ПРЕЗИДЕНТ ТҮРКІСТАНДА ЖАҢАДАН БОЙ КӨТЕРГЕН «ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ» ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты.

Президенттің арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 этнос өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

«Достық үйінің» жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр. Нысанның ерекшелігі – ғимараттың орталық алаңы киіз үй пішінінде салынған, яғни 23 қанаттан тұрады. Мұндағы мақсат – түгел түркінің төрі саналатын, қазақ руханиятының қарашаңырағы киелі Түркістанның рухани және тарихи мәртебесін паш ету. Киіз үйдің тағы бір символикалық мағынасы — этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырғанын білдіреді.

Сондай-ақ «Достық үйінде» Коворкинг орталығы жұмыс істейді. Онда Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік төрағалары, жастар келіп дебат ойнап, бір-бірімен пікір алмасып, кездесу өткізеді. Жалпы бұл орталықтың есігі татулықты ту еткен қалың көпшілікке ашық.

Болашақта ҚХА-ның «Елтану» жобасы аясында ұйымдастырылатын «Мың бала», «Бабалар үні», «Әнім сенсің, туған жер», «Үкілі домбыра», «Анамның әлдиі, әжемнің ертегісі» секілді ірі байқаулар осы «Достық үйінде» өтеді.

ЖЕТІСАЙДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ, ӨНІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Жетісай ауданына іссапармен барып, мақта алқаптары мен мақта зауыттарында болды. Шаруалар мен диқандармен еркін форматта тілдесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы мен басқа да мәселелер сараланды. Мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол бермеу мақсатында мақта қабылдау бекеттеріндегі таразылар тексерілді.

Мақта өңдеу зауыттары басшыларының айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (трейдерлермен) жұмыс істейтіндіктен мақта талшықтарын шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың, жеке инвесторлар тарапынан сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға – мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.

Шаруалармен жүздесу барысында өңір басшысының тапсырмасы аясында мақта кластерін дамытуға күш салынғаны, бұл бағытты барынша дамыту маңызды екені айтылды.
Негізгі табысы мен күнкөрісі агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында биылғы жылы 79,3 мың гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 40,8 мың гектарға жуығы мақта дақылы болса, 19,7 мың гектары бақша, 3,4 мың гектары көкөніс, 7,3 мың гектары дәндік жүгері мен 6,6 гектар егістігі мал азықтық дақылдары. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан 544,5 мың тонна бақша, 88,3 мың тонна көкөніс, 40,3 мың тонна дәндік жүгері мен 99,2 мың тонна мал азықтық өнімдері алынған.

Науқанға 715 дана трактор мен 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана ОВХ мен 232 дана мақта терім машиналары дайын.
Өткен жылы 45 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 122 мың тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биылғы жылы да сол межені орындауға ниетті.

Өйткені, өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі биылдың өзінде ауданда 2 мың гектарға артқан. Оның 300 гектардан астамы мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.