Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар насихатталды

Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың алар орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен насихатталып жүр. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, сонымен қатар рухани байлық пен денсаулық үшін де пайдасы орасан зор екені анық. Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен ерсі әрекеттерден алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіру, ұл-қыздардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс беру өте маңызды істердің бірі.

 Дәл осындай бағытта, Келес ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты жас ұрпақты ауылдың тыныс тіршілігімен, негізгі кәсібі мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен таныстыру, қазақ халқының ауыл шарушалығына байланысты ұмыт қалған көне сөздерді жастардың жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау. Аталған шараны Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қала берсе ұлттық ойындарымызды насихаттайтын іс-шаралар ауданымызда көптеп ұйымдастырылса, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз қайта жанғырары сөзсіз— деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев.

Жалпы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі, дәстүрлі шаруашылық өмірінен бастау алады. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Яғни, ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына деуге болады. Яғни, ұлттық ойындар адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың қалыпты дамуына жол ашады. Әсіресе жастардың санасына ұлттық құндылықтардың тәрбиесін сіңіре отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарымен тәрбиелеу өте орынды. Келес ауданында ұйымдастырылған шара барысында ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерден жиналған 100ге жуық жастар өзара команда болып бөлініп қазақтың ұлттық ойындарынан белдесіп кіл мықтылардың арасынан шын мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, арқан тарту, садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу,сиыр сауу түрлерінен болған сайыс қызық әрі тартысты өтті.

Жалпы, ұлттық ойындар педагогиканың дәстүрлі құралы болып саналады. Ол, бала өмірінің табиғи серігі, көңіл-күйінің бұлағы. Онда адам өмірінің бейнесі, тұрмысы, салт-дәстүрі, еңбегі, халықтық намыс, батылдық туралы көзқарастары, жылдамдық, шеберлік қимылдарды меңгеру, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ептілік пен тапқырлыққа деген талпыныс айқындалып жетіле түседі. Осылайша жасөспірімдер санасына жастайынан туған елдің мәдениетіне, әдет-ғұрпына деген қызығушылық, сүйіспеншілік және қадірлеу секілді сезімдер қалыптасады. “Ауылдағы бір күнім” іс шарасында осындай бағыттар басты назарға алынып, жастарға тағылым болсын деген мақсатпен арнайы қой сойылып, оны жік жікке бөліп жіліктеу де үйретілді.

Іс-шара барысында жастардың қызығушылығын арттырған ұлттық спорттың бірі садақ ату болды. Негізі садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылықтардың бірі. Қазақтың тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер де өте көп болған. Оған батырлық эпостар, хисса-дастандарда кездесетін деректерде дәлел. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым деуге де болады. Оны ата-бабаларымыз ертеде аң аулауға, кейін соғыс ісінде қару ретінде пайдаланды. Сәйгүлік мінген жау-жүрек батырлар қорамсаққа қол салып, кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер осының айғағы.

Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқан деген тарихи деректер де бар. Көшпенді өмір салтын осы уақытқа дейін ұмыт қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген қазақ халқы, ердің бес қаруының бірі саналатын садақты да көптеп насихаттап келеді. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін кеңінен дәріптеу және жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылған “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарада да дәл осы садақ ату өнерінің қыр сыры дәріптелді.

Сондай-ақ бұл күні жастар арқан тартудан өзара мықтыларын анықтады. Арқан тартыс ойынының бір өзінде көптеген тәрбиелік мән бар. Оның пайдасы өте көп. Арқан тартыс ойыны адамдарды шымырлыққа, ептілікке үйретеді. Дененің қимыл-қозғалысын ширатуда ешбір спорт түрінен кем түспейді. Сонымен бірге балалардың зердесін дүние-танымын кеңейтетін бірден-бір ойын. Қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс арқылы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туған елге, жерге, өз отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға да болады.

Айта кетейік, бұл күні қатысушылар кешкі алау аясындағы еркін форматтағы жүздесуге қатысып, өзара әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

ТАРИХИ МҰРАЛАР САҚТАЛҒАН МУЗЕЙ

Түркістан облысында қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын барынша бейнелеп, мәдениетінен сыр шертетін музейлер жетерлік. Солардың бірі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы музейі. Бұл нысан 1994 жылы 12 сәуірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы мерейтойы құрметіне тарихи-танымдылық мақсатта ашылған. Музейді аптаның бес күнінде барып тамашалауға болады.

2021 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын-жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 3000-ға жуық жәдігер сақталған. Музей тек аудан тұрғындары келетін орын емес, басқа да туристер тамашалайтын орын. Сондықтан музейдің барлық бөлімдері эстетикалық және ғылыми талаптарға сай болу бағытында жасалған. Музей экспозициясы арқылы туристер өңір тарихымен, мәдениетімен танысуда.

Музей залдарын әрлеуші суретші-дизайнерлер экспозициялық кеңістікте неғұрлым айқын формадағы архитектуралық-көркемдік үйлесім таба білген. Жоғарғы ауқымдағы идеямен архитектуралық-көркемдік деңгейге ие, қазіргі кезеңдегі техналогияның мүмкіндіктерін экспозициялық кеңістікте кеңінен пайдаланып, кешендік шешім жасалған. Экспозициялық кеңістікте ауданның табиғат диорамасы көрнекті орналасқан. Кіріспе бөлімде Созақ ауданының табиғи картасы ұсынылған: климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі кең көлемде ұсынылып, келушілерге муляждар, суреттер түрінде мол мағлұмат береді.

Киелі орындары, кесенелер түсініктеме баннерлер, макет, фотолар арқылы кенінен сыр шертеді. Жарығы мол, кең залдың көрікті көрінісі келушіні бейжай қалдырмайды. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ғұмыр жолына арналған бас экспозицияда қайраткердің ғұмыр тарихы, көріністері айшықты ұсынылған.

Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов — 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде Марксизм-ленинизм курсын  бітірген. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес»  атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған қайраткер.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өлкеде кеңестік билік тұсында болған  ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес үкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша  айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Қайраткердің алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы да елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.

Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетеді. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізеді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.

«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан.

Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған. Сондай-ақ, бүгінде Созақ ауданында Сұлтанбек Қожанов атындағы музей де өз жұмысын атқарып келеді. Бұл музейде оның қайраткердің суреттері және құжаттарының көшірмелері қойылған. Шығармашылығына сөре арналған. Хаттары ілінген. «Шүлен көже таратуы» да тарихи маңызды екені ақиқат. Бұл да экспозициядан көрнекті орын алған.

Екінші қабатта қазақтың тарихи кезеңдері де лайықты шешімін тауып, келушіге мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған. Мемлекетіміздің қилы кезеңдері, өлкеміздің өсу, өркендеу жолы деректері де мол қамтылған. Осы қабатта өзге экспонаттармен әдемі үйлескен киіз үй көз тартар көрнекті орында орналасып, қазақ тұрмысынан мол мағлұмат береді.

Археология бөлімінде Созақ жерінен табылған балбалтастар, таңбалы тастар да өлке тарихынан сыр шертеді. Созақ елі ҰОС 1941-1945 жылдарында, өлке әдебиеті мен өнер саңлақтары, айтулы тұлғалар жайлы арнайы стенділер, тағы басқа бағалы дүниелер арнайы сөрелерде келушілер назарына ұсынылуда.

КЕЛЕСТЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕГЕН АЙТЫС ӨТТІ

Келес ауданында айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында Келес аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

 

– Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнерінде көптеген жетістікке жетіп, жиырмаға жуық бас жүлдені жеңіп алған. Бүгін біртуар азаматты еске алып, республикалық аламан айтыс өткізіп отырмыз. Ауданымызға арнайы келген жыр жампоздарына қош келдіңіздер демекпін. Барша тұрғындар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені сіздер Алла берген таланттарыңыздың арқасында, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрге тәрбиелеуге зор үлес қосып келесіздер, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев

 

Жалпы айтыс алуан қырлы өнер. Қоғамдық ойды қозғаушы күш деуге болады. Қазақ халқы үшін айтыс өнерінің орны бөлек. Кешегі қиын қыстау кезеңдерде де ұмыт болмай, талай ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан мәдени мұра, ата-бабадан аманат болған ұлттық өнердің мәңгілік екенін және оның алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі де дәлелдеп берді. Бүгінде айтыс өнерінің дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны халықты қуанышқа бөлейді. Сол арқылы өзекті мәселелер, елдің бірлігі мен ынтымағы, көкейде жүрген әрбір азаматтың айтары, мәдениет пен тарих, жалпы қоғамдағы шындық, бәрі де ақындардың жүрегінен елдің жадына жеткізіледі.

Келес ауданында ұйымдастырылған аламан айтыста да елімізге белгілі айтыскер ақындармен қатар, өңірдің жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Мұхтар Ниязов (Қызылорда) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Анар Жаппарқұлова (Шымкент), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан), Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдесі Қажымұхан Абзал (Түркістан), Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлдесі Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдесі Жақыпбек Нұрмаханға (Түркістан) бұйырды. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.