін айтып келушілер қатары көп болды.

Жиын соңында депутаттар айтылған барлық ұсыныстарды назарға алатындарын айтып, алдағы уақытта арнайы комиссия құрып проблемасы бар елді мекендерге бару керек деп келісті.
Айта кетейік, есеп беру кездесуден кейін депутаттар тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады.

СОЗАҚ: Депутаттарға тұрғындар алғысын білдірді

Созақ ауданында жалпы өнеркәсіп көлемі жыл санап артып келеді. Тиісінше кәсіпорындардың ашылуы, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, ауылдардың әлеуетін арттыруға септігін тигізуде. Одан бөлек республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттарға халықтың игілігіне қажетті нысандар салынып жатыр. Ал, осындай жобалардың жүзеге асуына Созақ ауданынан облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланған депутаттар Мағауия Тұрысбеков пен Бегімбет Байғараев ықпал жасауда. Елдің сенімі мен үмітін арқалаған халық қалаулылары аудандағы өзекті мәселелердің шешімін қарастыру бағытында билікке бұқараның талап-тілегін жеткізіп, оның орындалуын басты назарға алып жүр.

Міне, осындай істердің есебін беру үшін қос депутат Созақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы және 2024 жылдың жоспарлары бойынша баяндап берді.

Қазіргі таңда, Түркістан облысы бюджетінің жалпы көлемі 1 триллион 353 миллиард құрайды. Ал,  Созақ ауданына 2024 жылы 21 нысанға 6 миллиард 808 миллион теңге бөлінген. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артық. Яғни, депутаттардың ықпалымен Созақ ауданына өткен жылдан да көп қаржы қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, халық қалаулысы Мағауия Тұрысбеков Созақ ауданына 5 жаңа тракторды тарту етті. Мандат иесі бұл тартуын сайлаушылармен кездесу барысында мәлімдеді.

“Бүгінде облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы өңірдегі тазалық, абаттандыру жұмыстарына баса көңіл бөліп отыр. Бұл халық үшін өте маңызды. Себебі барлық тірлік тазалықтан басталады. Сондықтан , аталған тракторлар аудан тазалығы мен өзге де қажетті салаларға қызмет ететін болады”,-деді Мағауия Сексенбайұлы.

Қайырымдылық — асыл қасиет.  Мағауия Тұрысбеков өткен жылы аудандағы бір отбасыға демеушілік жасап, баспана салып берген болатын. Бұл игі үрдісті халық қалаулысы биыл да жалғастырмақ ниетте екен.

Жиын соңында қос депутат тұрғындардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан көтерілген елді мекендердің мәселелері, депутаттар тарапынан назарға алынды. Жалпы, аудан халқы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.