ҚАЗАҚСТАНДА АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес басым бағыт болып табылады. Сондықтан біздің еліміз 2016 жылы Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға міндеттеме алды. ҚР Президенті де өз Жолдауында басты міндеттердің бірі – 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу екенін атап өтті. Бұл Қазақстанға көмір электр станцияларын баламалы энергетикаға ауыстыруға келіп саяды.

Бүгінде әлемдегі ең дұрыс жарық қуаты атом энергетикасы болып саналады. «Қазақстанда атом өнеркәсібі жақсы дамыған, — дейді бұл турасында «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин киелі қалаға келген бір сапарында. — Өткен жылдан бастап біз Қытай нарығына ұсынатын отын шығарамыз. Ядролық отынымызбен олардың реакторы жақсы жұмыс істей бастады».

2009 жылдан бастап Қазақстан уран қорынан әлемде бірінші, ал табиғи уранның барланған қорлары бойынша екінші орында тұр. Энергия тасымалдаушылар бойынша бірінші орында тұрмыз. Бүгінгі таңда бұл біздің негізгі энергия тасымалдаушымыз болып отыр. Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бүгінгі таңда өте өзекті мәселе екенінің бұл жарқын дәлелі.

Бекжігіт Сердәлі — композитор, ҚХА мүшесі, ғалым-педагог, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры

АЭС-ТІҢ ЕҢ НЕГІЗГІ ЕКІ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Сарапшылардың пікірінше, атом электр станциясының пайда болуы атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазір елдің энергетикасы көмір отынын кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар, ғалымдар атом электр станциясы энергия өндіру қарқынын арттырып қана қоймай, оның құнын төмендетеді деп санайды.

— Атом электр станциясы, біріншіден, экологиялық таза. Екіншіден, ол 100 жыл бойы электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл ең негізгі екі артықшылық. Әрине, жұмыс үздіксіз болған кезде өзіндік құны ең төмен болады, — деп атап өтті Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

Әзіретбергенұлы Жарылқасын — «Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

АЭС САЛУҒА ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖЕТЕДІ МЕ?

Жақында Алматы қаласында бір топ ғалымдар АЭС салудың пайдасы мен зияны жайында пікір алмасып, жиын өткізіпті. Кездесуде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин былай деп пікір білдіріпті:

«Жасыл экономиканың бір тармағы – АЭС. Себебі, қазір елімізде ғана емес, әлемде декорбанизация процесі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бізде көмір энергетикасы басымдыққа ие болып келді. Оның да құрылғылары ескірген, тозған. Жаңа құрылыс нысанын салудың да өз қиындығы бар. Оған қомақты қаражат керек. Көгілдір отынға да шектеу бар. Сондықтан бізде АЭС салудан басқа нұсқа жоқ», – дейді ғалым.
Сонымен қатар, Тимур мырза елімізде аталған саланы игеруге білікті мамандар да, қаржылық ақуал да жеткілікті екенін айтты. Шын мәнінде, бүгінде АЭС салу қажеттілігі басым. Бұл үлкен жоба. Еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық сенімділігін арттырады.

Жеңісбек Мәуленқұлов — Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы

Түлкібас ауданының орталық базарында кәсіпкерлермен кездесу өтті

Бүгін «Көкірек» базары аумағындағы кәсіпкерлермен кездесу барысында мемлекет басшысының атом энергиясын бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің ар жағында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әлауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жақтарын халыққа түсіндіру жұмыстары жұргізілді.

Өйткені электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін мамандар ескертумен келеді. Сондықтан бұл тұйықтан шығудың бірден-бір жолы атом энергетикасының әлеуетін пайдалану болмақ. Іс-шара барысында 50-60 кәсіпкерге жеке-жеке түсіндірілді.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Түркістан облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді

Түркістанда Халықтық штаб мүшелері өңір активімен жүздесіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Штаб АЭС салу жөніндегі республикалық референдум қарсаңында осы тарихи оқиғаның маңызы туралы азаматтармен ашық әңгімелесу үшін өңірге арнайы келгенін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы түркістандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді.

«Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. Біз әр қадамды нық басып, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Түпкі мақсат – оны әр азамат, әр отбасы сезінуге тиіс», – деді ол.

Ерлан Қошанов электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады.

Бұдан әрі Штаб мүшелері облыстық ауруханада денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.

Осы күні Халықтық штаб мүшелері Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылына барды. Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері жылыжай салуға поляк инвесторларын тартқан Сайрам ауданының шаруалары туралы айтып, олар көкөніс өндірісін толық қуатта іске қоса алмағанын мәлімдеді. Бұған себеп – тұрғын үйлердің өзіне әрең жетіп тұрған әлсіз қосалқы станция. Штаб мүшелері барлық аграрлық кәсіпорындарды тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, Штаб мүшелері Кентау қаласында ЖЭО-5 ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған бұл жылу энергетика торабы 15 мыңға жуық адамды қамтып отыр. Халықтық штаб мүшелері барлық коммуналдық кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуінің және оларды тұрақты электр энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ АЙЛЫҒЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында 15-тамыз бен 5-қазан аралығында Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері өрт қауіпсіздігі айлығы шарасын жүргізуде. Бұл мақсатта аудан-қалаларда арнайы жұмысшы топтар құрылған. Олар тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтауды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы брифингте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді.

«2023-2024 жылғы жылыту маусымында облыс көлемінде 201 өрт тіркелді. Материалдық шығын — 286 млн. 577 мың теңгені құрады. Орын алған өрттің 53%-ы тұрғын үй секторында орын алып отыр. Өрттің басым бөлігі — электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу, оның ішінде электр сымдарының тозуы себебінен туындауда. Осы орайда басқарма тарапынан есепке алынған 26 380 тұрғын үй тексерілді. Өрт қауіпсіздігі айлығы соңына дейін тұрғын үйлер толық араланып, үгіт-насихат жұмыстары аясында өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілетін болады. Одан бөлек, қызыл жалынның алдын алу мақсатында облыс аумағындағы билбордтарға арнайы бейнероликтер қойылды. Сонымен қатар, БАҚ арқылы да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде»-деді спикер.