Архив за день: 9 июня, 2024
ТӨЛЕБИДЕ ЭТНОСАРАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ САҚТАУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Мемлекет басшысы таяуда өткен сессияда Түркістан облысында қолға алынған этномедиацияға қатысты жұмыс тәжірибесін Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты. Осы орайда, этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейтуіміз керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, этностардың тату-тәтті ғұмыр кешуі олардың бір тілде сөйлеуіне де тікелей байланысты. Сондықтан этносаралық қатынастың негізі ретінде мемлекеттік тілді үйренушілерге барынша қолдау жасалады. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Мерейлі датаны мемлекеттілікті нығайту деңгейінде өткізуге баса мән беру керек. Білесіздер, қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес облыс орталығында заманауи «Достық үйі» салынып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеруде. Аталған қалашықта туристерді тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, мәдениетіміз пен мұрамызды сақтап қалуға этнос өкілдері де белсене атсалысуы тиіс. Толымды жетістіктерімізді еселеп, әлеуметтің әлеуетін көтеру – баршамыздың басты мақсатымыз. Осы міндеттерді орындауда облыстық Ассамблея мүшелері белсенді түрде үлес қосады деп сенемін. Алдағы уақытта өздеріңізбен жиі бас қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, – деген болатын.
Бүгінгі таңда елімізді бірлікке үндейтін ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісіне қосар үлесі зор. Еске сала кетсек, өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.