ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӨНЕРПАЗДАРЫ V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНА АТСАЛЫСАДЫ

Биыл қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Аталған шараға спортшылардан бөлек, облыс өнерпаздары да атсалыспақ. Онда үздік қолөнер шеберлері өнімдерін ұсынып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналады. Өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Концерттік бағдарлама ұсынылады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісте баяндалды. Өңір басшысы жоспарлы іс-шаралардан бөлек, ерекше форматта тың серпіліс керектігін айтты.

– Түркістанға бүгінде тек еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінен қызығушылық білдіруде. Сондықтан да бізге келуші азаматтар өңіріміздің рухани-мәдени өмірімен танысады. Ол үшін тек облыс орталығында ғана емес, әрбір аудан, қаланың өз бренді болуы тиіс. Рухани астанамыздың төріндегі барлық іс-шарадан ұлттық бояудың, төл өнердің бөлшегі алыстан байқалып тұрғаны жөн. Алдағы уақытта іс-шаралар мазмұнына баса назар аударып, қайта қараңыздар, – деген облыс әкімі жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді.

Бұдан бөлек, Түркістан өңірінде іс-шаралар легі жоспарға сай жалғасады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, бірқатарына тоқталып өтті. Жыл сайын өткізілетін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестиваліне биыл өзгерістер енгізілген. Аудан, қала өнерпаздары былтырғыдай үш күн емес, екі күн бойы облыс орталығында өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ауарайына байланысты арнайы бекітілген кестеге сәйкес екі кезеңде өткізіледі. Тамыз айының 14-інен бастап қалған аудан, қала өнерпаздары қыркүйек айының соңына дейін жалғастырады. Алғашқы күні «Этноауыл» кешенінде өнерпаздар салт-дәстүрлерден көріністер, қолөнершілер көрмесі, ұлттық нақыштағы қойылымдар қойып, ұлттық ойындардарды насихаттаса, келесі күні көпшілік назарына «Керуен сарай» аумағында гала-концерт ұсынылады.

Мерекелік іс-шаралардан бөлек, күз айларында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы, сонымен қатар Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы өткізіледі.

Облыстық кітапханада барлық аудан, қалаларында оқырманды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемді кітап арқылы танимын», «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап», «Ақылдыммен ақылдымын», «Оқырман іздейміз» жобаларының қорытындысы өткізу жоспарлануда. Қазан айында «Тілді оқытудағы өзекті мәселелер» республикалық әдістемелік семинар ұйымдастырылып, семинарға республикалық «Тіл қазына» орталығының мамандары мен осы саланың білікті сарапшылары шақырылады деп күтілуде.

Кәсіпкерлік – жұмыссыздықты жоюдың негізгі шешімі

Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан қолдау да көп көрсетілуде. Түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін деген азаматтарға мол мүмкіндік берілуде. Мемлекет және атқарушы билік тарапынан аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбейіп келеді. Аудан көлемінде ауылдық округтердегі бизнесін шарықтатуға ниетті іскер тұлғаларға ұсыныстар берілуде.

Осы бағытта аудан әкімі Мақат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінің шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Онда ұтымды ұсыныстар мен кәсіптерін дамыту бағытында пікір алмасты. Түрлі сала бойынша өз жұмысын бастаған бизнес өкілдеріне арнайы өндірістік аймақ құрып, жер телімдері бөлінетін болды. Басымдық мал бордақылау алаңдары мен балық шаруашылығына және басқада кәсіп түріне беріліп, жалпы 81 гектар жерге өндірістік аймақтың бой көтерілуі жоспарлануда.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров:

— «Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп отыр. Кәсіпкерлік — экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Бұл арқылы жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға, әрқашан қолдауға әзірмін», — деді.

Жиында аудан басшысы өңірдің көркеюі мен дамуы тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына ықпал жасайтынын атап өтіп, шағын және орта бизнес субектілерінің қазіргі таңдағы жай-күйі, мүмкіндіктері, проблемалық мәселелері қоса талқыланды.

Сауран: Мақта өңдейтін зауытта 185 адам жұмыспен қамтылады

Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Казтекс» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытын дамыту барысымен танысты. Аталған зауытты салу, жаңа технологиямен қамту жобасы биыл басталған. Түркиядан инвестиция тартылған.

Жобаның құны –1500,0 млн. тенге, қуаттылығы – жылына 10 мың тонна мақта өңдеу. Маусымдық кезеңдерде 150 адам жұмыспен қамтылса, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

– Мақта кластерін дамыту – маңызды іс. Жаңа технологияларды ендіру керек. Іс бастаймын, цех, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетіледі. Өңірде шығатын мақтаны өзіміз өңдеп, шаруалардың табысын арттыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Жоба басшысы Туражан Саидовтың айтуынша, аталған ЖШС ұзақ жылдардан бері мақта шаруашылығымен айналысып келеді. Кейін шетелдегі серіктестері тарапынан заманауи мақта өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс түскен. Түркиядан арнайы құрылғылар, мақта өңдейтін машиналар әкелінген. Бұлардың ерекшелігі – электр қуатын үнемдейді әрі мақта талшығын сапалы етіп шығарады. Сауран ауданында бұрын-соңды болмаған құрылғылар сатып алынған. Бұл зауыт қыркүйекте ашылып, шаруалардың мақталарын қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал 2025-2026 жылдары аталған зауыттың қасынан шитті өңдеп, май шығаратын цех ашу жоспарға енгізілген.