ТҮРКІСТАНДА НОТАРИАТТЫҚ ПАЛАТА МЕН АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ ҒИМАРАТЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Түркістанда облыстық нотариаттық палата мен адвокаттар алқасы ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараев және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жаңа ғимараттың лентасын қиды.
Түркістан облысының адвокаттар алқасы ғимаратының жалпы аумағы – 800 шаршы метр, ал облыстық нотариаттық палата ғимаратының жалпы аумағы 711,11 шаршы метрді құрайды.
Бұдан бөлек, ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Түркістан облысының Әділет департаментінің ғимаратын аралап, қызметкерлермен кездесті. Сондай-ақ Түркістан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының материалдық — техникалық жағдайымен танысты.
Айта кету керек, Түркістан облысы аумағында жалпы саны 179 адвокат және 196 нотариус бар.

Түркиялық компания Түркістанға инвистиция салуға ниетті

Түркиялық «EAE Elektrik» өнімдерін 120 елге экспорт жасайтын компаниялардың бірі. Түркия және Ресей мемлекеттерін қосқанда Дубай қаласында да фабрика жұмысын тұрақты жүргізіп отырған ұйым енді Қазақстанмен іскерлік байланыс орнатуға ниетті.
Әлем нарығында 50 жылға жуық уақыттан бері электр жабдықтарын өндірумен айналысатын тәжірибелі кәсіпорын Түркістаннан зауыт ашуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта компанияның Халықаралық жобалар және сату жөніндегі директоры Ердоған Димерел Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаевпен жүздесті. Кездесу барысында кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау білдіру жайы сөз болды.
«Кәсіпкерлер палатасы отандық кәсіпкерлерге қолдау білдіріп отырған кәсіпкерлердің қарашаңырағы. Жобаларды сүйемелдеу мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау басты бағытымыз. Сіздің ұсынып отырған жобаңыз өте ауқымды. Әрине шетелдік инвесторлармен де бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз», — деді Асылан Сейілбекұлы.
Инвисторлар энергетика саласындағы біліктілігін пайдалана отырып жобаны іске асыруға күш салмақ. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінге күнге дейін оңтүстік өңірде түрік инвестицияларының қатысуымен 50-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асқан.

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЗЕРДЕЛЕУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекеті — тек Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ғана емес Орта Азиядағы ең ірі кеден бекеттерінің саналады. Жобамен күн сайын шекарадан 40 мыңға дейін жолаушы, 1200 жеңіл автомобиль және автобус өтеді.
Өткізу пунктінің есептік өткізу қабілеті тәулігіне 17 500 адамды құраса, адамдардың нақты ағыны 2,5 еседен асады. Жолаушылар ағынының жылдық өсімі — 15-17 % пайыз. 2023 жылы өткізу пункті арқылы 8 млн адам өткен. Оның ішінде Қазақстан азаматтары – 3 млн, Өзбекстан – 4 млн, қалған 1 млн жолаушы — ТМД, Еуропа, АҚШ, Жапония, ҚХР азаматтары.
Яғни, бұл жер — сыртқы сауда-айналымын арттыратын, туристер алмасатын және екі елдің ынтымақтастығын нығайтатын танымал орын. Дегенмен кеден бекетінде өзекті мәселелер жоқ емес. Проблемаларды зерделеу мақсатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ұсынысымен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен ведомствоаралық жұмысшы топ құрылды.
Бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы, жұмыс тобы басшысының орынбасары Мейіржан Әуезов бастаған арнайы жұмысшы құрам іссапармен Сарыағаш ауданында болды. Жиынға Өзбекстан Республикасының салаға жауапты басшылығы, аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев Түркістан облысы мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов және өзге де топ мүшелері қатысты.
Шекарадағы бекеттің қазіргі ахуалы, бекет ғимаратын жаңарту, кіру-шығу терминалдарын орнату, ана мен балаға арналған бөлмелер салу, ұзын-сонар кезектерді жою, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын ретке келтіру жалпы ішкі мәселелер ортаға салынды. Өйткені ағымдағы жөндеу жұмыстары соңғы рет 2009 жылы жүргізілген. Кеден бекеті туристік әлеуетті дамыту тұрғысынан алғашқы қадамға жататыны белгілі. Тұрақты автобус маршруттары, мүгедектігі бар адамдар, арнайы делегациялар мен туристік топтарды өткізу үшін жеке бағыттар жоқтығы сөз болды.
Басқосу нәтижесінде өткізу қабілетін арттыру, ғимаратты жөндеуден өткізу, туристік автобустар үшін жекелеген бағыттарды бөлу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өткізу пунктінің айналасында санитарлық тазалау жүргізу жөнінде шаралар әзірлеу туралы келісімдер жасалды. Аталған проблемаларды шешу үшін бірлескен іс-шаралар жоспары жасалып, нақты іс-әрекеттер атқарылмақ.

КӘСІПКЕРЛЕР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ БАСТЫ НАЗАРДА

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуға кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев, Мемлекеттік кірістер басқармасы, қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандар және кәсіпкерлер қатысты.
Күн тәртібінде алғашқы болып «Belqoitas» ЖШС-нің жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру және жер қойнауын барлауға рұқсат алу кезіндегі Ордабасы ауданы әкімдігі тарапынан орын алған әкімшілік кедергілер туралы мәселесі қаралды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі өз құзыреті шегінде жеке кәсіпкер Жандос Амантайдың мәселесін зерделеу үшін жауапты мамандарға тапсырма берілгендігін мәлімдеді.
Кеңес отырысында Түркістан қаласындағы «Бірлік» секторының қала аумағына өткен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне салынатын салық жүктемесіне наразы шаруалардың да мәселесі талқыланды. Кәсіпкер Шукрулла Ботаев Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары саласындағы қызметтік міндеттерін уақытылы орындамаудың саладарынан кәсіпкерлерге 3 жыл бойы салық төленбегені үшін жеке есепшоттары бұғатталғанын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Орынбасар Әбдікәрімұлы кәсіпкерлердің өзекті мәселесі назардан тыс қалмайтындығына тоқталды. Тиісінше облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қордаланған түйіткілді мәселе бойынша құзырлы органдарға хат жолдап, оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатын болады.

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Келелі жиынды кеңес төрағасы Нұралы Әбішов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде өңірлік кеңес құрамына қабылданған жаңа мүшелер мен палатаның жаңа ұйымдық құрылымы таныстырылды.
Жаңа құрылымға сәйкес директор орынбасарларының қызметтерін ауыстыру бойынша шешімдер қабылданған болатын. Атап айтқанда, бұрынғы агроөнеркәсіптік кешен бойынша директор орынбасары Нұрбол Рысбеков директордың экономикалық мәселелері бойынша орынбасары қызметіне тағайындалса, ал шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша директор орынбасары қызметіне Ербол Әуелбеков тағайындалды.
Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және директор орынбасарлары атқарылған жұмыстар ретін баяндады. Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері лайықты бағасын беріп, бірқатар ұсыныстарын айтып өтті.
«Кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлер мен билік арасында алтын көпір болу тиіс. Елімізде бизнес жақсы дамыса қосымша салық көбейді деген сөз. Бұл халқымыздың әл-ауқатын арттыру мәселесінде маңызды. Яғни мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандар салуға септігі мол. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды өндіріс орындарын ашу арқылы кәсіпкерлікті дамытуды басты назарға алып отыр. Әрине барлығымыз бірлесіп кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, бизнестің өркендеуіне ат салысуымыз қажет»,- деді Нұралы Алмаханұлы.
Басқосу соңында баяндаманы мұқият тыңдаған кеңес мүшелері палата ұжымына жұмысты ширатуды тапсырды. Өз кезегінде Асылан Сейілбекұлы ұжымның алға қойған жоспарларын алға тартып, жұмыс барысын жандандыруды қолға алатындығын атап өтті.