ТӨЛЕБИДЕ ЭТНОСАРАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ САҚТАУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Төлеби ауданында қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалға байланысты жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті.
Бас қосуда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудандағы этносаралық қақтығыс алдын алу бойынша аудандық прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңесті.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасап, этнос өкілдері орналасқан елдімекендердегі өзекті мәселелер бойынша ай сайын аудан әкімі мен орынбасарлары, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен кездесулер өткізу керектігін атап өтті.
Бейсенбай Тәжібаев этнос өкілдері шоғырланған аймақтарда түрлі оқиғаның орын алмауы үшін оның алдын алу, тұрғындар арасында ынтымақ орнату бойынша кешенді жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Зағамбар ауылының тұрғындарымен кездесіп, этнос өкілдері шоғырланған ауылдарға талдау жасау керектігін, қақтығыстар орын алмас үшін жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға қол жеткізу, мектептердегі тәртіп секілді әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің әлеуетін пайдалану қажеттігін айтты. Жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, береке-бірлік пен ел тыныштығын сақтау, халық арасына іріткі салмау, кез келген оқиғада заң аясында жұмыс істеу қажет деп, санайтындарын жеткізді.
Атап өтейік, осындай қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалды талдау бойынша кездесулер облыстың өзге аудандарында да өтетін болады.
Айта кететін жайт,өңірде жалпы облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің және филиалдарының тарапынан өткен жылы 348 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, биыл жыл басынан бері 97 кездесу өткізілген.  Ел бірлігін нығайтуда Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысы, алдағы атқарар мақсат-міндеттерде басты назарға алынған.  Бұл бағытта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесуінде:

– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Мемлекет басшысы таяуда өткен сессияда Түркістан облысында қолға алынған этномедиацияға қатысты жұмыс тәжірибесін Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты. Осы орайда, этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейтуіміз керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, этностардың тату-тәтті ғұмыр кешуі олардың бір тілде сөйлеуіне де тікелей байланысты. Сондықтан этносаралық қатынастың негізі ретінде мемлекеттік тілді үйренушілерге барынша қолдау жасалады. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Мерейлі датаны мемлекеттілікті нығайту деңгейінде өткізуге баса мән беру керек. Білесіздер, қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес облыс орталығында заманауи «Достық үйі» салынып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеруде. Аталған қалашықта туристерді тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, мәдениетіміз пен мұрамызды сақтап қалуға этнос өкілдері де белсене атсалысуы тиіс. Толымды жетістіктерімізді еселеп, әлеуметтің әлеуетін көтеру – баршамыздың басты мақсатымыз. Осы міндеттерді орындауда облыстық Ассамблея мүшелері белсенді түрде үлес қосады деп сенемін. Алдағы уақытта өздеріңізбен жиі бас қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, – деген болатын.

Бүгінгі таңда елімізді бірлікке үндейтін ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісіне қосар үлесі зор. Еске сала кетсек,  өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

 

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Recipe Rating




Рейтинг*