Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаладағы бірқатар білім нысандарын аралап, ондағы көгілдір отынға қосылу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Кейбір мектептерде жүргізіліп жатқан жұмыстардан кемшіліктер анықталып, ол бойынша тиісті салаға тапсырма берді. Қара күзге дейін аталған оқылықтарды реттеп, қысқы маусымға білім нысандары дайын болу керектігін ескертті. Сондай-ақ бірінші кезекте қауіпсіздік шарасына назар салу керектігін атап, жұмысты сапалы әрі уақытында атқару қажеттігін ескертті.
Жалпы, қалада қалалық білім беру бөліміне қарасты мемлекеттік 40 білім нысаны бар. Оның ішінде 28 мектеп, 32 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме бар.Мемлекеттік мектептің 23-і де типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан. Осы күнге дейін орталықтандырылған жылу жүйесіне– 26 мекеме қосылса, автономды — 14 мекеме шағын қазандықпен жылытылған. 2023 жылы – 2 мектептің жылыту қазандықтары қатты отыннан табиғи газға ауыстырылды. Олар: «Д.Қонаев» атындағы мектеп пен «А.Молдағұлова» атындағы №19 мектеп.
Бүгін де газдандыру жұмысы жүргізіліп жатқан 11 мектептің екеуіне ескі қзандық ғимараттарына жөндеу жұмысын жасау арқылы қойылса, қалған 9 мектепке модульді қазандық қойылуда. Сондай-ақ 7 бала-бақшаның 2-уі ескі қазандыық жайларына жөндеу арқылы орнатылса, қалған 5 балабақшаға модульді қазандық қойылуда.
Кентау қаласының білім бөлімі 2024 жылдың 1 тамызы мен 31 қыркүйек аралығында барлық білім беру ұйымдарында «Мектепке жол» Республикалық акциясы өткізілетінін хабарлайды.
Республикалық акцияның мақсаты — аз қамтылған, көп балалы отбасындағы балалар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық көмек көрсету болып табылады. Аталған акция Министрліктің бастамасымен «Мектепке жол-Шекарасыз жақсылық» ұранымен өткізілуде.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, оның мектепке жолы қуанышты болуы үшін әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады. Осыған орай, қаламыздың барлық азаматтарын, бизнес-құрылымдарын, үкіметтік емес ұйымдарды және жеке кәсіпкерлерді, мемлекеттік органдарды аталған акцияға, жоғарыда көрсетілген санаттағы отбасы мен балаларға көмек көрсетуге шақырамыз!
«-Бұл акцияның мақсаты: жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету болып табылады. Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса, олда үлкен қиындықтар туғызады. Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық ба-ласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жет-кіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осыған орай жыл сайын еліміз көлемінде «Мектепке жол!» атты республикалық акциясы өткізіліп келеді. Бұл акция көптеген жеткіншектерге шапағат нұрын себуде. Бұл бір реттік қана көмек емес, жыл бойы жалғасып отыратын үрдіс. Осы ретте акция кезінде ғана емес, басқа уақытта да тұрмысы төмен отбасын азық-түлікпен, балаларды қыстық киіммен қамтып, тұрақты демеушілік көрсетіп тұратын азаматтардың бары қуантады. Акция аясында оқушылар оқуға қажетті құрал-жабдық, мектеп формасы, спорттық киімдермен қамтылып келеді. Бұл іске облыстық, аудандық әкімдіктен бастап, басқарма, департаменттер, түрлі мекеме, ұйымдар белсенді түрде атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Сол сынды ата-аналар, ұстаздар, кәсіпкерлер де демеушілік көмек көрсетуде.» -деді Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков
Мұқтаж жандарға көмектесуді, сондай-ақ демеушілік көмек көрсетуді қалайтын кез келген азамат бөлімнің колл орталығы 8771-694-53-25 , 87077479309 байланыс телефондарына хабарласа алады. Қазіргі таңда көмекке мұқтаж балалардың тізімі дайындалуда. Сондай-ақ, «Мектепке жол» Республикалық акциясына қолдау білдіргісі келетін азаматтар Кентау қалалық білім бөліміне хабар берулеріне мүмкіндіктері бар.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы баяндама жасаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков бөлімнің 2024-2025 жылдағы оқу барысына дайындық жайын баяндады.
Кентау қалалық білім бөлімі 3 бағыттағы құрылымнан және 30 мектеп, 32 мектепке дейінгі мекеме, 3 мектептен тыс мекемеден тұрады. 2023-2024 оқу жылында мектептердегі үлгерім пайызы – 100%, білім деңгейінің орта баллы – 4 балл, білім сапасы – 57,3% құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% жоғары.
«2023-2024 оқу жылында 43 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, 37 жүлделі орын иеленіп, 3 оқушы республикалық пән олимпиадасына қатысып, жүлдемен оралды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға өскен,» — деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков
25 мектептің барлық сыртқы әжетханалары жабылып, ішке толықтай орналастырылған. Интернет желісімен толықтай қамтылған. Сонымен қатар, мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2024 жылы білім нысандарына химия – 5, физика – 5, STEM – 5,биология – 5, Робототехника – 5 кабинеті берілген. Жалпы бөлімге қарасты 23 мектептің барлығы кітапханамен қамтамасыз етілген.
Мектеп кітапханаларын автоматтандыру мақсатында «Е-КІТАПХАНА» портфолиосы енгізілген. Сонымен қатар, Ә.Бөкейханов атындағы №23 мектеп, Ақын-тұма атындағы №11 мектеп базаларында «COWORKING» орталықтары ашылған. Биыл жаңа оқу жылында да баллардың білім деңгейін көтеру мақсатындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.
Қала әкімдігі аппаратының бас инспекторы-баспасөз хатшысы Ж.Алимбаева ауыл әкімдіктері мен бөлім және мекемелердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері мен тұрғындардан келіп түскен арыз-өтініштердің орындалуына жасалған сараптаманы баяндады.
Енді, ауыл әкімдері мен сала басшыларының жұмыс сапасын бағалауына әлеуметтік желідегі белсенділіктеріде ескерілетін болады. Қала басшысы жасалынған мониторингі бойынша осылай деп тапсырма берді. 109 байланыс орталығының басшысы Ж.Қожахмет секторлардағы берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндады. Қала басшысы әр баяндамашыны тыңдап, жұмысты жүйелендіруді, қала тұрғындарымен ұдайы кері байланыста болуды сала басшыларына тапсырды.
— Түркістан өңірі адамзаттың ең ерте қоныстанған аймақтарының бірі саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 500 мыңыншы жылдардан бастап адамдар мекен еткен аймақта, отырықшылық мәдениеті де сөзсіз ерте қалыптасты деп айтамыз. Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп берген. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.
Енді, Түркістан оазисіндегі ерте ежелгі дәуірдің археологиялық ескерткіштері (б.з.д. ҮІ – б.з.д. І ғғ.) туралы қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн көрдік:
Қарашық төбе І Ақтөбе қалашығы, б.з.д. ҮІ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
Қарашық төбе IІ қалашығы, б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан.
Қарашық төбе ІІІ қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІІ – б.з. ІҮғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
Қазтөбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстік шығысына қарай 13 шақырым жерде орналасқан.
Мейрам төбе қалашығы б.з.д. Ү-ІҮ – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан 11 шақырым жерде орналасқан.
Шаштөбе қалашығы, б.з.д. Ү – б.з. І-ІІғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 29 шақырым жерде орналасқан.
Бершін қалашығы, б.з.д.Ү-ІҮ – б.з. ІІ-ІІІғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.
Ақтөбе (Ибата) қалашығы, б.з.д. ІІІ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.
Көксарай І қалашығы, б.з.д. ІҮ-ІІ – б.з. ІҮ-Үғғ. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
Құлан төбе қалашығы, б.з.д.ІІ-І – б.з. ІҮ-ҮІІІғғ. Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.
Бұл қалаларға зерттеу жүргізген археологиялық экспедициялар:
— 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Ақышев) Қарашық төбе І, ІІ, ІІІ, Шаштөбе, Бершін төбе, Ақтөбе (Ибата) қалашықтарына алғашқы зерттеу жүргізеді. Қалашықтардың координаттары нақтыланып, өмір сүру кезеңдері белгіленеді.
— 1998 жылы ХҚТУ-нің археологиялық экспедициясы (М.Елеуов, Д.Ф.Винник). Қазтөбе қалашығына археологиялық зерттеу жүргізген.
— 1998-2003 жж. Түркістан Археологиялық Экспедициясы (М.Тұяқбаев) 1998 жылдан бастап археолог Марат Тұяқбаев басшылық жасаған экспедиция ерте ежелгі дәуірге жататын барлық қалаларға археологиялық зерттеулер жүргізді. Оның ішінде Мейрамтөбе, Көксарай І, Құлан төбе қалашықтарына алғаш болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіш туралы алғашқы деректерді ғылыми айналымға ұсынды.
0,5 гектардан 6 гектарға дейінгі өлшемдегі ерте ежелгі дәуір қалаларының сызбаларын түсіріп, археологиялық ескерткіштердің датировкасын нақтылады.
Қорыта айтқанда Түркістан оазисіндегі ежелгі ерте дәуір ескерткіштері отырықшылықтың дамуы мен қала мәдениетінің қалыптасуының алғашқы кезеңі саналады. Және б.з.д. Ү ғасырда пайда болған қалалардың тек кішігірім қоныстар емес, сонымен қатар өзіне тән цитадель, шахарістан бөліктерінің болуы Түркістан өңірінің үлкен өркениет ошағы болғанын айғақтай түседі.
А.Тұрсынов — Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің инспекторы.
— Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихы да осы кезеңмен байланысты деген пікірдеміз. ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты Шығыстың ескі мәліметтерін көп жинап, бұл өңірдегі қалалардың көне дүниенің ескерткіші екенін жазады: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн; себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте замандарда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Оренборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен де атаған, ол Түркістаннан да кәрі делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған».
Жоғарыдағы деректерде аталатын Яссы қорғаны қазіргі күні Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы Күлтөбе. Көне тарих осылайша жаңа заманның қасиетті ғимаратымен астасып, рухани тамырлармен жалғасып жатыр. Осы төбенің жоғарғы қабаттарында жасалып жатқан археологиялық қазбалар біздің жыл санауымызға дейінгі бірталай уақыт мөлшерін береді. Қорғанның орналасқан жері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде. Биіктігі 9 метрді құрайтын ауқымды төбешік сопақша пішіндес. Мұнда қазір ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Біздің ойымызша Күлтөбе қорғанының төменгі қабаттары қазіргі жыл санауымызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңдық жылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.И.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы Әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде Қарнақ аталатын көне қалашық тарихы да бізді көне заманға жетелейді. Кезінде бұл жерде А.Н.Бернштам, Г.И.Пацевич, Е.И.Агеева сияқты археологтар қазба жұмыстарын жүргізді, бірақ белгілі бір қорытынды шығара алмады. Археологтардың бір тобы Қарнақты ортағасырлық Ишкент деп жорамалдаса, екіншілері Қарнақты Әмір Темір әулеті тұсында салынған деп тұжырым жасады. Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Біздің ойымызша Қарнақ ерте заманда ғылым мен білімнің дамыған гүлденген үлкен қала болып кейін біртіндеп құлдырай бастаған.
Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен Қарнақтан басқа Шобанақ, Суғнақ (Сығанақ), Тошанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек) қалашықтары кездеседі. Түркістан аймағында «жеті нақ өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен» деген аңыз бар. Қазіргі күні осы қалалардың арасын қосқан жер асты жолдары табылып та жатыр және болашақта тарих үшін де, туризм ісі үшін де керемет нысан болады деп сенеміз. «Нақ» жалғауы қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланысты. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ мыңжылдықтардағы ариан-тұран халықтарының сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Неміс тарихына қатысты деректерден «Дранг нах остен», яғни «Нақ Шығысқа қарай» деген сөзді кездестіреміз. Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Суғнақ – суға жақын қала, Тошанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. Ең бастысы біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Түркістан өңірінен Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.
Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустрияны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазақ жерінде өндірілген металл әлем өркениеттеріне Түркістан, яғни тарихи Қырық қақпалы Қарашық арқылы жеткізілді деген пікірдеміз.
2024 жылдың 6 айында облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы брифгинте Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді.
«2024 жылдың 6 айында азаматтардан келіп түскен 683 арыз-шағым қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарға 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталды. Анықталған еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн теңге көлемінде 776 хаттама толтырылып айыппұл салынды. Одан бөлек, соңғы алты айда жұмыс барысында жарақат алу бойынша 23 жағдай орын алып, 7 адам қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың орын алуға байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізуде»-деді спикер.