Түркістанда ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар көпшілік назарына ұсынылды

Қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптейтін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалін Түркістан қаласының өнерлілері жалғастырды. Фестивалдің алғашқы күні Этноауыл аумағында ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қамтыған көріністер қала тұрғындары мен қонақтар назарына ұсынылды. Бүгінде ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз: «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүргізу», «Керегеге орамал байлау», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Тоқымқағар» салт-рәсімдері ерекше қамтылды. Мерейлі күнде ақ жаулықты аналарымыз ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер жайында кеңінен түсіндіріп өтті.

«- Халқымыз ежелден рухани құндылықтарға, мәдени мұраларға салт-дәстүрге бай болған және өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, оның әрқайсысын іске асырып отырған. Соның ішінде балаларға арналған салт-дәстүрлер де кем емес. Олардың кейбірі ғана сақталып қалса, көпшілігі бүгінде ел есінен, қолданысынан шығып та қалған. Солардың бірі — «танабау тағу» дәстүрі. Қазіргі кезеңде бұл дәстүрді қайта жаңғыртсақ, келешек ұрпақ үшін, балаларымыз үшін керемет тәлім-тәрбие болар еді. Себебі, балалар өздерін ерекшелеп, сыйлық тағып жатқанда мейірлене түседі, мерейі артып, мен де есейіп келемін, көзге түсе бастадым деп қуанышқа кенеледі. Ата-анасы да баласының қолғабыс етуге жарап қалғанына шүкіршілік етеді. Танабау алған балаға кішігірім болса да көптің басын қосып, думандатып, той жасап береді. Өзіне деген сенімін арттырып, жауапкершілік арқалаудың не екендігін түсіне бастайды. Ұл бала алғаш рет əкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмыстарына қолғабыс тигізіп жүргенін бірінші рет көргенде туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдары: «Балаларың жігіт болыпты, бой жетіпті, қажетке жарапты», – деп жабыла құттықтап, балаға түйме-тана, білезік, сөлкебай тағып жібереді. Кейде оны көптің атынан біреу барып тағып қайтады. Міне, бұл «танабау тағу» деп аталады. Салт бойынша, баласына «танабау» тағылған ата-ана бұл жағдайды міндетті түрде атап өтеді. Танабау шайына барған кісілер баланың ата-анасына «балаңның танабауы» деп əртүрлі бағалы тартулар мен қой-қозы, тай-тайынша беріп, игі тілектерін айтады. Бұл дəстүр адамдар арасындағы достық сүйіспеншілік пен береке-бірлікті нығайтып, адамдарды күйініш-сүйініште бірге болуға шақырады.» — дейді Түркістандық асыл әжелер.

Сонымен қатар, бұл күні бала тәрбиесінде өте маңызды рөл атқаратын ырымдар да орындалды. Нәрестенің дүниеге келуі мен оған тәрбие беру мәселесіне қатысты қазақтың ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибесі мен байырғы наным-сенімдерге қатысты көптеген жөн-жоралғылары әлі күнге дейін сақталып келеді.

« — Жасынан тайға мініп үйренген балалар өсе келе құнан мен дөненге мінсе, кейде үлкендерше атқа мініп, азамат қатарына қосылған. Ал қыздар ерте жасынан-ақ қолөнердің түр-түрін меңгеріп, үй шаруасына араласқан. Қыздарын еркелетіп, сұқ көзден аман болсын деп басына үкілі бөрік кигізген. Сонымен қатар үйдегі кейбір жағымсыз әңгімелерді, ұрыс-керісті естімесін деген оймен қос бұрымына шолпы тағып берген. Яғни шолпының сылдырынан қыздың келе жатқанын біліп, артық әңгімелерді дереу тыйған. Бір ұлтты өзге ұлттан даралайтын дәстүр-салты мен наным-сенімі. Талбесіктен жербесікке дейін жалғасатын аталмыш жоралғылар уақыт өткен сайын заман талабына орай жаңаланып, кейбіреуі мүлде басқаша сипат алып келеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десе де, бұл дәстүрлердің, ырымдардың орындалуы түпқазығымыздан ажыратпай ұстап тұрған бірден-бір арқан болмақ. Ендеше бала өмірге келгеннен жасөсіпірім шаққа жеткенге дейін түгенделген салттар сабағы өз жалғасын таба береді.» — ел ағалары.

Ауыл-үйдің қарттары жол жүрерде, сөйтіп жастар жағы бірыңғай болып ауылда қаларда немесе жас бала тұңғыш рет атқа мінерде «тоқымқағар» деп аталатын тамақ пісіріліп, дастарқан жайылады. Бір жағы жол жүрер үлкендердің жолының болуына тілектестік болса, екіншіден жас баланың азамат болғанына қуаныш білдіру белгісі болып табылады. Жас адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл — сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.

« — Қыз өз үйінің оң жағынан екінші біреудікіне келін болып түскеннен кейін келген жері келіннен алдымен ұрпақ – бала күтеді. Бұл – қазақта бір жылдың ішінде орындалуға мөлшерленетін арман. Осы уақыттың алғашқы үш-төрт айында-ақ әйелдер арасында еркектер жағы көп естибермейтін сыбыстар басталады. «Пәленшенің келіні төсегімен бірдеме көтеретін түрі бар ма?» деп ауылдағыларды қойып, алыстағылар дәметеді бұл арманды. Ал ене бұрынғы келіндерінен, келіннің абысындары жас келіншектің өзінен «Бойыңа ендігі бірдеме біткен шығар?» деп сұрай бастайды. Бөгделер келін жүкті бола бастаса денесі толып, мұрнына ноқта түсетін шығар деп сырттай бақылайды. Қазақ үшін келіннің төсегімен бала көтермеуі онша жақсы емес. Өйткені қазақ халқы өте бала жанды екені белгілі. «Ұл туғанға күн, қыз туғанға ай туады» деп, қызын ұзатқан жаққа да, ұлын үйлендірген жаққа да некеден кейінгі ең керек бақыт – бала. Сондықтанда қазақ халқы қызының некесі оқылғаннан кейін қызының төсек-орнын екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады. Қыздың шешесі дайындалған төсекке келіп аршаның түтінімен ырымдайды. Алла-тағалаға білген құлшылығын айтып екі баласын пәле-жаладан аулақ болуын, қосақтарымен бірге қартаюын, бұл төсекке екеуінен өзге жат-жаланың жоламауын жаратқаннан тілейді. Осы екі шарт біткеннен соң екеуінің той төсегінде бірге жатуға төсек салған жеңге рұқсат етеді. Бұл тәртіп келін ұзатылып барғаннан кейін күйеубаланың дәл сондай көргенді, көп балалы жеңгесі арқылы және қайталанады. Ондағы ене де құдағиының құлшылығын қайталайды.

Қазақтын қатал тәртібінде жоғарыдағы шарттар орындаламайынша қалыңдыққа күйеубаланың жолауы мүмкін емес. Бүйтуді көргенсіздік дейді қазақ. Қазақта көргенсіз дегенді естігеннен өле қалған әлде қайда жеңіл. Бізге төсек тойы деген кәдені әдейі ататып отырған да осы сенім. Бұл сенімге бір жылдың, тіпті үш-төрт ай ғана уақыттың аталып отыруы да осыдан. Себебі құдай қоскан қосағына қосылған жас жұбай осы мерзім ішінде төсегімен жүкті болу көп жағдайда мүмкін. Көп жағдайда, тіпті көп-көп жағдайда бұрынғы болашақ жас аналардың жәйіті осылай болған. Міне, осылай болғаннан кейін жас келін бойына біткен баланы астыртын етене бір абысынына айтады. Ол енесіне жеткізеді. Денесі толып, өңі нұрланып, беті «кірлеп» жүргенін көрген бөгделер де үлкен үйдегі енеге бұл жақсылықты қуаныш ретінде айтып, ол кісінің болашақ қуаныш үшін бірнеше әйелдердің басын құрап, кішігірім той өткізуін, кәде жасауын қолқалайды. Бұл қуанышты бұларсыз да төрт көзімен күтіп жүрген ене жар салмаса да айтқандардың басын қосып, еркектер араласпайтын төсек тойы делінетін ырым жасап береді. Бұл кәде бр жағынан жақын арада немерелі болатынының қуанышы болса, енді бір жағынан болашақ немеренің өз ұлынан екендігіне деген сенім. Бұл кәденің хабарын айта барған әйелге келіннің төркініндегі шешесі кәдімгідей шүйінші береді. Екі құдағидың арасы осыдан соң тіпті жақындай түседі. «Қатын алма қайын ал деген осы» деп енесінің бала тәрбиесіне іштей разы болған күйеубала да қайын жұртын сыйлай түседі. Бұл – жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген қазақтың басынан өтіп жататын ең алғашқы әдет-ғұрып, кәде» — дейді байқауға қатысушылар

Сондай-ақ, мерейлі мерекеде  «Яссы» халықтық этно-фольклорлық ансамблі күйлерден шашу шашса, «Яссы» халықтық би ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды. «Түркістан мұрасы» атты қылқалам, қолөнер шеберлері мен бұйымдары, кітап, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелері қаз-қатар қойылды.

Ақ кимешек киген әжелер «Ауылдың алты ауызын» орындаса, «Көненің көзі әжелер» дизайнерлік өнер сырмақ, түскиіз, ұршық иіру, тоқыма тоқу мен құрақ құраудан шеберліктерін көрсетсе, этно-мәдени ұлттық орталықтар оның ішінде (өзбек, түрік) этностарының көрмесі қойылды. Шара аясында айтыскер ақындар арнауларын орындап, айтыстың үлгісін көрсетсе, өнерпаздар фестивальдің әрбір шарты мен ережесіне сәйкес өнерлерін паш етті.

Оранғай елді мекенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жаңадан ашылатын «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Бүгін облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен Сауран ауданы, Оранғай елді мекенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.

Орталықтың ашылуына байланысты медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдары жұмысқа қабылданады. 200 орындық нысан 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған. Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша қызметкерлер құрамы іріктеліп, ресми ашылуы қазан айына жоспарлануда.

Арнайы мамандар бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Сауран ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Абзал Казанкапов жәрмеңкеге 250-ден астам адам қатысқанын жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 99 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 мыңнан астамы — ересектер болса, 15 мыңы — балалар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны — 34 370 адам. Облыстық басқармаға қарасты стационарлық жағдайдағы, жартылай стационарлық жағдайдағы, сондай-ақ бейімдеу және сауықтыру, жұмыспен қамту бағытында жалпы 14 мекеме жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Сауран ауданының Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылдың І тоқсанында пайдалануға тапсыру көзделген.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ VI ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ ТҮРКІСТАНДА ӨТУДЕ

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі өз жұмысын бастап кетті. Бір апта бойы жалғасатын жазғы мектепке Албания, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркиядан барлығы 50 студент және 37 оқытушы қатысуда. Түркістан қаласында өтіп жатқан бұл іс-шараны ХҚТУ, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), Түркия ғылым академиясы (TÜBA), Түрік тілі қауымдастығы (Türk Dil Kurumu) және Түркі академиясы (Türk Akademisi) ұйымдастырып отыр.Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебі екі бағдарлама бойынша өтуде: «Түркология жазғы мектебі» және «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі».

«Түркология жазғы мектебінің» мақсаты – түркі мемлекеттерінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосып, олардың түркі әлемінің тарихы, археологиясы, тілі, әдебиеті, мәдениеті және т.б. бағыттар бойынша теориялық және практикалық білімдерін тереңдету. Сондай-ақ, ғылыми мақала жариялау, презентациялар жасау және зерттеулерге қаражат тарту және өзге де дағдыларын дамытуға үлес қосу. Қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, жазғы мектеп бағдарламасына сай баяндамаларды тыңдайды және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады.

Түркі әлемі туралы түсінік; түркі мемлекеттерінің тарихы; түркі әлемі археологиясы; түркі әлемінің өнер тарихы; түркі тілдерінің және қазіргі түркі тілдерінің жалпы ерекшеліктері секілді 5 негізгі тақырыпты қамтитын «Түркология жазғы мектебі» қатысушылардың академиялық және мәдени білімін кеңейтуді, түркі мәдениетінің бай мұрасы туралы ақпаратпен және осы білімді болашақ ұрпаққа жеткізу үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етуді көздейді.

Ал «Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебінің» мақсаты – қатысушыларға энергетикалық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктер, қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты мәлімет беру. Сондай-ақ, энергия өндірудің маңызды принциптері мен қалыптасқан әдістерін, болашақ энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін инновациялық және тұрақты шешімдерге қызығушылықты ояту.

«Жаңа энергия технологиялары жазғы мектебі» барысында 7 негізгі тақырып бойынша кең көлемді ақпарат қамтылады. Олар: энергия тарихы; энергия физикасы; жаңартылатын энергия көздері; сутегі энергиясы және онымен байланысты технологиялар; энергияны сақтау жүйелері мен қолданбалары; энергияны үнемдеу және тиімділік; энергетика және инновация. Қатысушылар энергетика саласындағы инновациялық жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыру, жаңа технологияларды әзірлеу және энергетика және инновация мәселелері бойынша білімдерін арттырып, тұрақты энергия шешімдері бойынша ұсыныс-пікірлерін талқылайды.

Түркі мемлекеттерінің VI жазғы мектебінің ресми ашылу салтанатында осы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған мекемелердің басшылары мен өзге де түркі елдерінен келген ғалымдар және зиялы қауым өкілдері сөз алып, түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы Түркістанда басталған іс-шараның қатысушыларына сәттілік тіледі. Атап айтқанда, ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Түркия ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер, Халықаралық түркі академиясының басшысы Шахин Мустафаев және Түрік тілі қауымдастығы басшысы Харун Шахин жазғы мектептің мақсаты мен міндеттеріне, қажеттілігі мен маңыздылығына тоқталып, жазғы мектептің нәтижелі болатындығына сенім білдіретіндіктерін жеткізді.

Айта кетейік, бұл Түркістан қаласындағы ХҚТУ-да осы жазда өтіп жатқан екінші жазғы мектеп. Бұған дейін,Солтүстік Кипр мен Түркия Республикасынан келген 20-ға жуық студент пен оларға жауапты қызметкердің қатысуымен«Ясауи Түркология жаз оқуы – 2024» жазғы мектебі өткен болатын. Ол кезде де қатысушылар 10 күн бойы қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен дүниетанымы, сондай-ақ ұлттық тағамдарымен танысып, оңтүстік өңірдегі аты аңызға айналған киелі мекендерді зиярат етіп, университеттіңпрофессор-оқытушыларының маңызды баяндамаларынтыңдап қайтқан еді.

 

Аға оқытушы, PhD. Ержан Арғынбаев
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ