ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

6 қазан – бүкіл Қазақстан бойынша Референдум өтеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Түркістан облысына іссапармен келіп, Оқушылар сарайындағы референдум учаскесінің жұмысымен танысты.
Одан бөлек, іссапар барысында Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында «Республикалық референдумды дайындау мен өткізу мәселелері» тақырыбында кеңес өткізіп, референдумға дайындық жөнінде тиісті мемлекеттік органдардың басшыларының есебін тындады. Кеңесте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов модераторлық етті.

Жиын барысында Түркістан облысы бойынша Аймақтық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев өңірдегі дайындық жұмыстары туралы баяндады.
– Бүгінде референдум учаскелері референдум өткізуге дайын. Учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілген. Сайлаушыларға шақыру билеттері, есептен шығару талондары әзірленген. Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне ыңғайлы болу үшін кабиналары жаңартылды, сайлаушыларды хабардар ету мақсатындағы қағаздар, республикалық референдум заңы жазылған парақтар, сайлау бойынша ережелер жазылған парақшалар таратылуда, – деді Аңсар Өсербаев.

Атап өтейік, республикалық референдумға облыс бойынша жалпы саны 6 351 комиссия мүшесі тартылған. Комиссия мүшелерінің 90 пайызы түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар. Сондай-ақ облыста жалпы 945 сайлау учаскесі бар. Бүгінгі таңда өңірдегі барлық аудан, қалаларда «сенім телефондары», облыста «109-бірыңғай» call-орталық жұмыс істеуде. Облыс әкімдігінің ресми интернет ресурстарында «Өз референдум учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды.

Республикалық референдум қарсаңында референдум комиссиялары толық оқытылды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРҒАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІМЕН ТАНЫСУҒА АРНАЙЫ ЖҰМЫСШЫ ТОП БАРДЫ

Еліміздің халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған азаматтар саны жыл санап артып келеді. Бұған себеп — мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы. Көшіп барған азаматтардың жай-күйімен танысу мақсатында түркістандық арнайы жұмысшы тобы теріскейге барды.

Олар алдымен Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында аға дәрігер болып жұмыс істейтін Аян Ерханұлымен кездесті. Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы теріскейге осыдан 5 жыл бұрын қоныс аударған. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлегі 5 жыл ішінде ауа райына әбден үйренгенін айтып, өзге жерлестерін де қоныс аударуға шақырды.

Одан соң жұмысшы топ өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі — «Элеватор Тайынша» ЖШС-да болды. Аталған нысанның директоры — Түркістан облысы Түлкібас ауданында кіндік қаны тамған Шыназбек Балқыбек. Қазір кәсіпорын теріскей тұрғындары мен күнгей өңірден қоныс аударған азаматтарға қолдау білдіріп, олардың еңбек етуіне мүмкіндік жасап отыр. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірден көшкен 30-дан астам азамат кәсіпорыннан тұрақты жұмыс тапқан.

Жұмысшы топтың келесі сапары Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылы болды. Онда сарыағаштық Усмановтар жанұясы «Шымкент» атты кафе ашып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар бұл өңірге 2017 жылы қоныс аударған.

Жеке кәсібін ашып, несібесін көріп отырғандар қатарында Қасым Амангелдин де бар. Шымкенттік жігіт бүгінде Петропавл қаласының қақ ортасынан ер жігіттерге арналған шаштараз ашып, солтүстікке әбден бейімделіп үлгерген.

ТАЙЫНША ЭЛЕВАТОРЫНА 100 ЖҰМЫСШЫ МАМАН КЕРЕК

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласында орналасқан «Тайынша элеваторы» кәсіпорны теріскейдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Астық өндірумен айналасатын өңір үшін элеватордың орны айрықша екені түсінікті. Осы кәсіпорында Оңтүстіктен келген мамандар жемісті еңбек етіп келеді.

Тайынша элеваторының директоры Шыназбек Балқыбек мырзаның өзі де Түлкібас ауданының тумасы. Шынекең алғвш еңбек жолын Түлкібастың ұн комбинатынан бастаған. Қазіргі таңда Тайыншаның элеваторына 100 жұмысшы адам жетіспейді дейді. Өзі басшы болып келгелі Түркістаннан Теріскейге қоныс аударушы еңбек күшіне екпін беріп отыр екен. Бүгінде өндіріс орнында 22 жұмысшы Оңтүстіктен келген мамандар.

Солардың бірі Ерік Үсенбаев бұрын Шымкентте темір жол саласында жұмыс істеген, кейін түрлі салада жұмыс істеп, соңында Тайынша элеваторына тұрақтаған. Отбасымен келген Ерік аға бүгінде жеке тұрғын үйі бар, жұбайы да мектепке орналасқан. Ал, түбі түлкібастық 25 жасар Дәулет те өз ауылынан тұрақты жұмыс таппай, осы элеватордан екі қолға бір күрек алған. Қазір ол басына баспана тауып, осында қоныстаныпты.

Элеватор директоры күні ертең ел үкіметі мен облыстың лауазымды өкілдері келеді деп күтіп отыр. Кәсіпорынның жетістіктері мен қажеттіліктерін жоғары тұрған басқарушы органдар назарына жеткізіп, шаруашылықты дамыту шараларын қарамақ. Шыназбек мырзаның айтуынша, оңтүстіктен келген жұмысшыларын баспанамен толық қамтуға бар мүмкіндігін жасап отырған жағдайы бар.

БҮГІНГІ ТАҢДА ЖЭК САЛУ ТИІМСІЗ

Осы уақытқа дейін тек көмір ғана Қазақстанға тұрақты электр энергиясына деген қажеттіліктің 80%-ына дейін жаба алды. Бірақ біздің заманымыздың шындығында электр энергиясын алу көздерінің даму векторы көміртексіз бағытқа ауысты, ал қаржы және кредит институттары енді қазба көздеріндегі энергетикаға инвестиция салмайды. Қазір елдің энергетикалық жүйесін дамыту үшін ЖЭК және, сөзсіз, атом электр станциялары перспективалы деп айтуға болады. Бірақ орта мерзімді перспективада көмір энергетикасын төмендетуге болмайды, оны толығымен «жасыл» генерация көздерімен алмастыру мүмкін емес. Әсіресе, егер біз жылу энергетикасын ескеретін болсақ, онда ЖЭК, мысалы, пайдасыз.

Қазақстанның энергетикалық жүйесінің дамуын модельдеу кезінде, шамасы, сол еуропалық сарапшылардың көзқарастарына толық сүйенудің қажеті жоқ, өйткені Қазақстанның энергетикалық жүйесінің климаттық жағдайлары, құрылымы мен ерекшеліктері еуропалықтармен бірдей емес. Сондықтан «көмір инесі» термині дұрыс емес. Осы тұста негізгі сұрақ туындайды – біз осы «инеден» қайда, қандай энергияға түскіміз келеді, ел экономикасының тұрақты дамуын, оның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қалай қамтамасыз етеміз?

Қазақстан энергетикасының өңірдің энергетикалық жүйесімен өзара байланысы туралы ұмытпауымыз керек. Республиканың энергетикасын дамытудың стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеу кезінде осы факторды да ескеру қажет.

ҚАЗАҚСТАНДА БОЛАШАҚ АЭС ПАЙДАЛАНУ ҮШІН ЖЕТКІЛІКТІ КАДРЛЫҚ ӘЛЕУЕТ БАР

Бүгінде Қазақстанда болашақ АЭС пайдалану үшін жеткілікті кадрлық әлеует бар. Қазақстанның атом саласында 20 мыңнан астам адам, оның ішінде негізгі өндірістік персоналдың 15 мың адамы жұмыспен қамтылғанын ескеру қажет. Сондай-ақ, көптеген мамандар Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында жұмыс істейді, онда ондаған жылдар бойы атом реакторлары табысты пайдаланылып келеді, сондай-ақ ядролық энергетикалық қондырғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстардың нәтижелері Жапонияда, Францияда және біздің ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын басқа елдерде атом электр станцияларының бірқатар инновациялық жобаларында ескеріледі.

Егер біздің атом саласы үшін білікті кадрларды даярлау туралы айтатын болсақ, онда 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында дайындалған мамандар саны бойынша деректерді келтіруге болады – 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы және бөлшектер физикасы», «Техникалық физика. Атом электр станциялары мен қондырғылары», «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және бір маман дайындалды.

«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында жыл сайын 120-дан астам студент үшін практика ұйымдастырылады. Оқу-ақпараттық орталығы бар, оның негізінде радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандарды оқыту жүргізіледі. Кадрларды даярлаудың ауқымды бағдарламасы Алматыдағы Ядролық физика институтында жүзеге асырылуда, онда Ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталығы жұмыс істейді.

Нуриддин Балтабаев: Бір күнде жұмысқа орналастым

Нуриддин Балтабаев — Түркістан қаласының тумасы. Бүгінде СҚО, Айыртау аудандық ауруханасында  балалар дәрігері қызметін атқарып жүр. Теріскейге қоныс аударғанына екі жылдан асыпты. Оқуды аяқтаған соң досының айтуымен Солтүстікке келген. Қазір жұмысы да, баспанасы да бар. Солтүстік өңірлерде әлі де ақ халаты абзал жандар жетіспейді. Бұл жастар үшін мүмкіндіктер мекені.

«Түркістан қаласындағы ХҚТУ де білім алдым. Одан соң Шымкент қаласында оқуымды жалғастырдым. Солтүстікке келуіме досым себепкер болды. Менен алдын келген ол, бұл жақта мүмкіндіктер көп екенін айтты. Мен де шешім қабылдап, отбасыммен қоныс аудардым. Қызметке орналастым. Мемлекеттік қаржылай қолдауларды алдым. Солтүстік өңірі жұбайыма да ұнады. Қазір екі ұл-қызым бар. Баспанам бар. Негізі, Оңтүстікте бір жұмысқа қанша адам үміткер болып, бәсекелестік көп қой. Ал, мұнда керісінше дәрігерлер тапшы. Басқа да мамандық иелеріне жұмыс орындары көп. Сондықтан мүмкіндікті жібермеңіздер»,-дейді Нуриддин Балтабаев