«Жасанды интеллект мүмкіндіктері: соңғы трендтер мен инновациялар» тақырыбында оқыту семинары өтті

Кентау қаласы білім бөлімінің «Әдістемелік кабинеттің 10 күндігі» жобасы аясында химия, биология пәндері бойынша «Жасанды интеллект мүмкіндіктері: соңғы трендтер мен инновациялар» тақырыбындағы оқыту семинары Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы білім беретін мектепте өтті. Іс-шараның мақсаты: Жас мамандарға жасанды интеллект түрлері мен тиімділігін таныстыру, кәсіби қолдау көрсету. Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Дариева өз баяндамасында Заманауи жасанды интеллект технологияларын сабақ барысында тиімді пайдалануды, әртүрлі пәндермен байланыстыру жолдарымен таныстырып өтті.

« — Жасанды интеллекттің дамуы қоғам үшін көптеген жақсы, оң мүмкіндіктер береді. Білім беру және оқыту жүйесінде бұл әр оқушының қажеттіліктеріне бейімделген жеке білім беру тәсілдері болуы мүмкін. Сондай-ақ, жасанды интеллект жаңа дағдылар мен тілдерді үйренуге көмектеседі. Министрлік мәлімдегендей «ИТ саласындағы жаңа кәсіптер атласы» аясында Қазақстанда жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары әзірленіп, табысты іске асырылуда. Көріп отырғанымыздай, жасанды интеллект адамға ақылға қонымды уақыт ішінде өңдеу қиын немесе мүмкін емес үлкен көлемдегі деректерді, күрделі есептеулерді және үлгілерді талдауды қажет ететін мәселелерді шеше алады. Бұл ғылымда, медицинада, инженерияда және басқа салаларда көптеп қолданылады екен. Мамандар мен ғалымдардың айтуынша жасанды интеллект өмір сүру сапасын жақсартуда және адамның негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқара алады.

Сонымен қатар, бұл әдісті жаңа тапсырма форматтарын енгізуде, шәкірттердің білімін ғана емес, сонымен қатар олардың осы білімді іс жүзінде қолдану қабілетін бағалайтын, сондай-ақ оқытушыларға олардың жауаптарын бағалау процесін автоматтандыруға көмектесетін күрделі тест сұрақтарын жасау үшін қолдануға болады. Жалпы, жасанды интеллект және басқа технологиялар оқу процесін жеңілдету және емтиханға дайындалу үшін қолдануға болатын жүйе. Мысалы, білім алушылар күрделі ұғымдарды түсіну және білімді тереңдету үшін осының негізіндегі қолданбалар мен платформаларды пайдалана алады. Жасанды интеллекттің автоматты тексеру жүйелері тапсырмалар мен сынақтардың жауаптарын тексеруге, сондай-ақ олардың дайындығын жылдам бағалауға көмектеседі.Сондай-ақ, шет тілдеріндегі мәтіндерді аударуға және талдауға көмектеседі, бұл бір жағынан шет тілдерін үйрену және шет тіліндегі материалдармен жұмыс істеу үшін өте пайдалы.» — деді Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Дариева

Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі А.Бугенбаева теорияны практика жүзінде ұштастырып, семинарға келген жас мамандарға «Жасанды интеллект мүмкіндіктері: соңғы инновациялар» тақырыбында панельді тақта арқылы жасанды интеллект түрлерімен жұмыс жүргізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

«- Бұл әдісті жаңа тапсырма форматтарын енгізуде, білім алушылардың білімін ғана емес, сонымен қатар олардың осы білімді іс жүзінде қолдану қабілетін бағалайтын, сондай-ақ оқытушыларға студенттердің жауаптарын бағалау процесін автоматтандыруға көмектесетін күрделі тест сұрақтарын жасау үшін қолдануға болады. Білім беруде жасанды интеллектті қолданудың оң және теріс жақтары бар. Қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін білім алушылар мен мұғалімдер адалдық нормалары мен этикалық стандарттарды сақтай отырып, жасанды интеллектті қолдануға саналы және жауапкершілікпен қарауы керек.Ғылыми жұмыс жазу терең талдауды, әдебиетті зерттеуді, жаңа немесе ерекше идеяларды анықтауды қажет етеді. Бұл әсіресе егер осы салада жеткілікті тәжірибесі болмаса білім алушылар үшін күрделі және уақытты қажет ететін процесс.Білім министрлігі мәлімдегендей оқушылардың ғылыми іс-әрекетке деген қызығушылығын ояту үшін оларға ғылыми зертханаларға кіру мүмкіндігі беріледі, семинарлар мен шеберлік сабақтары өткізіледі, ғылыми жетекшілер мен тәлімгерлер бекітіледі.» — деді Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі А.Бугенбаева

Жас мамандар семинар барысында жасанды интеллект қолданбаларын, геймификацияны, яғни оқуда ойынды кеңінен қолдану әдістерін жүзеге асыру барысын үйреніп, тиімділігіне көз жеткізді.

Кентау: «Цифрлық ұстаз» тақырыбында үстел өтті

Кентау қаласы білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, әдістемелік кабинеттің 10 күндігі аясында «Оқушыларды әлеуметтік және педагогикалық тұрғыдан қолдау және «цифрлық ұстаз» тақырыбында Кентау қаласы білім бөлімінің әлеуметтік сала әдіскері А. Шиналиев дөңгелек үстел өткізді.

Мемлекет және демеушілер тарапынан әлеуметтік осал топтан шыққан тәрбиеленушілерге әлеуметтік қолдау көрсету жылдан-жылға күшейіп жүйеленіп келеді. Биылғы жылдың жаңалығы әлеуметтік осал топтан шыққан тәрбиеленушілерге педагогикалық қолдау көрсетуі болып тұр. Ол «Цифрлық ұстаз » жобасы. Бұл жоба мемлекет басшысы Қ. Ж. Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауынан бастау алған болатын. Жоба мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан және үлгерімі төмен балаларға негізгі пәндер бойынша білімін толықтыруға мүмкіндік беру. Жобаны  министрлік балалардың білім сапасын арттыру үшін алгебра, геометрия, химия, Қазақстан тарихы сияқты негізгі пәндер бойынша білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру үшін ұйымдастырып отыр. Негізгі пәндер бойынша білім алушылардың білімін арттыру, цифрлық білім беру ресурстарын, бейнесабақтарды, электронды оқулықтарды, білім беру платформаларының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Цифрландыру мәселелерінде мұғалімдерге қолдау көрсету. Үлгерімі төмен білім алушыларға психологиялық, академиялық және когнитивті қолдау көрсету. Академиялық қолдау көрсетуде 2 пән бойынша жеке оқыту, күрделі және көлемді тақырыптар бойынша кеңес беру.

Жоба аясында бөлімге қарасты мектептердің әлеуметтік педагогтері қосымша сабаққа қатысушылар тізімін анықтап ұсынып, әрі қарай бірлесе сүйемелдеу қажет. Осы бағытта Кентау қаласының мектептерінде бұйрық пен кесте бекітіліп жұмыстар атқарылуда. Жаңа басталған жоба болғандықтан іске асыруда біршама мәселелер туындауда. Дөңгелек үстел барысында да мәселелер анықталып, педагогтер өзара тәжірибие алмасты. М. Қашғари атындағы мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогі Ш. Рахманова слайд негізінде баяндама оқып, өз мектебіндегі «Цифрлық ұстаз » бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып, тәжірибиесімен бөлісті.

 

« — Мемлекет басшысының жолдауында білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, әрдайым даму жолында болып, бәсекеге қабілетті, креативті әлеуетін дамытумен айналысатын, еңбекқор тұлға қалыптастыруда басты үміт ұстаздар қауымына жүктелетінін атап айтқан. Оқыту – бұл біздің профессиональды міндетіміз. Ал білім әр оқушының жадында түпкілікті  сақталып, өмірде қолдана білуі ол  ұстаздар тарапынан табысты оқыту болып табылады. Ол үшін оқушылардың қазіргі уақытта оқып жатқан пәндік салалар мен бұрын  қарастырылған тақырыптар арасында байланыс орнатуына үнемі ықпал етуіміз керек.Оқу бағдарламасы ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді жоспарда белгілі бір бөлім немесе бөлімше аясында қамтылуы тиіс тақырыптар мен оқу мақсаттары көрсетілген. Ұзақ мерзімді жоспар күнтізбелік-тақырыптық жоспарды әзірлеуге негіз болып табылатыны анық. Оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін мұғалім мен оқушыларға ұсынылатын жаттығу түрлері, ресурс үлгілері көрсетіледі. Осы орайда ұстаздар ұсынымдық құжатқа сүйене отырып, жаттығу түрлерін бейімдеп, оқушының қызығушылығына, қажеттіліктері мен жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін өзінің балама түрдегі ресурстарын таңдай алуы маңызды. Содан кейін іске асатын жоспар — қысқа мерзімді жоспар болып табылады. Қысқа мерзімді жоспар құру барысында тиімді, табысты жақтарын оқу материалы мен сабақтағы іс – әрекетті жеке оқушының қажеттілігі мен жас ерекшелігін ескере  отырып, құрастыру қажет.  Сабақ барысында қазіргі заманауи оқыту әдіс — тәсілдерін пайдалана отырып, көптеген жаттығу түрлерін пайдалануға тырысқан жөн. Осы орайда, басты назарда ұстайтын жағдай қазіргі оқушылар бір тапсырманың төңірегінде ұзақ уақыт шоғырланып отырып қалмау керек. Себебі қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселе, білім берудің сапасын жаңа стратегиялар мен инновациялық технологиялардың тиімді әдіс-тәсілдерін  кеңінен қолданбай цифрлық құрылғыларға бейімделген шәкірттердің білімге деген құштарлыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Яңни, ХХІ ғасыр дағдысын меңгерген оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру — бүгінгі педагогтың басты мақсаты. Сол үшін де, бізге жаңа технологиялармен жәй ғана танысып қоймай, нақты педагогикалық жағдайларда қандай цифрлық құралдардың неғұрлым қамтамасыз ететінін түсіну өте маңызды. Осындай маңыздылыққа сүйене отырып, кез келген оқушыға барынша жайлы білім беру ортасын жасауымыз керек. Педагог жаңа технологияларды пайдалану арқылы өзінің терең білімділігі мен біліктілігін, шеберлігін шыңдайды. Заманауи білім берудің бағыттарының бірі – әлеуметтік желілерді білім беру ресурстары ретінде пайдалану және шеберлік сабақтар мен тренигтер өткізу. Осы арқылы өз – өзімізді түзетіп,даналықтың жетелейміз.» — деді М. Қашғари атындағы мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогі Ш. Рахманова

Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскері А. Шиналиев «Цифрлық ұстаз» жобасы мектептерде жүйелі өткізілуі қажет екендігін айтып, мектеп әкімшілігі мен жауапты педагогтердің жобаға терең назар аударуды қажет екенін айтып,қорытындылады.

Кентаулық әдіскер тиімді әдіспен іс-шара өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осыған байланысты «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімі жасақталып,оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма енген еді. Оның 76%— отандық, 24%— әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері. Тиісінше осындай тағылымы мол бағдарламаны білім ордалары мен мектепке дейінгі мекемелерде жүзеге асырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру өте маңызды.

Осы бағытта, Кентау қалалық білім бөлімінің 2024 жылдың 21-31қазан аралығында «Әдістемелік кабинеттің-10 күндігі «жобасы, «Мектеп оқушыларын кітапханаға тарту жұмыстары» «Балалар кітапханасы» жобасы аясында кітапхана ісі бойынша әдіскер М.Ерназарова кітапханашылармен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шара барысында оқушыларды кітап оқуға баулу, қызықтыру мақсатында әдіскер өз тарапынан тренингтер мен ақпараттық жұмыстарын жүргізді. Бағдарламаның негізгі мақсаты: мектеп кітапханасын балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында электронды кітап қорын толықтыру.

Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» жобасы бойынша отандық шығармалар қатарына Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сында қаламгерлердің шығармалары енген. Ал әлем әдебиетінің тізімінде Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Александр Островский, Вальтер Скот, Михаил Лермонтовтың еңбектері бар. Тізімді жасақтау үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары, мектеп кітапханашылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескерген болатын. «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімін жасақтау үшін арнайы тәуелсіз қоғамдық комиссия құрамына ҚР ұлттық ғылыми академиясы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы мен ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының мамандары кірген болатын. Олар бірнеше кезең бойынша талқылаулар жүргізіп, барлық жанрлық бағыттарды қамтыды. Жасақталған тізімнің 40%-ы–көне классикалық әдебиет, 30% -ы «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет», 24%-ы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінен тұрады.

Ал, әдіскер М.Ерназарова ұйымдастырған дөңгелек үстел шарасында қала мектептерінің кітапханашылары 3 топқа бөлінді. Топқа бөлудің өзін әдіскер қызықты етіп еңбек, білім, кітап тақырыбында қатысушыларға нақыл сөздер айтқызып, топқа бөлді. «Еңбек», «Кітап» ,»Білім» болып аталған топтар алдарына берілген кітаптарды пайдаланып өз шығармашылықтарын ортаға салып бір біріне өлең шумақтарын арнап, әдемі тілектер мен бастаса, екінші кезеңде арнайы таңдалған роман, ертегі,әңгімелер желісімен кітапқа талдау жасады. Бұл да кітапханашының жұмысын жандандыру мақсатында өте пайда беретін әдіс. Шара барысында «Тәтті тосап»деген әдіспен топтарды шығарманың бір мәтіні арқылы атын,авторын анықтау арқылы сайысқа түсірді. Біріне роман келсе енді бір топқа повесть және ертегі жасырылған мәтіндерді анықтап, кітапханашылар өздерінің шығармашылықтарын бағалады.

Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Қазіргі кезде еліміздің мектептеріндегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуықтайды екен. Ал, электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізіліпті.

КЕНТАУДА КІТАПХАНАШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Елімізде 24 қазан – кітапханашылар күні. Осыған орай, Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде мерекелік кеш өтті. Мерекелік жиында қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова кітапхана ұжымын мерекемен құттықтады. Осы салада еңбегі орасан бірқатар кітапханашыларға Алғыс хаттар табыс етті. Іс-шараға ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ардагер ұстаз, Кентау қаласының Құрметті азаматы Бибі Дәрібаева мен ақын, «Қала жанашыры» төсбелгісінің иегері Мұхит Мақажанов қатысып, кітапхана қызметкерлеріне деген жүрек жарды ізгі ниеттерін білдірді.

Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Кітапхана- ғасырлар бойы келе жатқан білімділіктің киелі ордасы. Кітапханашылар – ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір.

« — Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. «Жақсы кітап – жан азығы». Кітап адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі, кез-келген елдің мәдениетінің ең бастысы – кітапхана. Кітапхана-ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байтақ пен біліктіліктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын ояту кітапханашының тікелей міндеті. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.» — деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова

Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.

« — Қасиетті қазынамызды көздің қарашы­ғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады. Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы мен үшін өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді«Мен кітапхананы ақыл — білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын», — деп жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев айтқандай, біздің кітапханашылар кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, мейірімді жүздерімен өздеріне бірден баурап алады. Кітапханадағы көпшілік жұмыстардан қызметкер ретінде маған ұнайтыны, жастардың қарым-қатынасын қалыптастыратын, олардың пікір алмасу арқылы ойларын өрістететін ортаның-әдеби клубтардың жұмысы. Жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың жастарға берері мол, сондай-ақ инабатты да, еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет.» — дейді беру ісінің үздігі, ұлағатты ардагер ұстаз Бибі Дәрібаева

Айта кетейік, жалпы Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 10 кітапхана бар.10 кітапхананың 4-і ауылдық ,6 кітапхана қала аумағында қызмет етеді. Кітапханаларда жалпы 284420 дана кітап қоры бар. Соңғы уақытта кітап оқитын оқырман саны артқан. Бүгінгі күнге дейін 152124 кітап оқуға берілген.

КЕНТАУДА «ӘЖЕЛЕР – ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІҢ ӨНЕГЕСІ» ШАРАСЫ ӨТТІ

25-ші қазан Республика күніне орай, қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы “Әжелер алқасының” ұйымдастыруымен “Әжелер — ұлттық дәстүрдің өнегесі” атты рухани мәні зор кездесу өтті. Игі шараға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, облыстық әжелер алқасының төрайымы Балымхан Байтенова, Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы Серім айғаным, Кентау қалалық әжелер алқасының төрайымы Роза Жұмабайқызы, қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Мамиржан Юлдашев, ардагерлер, кітапханашылар және мектеп оқушылары қатысты. Іс-шараның мақсаты: жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеу. Әже тәрбиесін үлгі ету. Әжелердің айтқаны асыл екенін ұғындыру, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану. Баланы кішіпейілдікке, қарт адамдарды құрметтеуге үйретуге бағытталды. Шарада әжелерден құралған топ ұмыт болып бара жатқан түрлі салт-дәстүрлерді насихаттап, қол өнершілердің туындылары арқылы ұлттық құндылықтарымызды көрсетті.

Салт-дәстүр атадан қалған мұра. Кенді қалада өткен игі шарада елді, өз туған өлкесін, салт-дәстүрді шынайы сүю және оны насихаттауға басымдылық берілді. Себебі қазақтың асыл қасиеттері әр жүрекке қуат, көңілге мақтаныш берері анық. Мерейлі кеште көпшілікке қолданыстан шығып  қалған салт дәстүрлер жақынырақ  таныстырылып, жоғалып  бара жатқан салт дәстүрлерді қайта жаңа қолданысқа енгізу маңызды екені дәріптелді.

« — Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, өнеге тәжірибесін құраған. Қазақ халқы – салт — дәстүрге өте бай халық. Ал салт-дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды.   Алайда   қазақ  елінде  ертеден  қолданылып  келе  жатқан  салт-дәстүрлер ұмыт  болып  бара  жатыр.Біздің мақсат осындай салт-дәстүрлерді дәріптеп, ел назарына жеткізу.» — деді кентаулық әжелер.

Мысалы, қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді.

Сонымен қатар, ерулік беру дәстүрі — халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен, яғни қазы-қарта, жал-жая, тағы басқа тағамдар пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады.

Тағы бір игі дәстүр жылу жинау. Бір адам бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ор тасынан бір адам ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін қартаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар.


Ал ақсарбас атау дәстүрі бойынша қазақ халқы, қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа қой, көкқасқа жылқы, қызыл-қасқа сиыр. Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс болған екен.

Құрсақ той, құрсақ шашу — бұл өзінің келінінің аяғы ауыр екендігін білген ене достарын, туыстарын, көрші-қолаңдарын шақырып, мол дастархан жаю дәстүрі.

Бұл шараның мақсаты жүкті болған келіннің көңілін аулау. Үлкендер жағы болашақ анаға баталарын берсе, құрбылары, жеңгелері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Абысын асы— Бұрыңғы кезде қазақ келіндері ерлерінің рұқсатынсыз көңіл көтермеген. Ерлері тойға, айтқа кеткен кезде ауылда тек әйелдер ғана қалған. Осы кезде олар дәмді еттерін асып, самауырынға шәйлерін қойып, бастарын бір жерге қосып әзіл-әңгімелерін жарастырған. Бұл қазақ әйелдерінің береке-бірлігін, татулығын арттырған. «Абысын асы» әйелдердің татулықта өмір сүруіне тәрбиелейді.

Қап қағар –қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр “ ет қайтар” деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді.

Наурыз төлі -төл басы ретінде қараған, төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға бермейді. Мұндай мал тек қызығына, тойына сойып, ырым еткен.

Аушадияр — Үйлену  тойы кезінде айталатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып өмірге әкелген жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек, бұл Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.

 Өңір салу— Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.

 Атбайлар —  Мұныда екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туытсра оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

АсатуКөпшілік аузы дуалы, елге сыйлы ақсақалдар өз қолымен табақтың түбінде қалған асты өзінің балаларына берген. Бұрыңғы кезде балалар қонақ шақырған үйді айналшықтап жүрген, өйткені оларды кез келген уақытта асқа шақырып қалуы мүмкін. Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларында бұл дәстүрлі насихаттаған болатын.

Құйрық бауыр — «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.

Енші беру — Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкі қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс.

Сүт ақыҚыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.

» — Ұмыт  болып  баражатқан  салт  дәстүрлерден  бөлек  қазақ  халқының  дәстүрлеріне  ұқсас салттар  бар.Мысалы: Пасха  мерекесі   қазақ елінде  тойланатын  наурыз  мерекесіне  ұқсас. Ұлы батырымыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз» десе, батыс ойшылы В.Г Белинский: «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Қазақ халқындағы секілді орыс дәстүрінде де ер адам үйдің басшысы, отағасы, отбасының қорғаушы, қамқоршысы саналады. Ер адам тұтынған заттар киелі деп есептеліп, құрметпен қараған. Мәселен, үйлену тойынан кейін, қалыңдық өз ер азаматының аяқ киімін шешіп жоғары қояды, бұл ер азамат қашанда әйел адамнан жоғары тұру деген мағынаны білдірсе керек. Халық-қалың орман,әрі пана,әрі қорған», — деп Қ.Мырзалиев ағамыз жырлағандай, әр халықтың өзінің кәсібіне,сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын салт-дәстүрі болады. Халықтық салт – дәстүр, мәдениет құндылығы – халық қазынасының озығын, ақылды да әдепті жан – жақты жетілген патриоттық сезімдегі азамат тәрбиелеуде пайдалансақ, қателеспейміз. Жан – жақты ел тарихын білетін, Отанын сүйетін, заман талабына сай оқушылар мен жастарды тәрбиелеу бүгінгі күн талабы. Әр   мемлекеттің  көркі  дәстүр  салтына байланысты. Сондықтан  қазақтың   асыл  мұраларын  көзіміздің  қарашығындай  сақтап  келешек ұрпаққа  жалғастырып отыруымыз  қажет. Еліміз  салт-дәстүрге бай  болсын дегіміз  келеді.» — деді ақ жаулықты әжелер.

ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТУДЫ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Аталған декларация еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болды. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері, ел аумағының тұтастығы жарияланды. Қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітіліп, көпшілікке ұсынылды. Осы декларацияның арқасында ел тәуелсіздігінің негізі қаланған болатын. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген еді Президент.

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.

Міне осындай мерейлі мерекеде Түркістандағы «Рәміздер» алаңында 25 қазан – Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні шырқалып, Көк байрақ желбіреді. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ел ағалары, жастар, қала тұрғындары қатысты.

« – Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздегі ең маңызды мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев І Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы халық қолдады. Себебі, оның тарихи мәні бар. Бұл – ұлт үшін жанын құрбан еткен батыр бабаларымыздың төгілген қаны мен еңбегінің өтеуі. Асыл аналарымыздың ақ тілегінің жемісі. Сондықтан азаттықтың қадірін білуіміз керек. Жыл сайын Республика күні Президентіміз ту көтеру рәсімін өткізеді. Бұл іс-шара республиканың барлық өңірінде өз жалғасын табады. Міне, биыл да осы мақсатта Түркістан төрінде жүздесіп тұрмыз. Бүгінгі мереке Республиканы құрудағы тұлғалардың елеулі еңбегін дәріптейтін, азат ел екенімізді мақтан тұтанын күн екенін естен шығармайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көк байрағымыз әрдайым көкте желбіреп, еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Республика күніне орай Түркістан қаласында авто және велошеру ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама ұсынылып, отаншылдықты дәріптейтін әндер шырқалды. «Жаңа леп» өнер ұжымы хор орындады. Әскери оркестр Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін, ал «Сарын» тобы «Қазақстаным» әнін шырқады. «Айдай» би ансамблі мен жастар флешмоб көрсетіп, көпшілікке мерекелік-патриоттық көңіл-күй сыйлады.

Түркістан жұртшылығы маңызды мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, мемлекеттік рәміздер дәріптелді. Бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Түркістандағы ту тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр.

Ел тарихында ұлттың еңсесін көтерген тарихи тұлға

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде қазақтың біртуар азаматы, ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Қазақстан және Нұртас Оңдасынов құбылысы: Мәдени талдау аспектісі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылу салтанаты өтті. Республика күні қарсаңында ҚР Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қорының қолдауымын өткен шараны университет ректоры Жанар Темірбекова жүргізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қайраткердің экономиканы, ғылымды дамыту үшін атқарған өлшеусіз қызметіне тоқталып, ұлтқа еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттау игі іс екенін жеткізді.

– Алдыман баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері, ел басына күн туған шақта, аса қиын кезде ел басқарған, қайраткерлік танытқан Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы сәтте Нұртас Дәндібайұлының туған жері, Түркі әлемінің төрі – Түркістанда сіздермен жүздесіп тұрғаныма қуаныштымын. Түркістанның ойшылы, Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет!» деген қанатты сөзі бар. Нұртас Дәндібайұлы осы құрметке барынша сай тұлға. Киелі Түркістан өңірінде ел азаматының есімі ұлықталып келеді. Тұлғаның атында музей бар, білім ұясына, көшеге есімі берілген. Қайраткердің еңбегі мәңгі ел есінде қалады. Бүгінгі конференцияда ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері тұлғаның саяси, рухани, тарихи болмысын ашып, тың деректер тарихи айтылады деп сенемін! – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Аталған шараға елімізге танымал қоғам қайраткерлері, жазушы, ғалымдар, тарихшылар, ардагерлер, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар жиналды. Ауқымда іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қазыбек Иса, Жазушылар одағының мүшесі, «оңдасыновтанушы» Гүлсім Оразалиев және тағы басқа спикерлер сөз сөйлеп, Нұртас Оңдасыновтың тұлғалық және кәсіби қасиеттеріне, келешек ұрпаққа қалдырған мол мұрасының құндылығына тоқталды. Сонымен қатар шара барысында Нұртас Оңдасыновтың өмір жолы, ел үшін аянбай атқарған қызметтері, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ерен еңбегі туралы баяндамалар оқылды.

Конференция алдымен жалпы пленарлық отырыстан басталып, әрі қарай 4 секция бойынша жалғасып жатыр. Пленарлық отырыстан соң, Мәдениет орталығының алаңына шынар ағашын отырғызу рәсімі ұйымдастырылды. Қонақтар шара соңында Түркістан қаласының туристік орындарын аралап, қаланың даму барысымен, сәулетімен танысады.

Айта кетейік, Нұртас Оңдасынов – мемлекетімізді нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ол аса күрделі кезеңде ел басқарып, көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып, халқының мүддесін бәрінен биік қойып, экономика, білім-ғылым, мәдениет саласында ауқымды өзгерістер жасап, қиын кезеңнен кейін елімізді дамытуға, ұлтымыздың еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірді.

ҚАЗЫҒҰРТТА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында 25 қазан – Республика күніне орай жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы болған Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр сайысына республиканың әр өңірінен келген от ауызды, орақ тілді 10 ақын қатысты. Олар айтыс өнері арқылы еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, түрленген, гүлденген Түркістанды және киелі Қазығұрт өңірін жырға қосып кеңінен насихаттады.

Қазығұрт ауданында руханият саласында аянбай тер төккен ұлтжанды азаматтар аз емес. Сондай көрнекті тұлғалардың бірі – жазушы Қалаубек Құдайбергенұлы Тұрсынқұлов. Қалаубек Тұрсынқұлов Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында 1934 жылдың 25 наурызында дүниеге келіп, 2009 жылдың 30 қаңтарында өмірден өтті. Еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастаған Қалекең аудандық, облыстық, өлкелік комсомол комитеттерінде бірінші хатшы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде хатшы, республикалық баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, республикалық мемлекеттік телерадио компаниясы төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ, отыз жылға жуық Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі хатшысы болды. Осы аралықта қыруар қоғамдық жұмыстар атқарды. Қаншама жасты тәрбиелеп, өмір мектебінде шыңдап, қанаттандырды. Көне түркі әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Атаийдың Қазығұрт ауданындағы Тұрбат кентінен екенін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеген. Елеусіз қалған Орынбай Тайманов, Саттар Ерубаев сияқты талант иелерін әдеби ортаға қайта оралтып, оқырмандарымен табысуына ықпал еткен екен. Қалаубек Тұрсынқұлов  өзі өскен Қазығұрт ауданын көркейту жолында да елеулі еңбек сіңірді. Ауданның Қазығұрт аталуына, Қазығұрт кентіндегі саябақтан «Даңқты батыр бабалар» аллеясын тұрғызуға, Қазығұрт тауының асуына Нұх пайғамбар кемесінің монументін қоюға бастамашы болды. Сонымен бірге республикада тұңғыш рет ауданға арналған «Қазығұрт» энциклопедиясын құрастырып, шығаруға басшылық етті.

Арда азамат алғашқы шығармаларын елуінші жылдардың екінші жартысында жазды. «Қалкен Шарболатұлы» деген атпен «Кәпірзада» пьесасы, әңгіме, повестері баспасөзде жарық көрді. Алғашқы әңгімелер мен повестер жинағы «Алысқа тартқан жол» 1969 жылы шықты. «Арман азабы» пьесасын, «Есіңде ме сол бір кез», «Хал қалай, жолдас хатшы», «Кешіккен хат», «Анды-Қарағыз» повестерін, «Поляр шеңберінің маңында», «Олар оралған жоқ», «Сардана мен қызғалдақ», «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» секілді роман-эсселер жазды. К.Яшеннің пьесаларын, Р.Файзидің «Айналайын атыңнан» романын, Ғ.Гулямның «Ташкенттіктер» романын, И.С.Тургеневтің «Бейбақ», С.Даниловтың «Мангары» повестерін, Л.Н.Толстойдың әңгімелерін, және басқа да жазушылардың шығармаларын аударды. Жекелеген повестері орыс, украин, белорус, чех, өзбек, тәжік, якут, татар, башқұрт, армян, т.б. тілдерге аударылған. Өзбек тілінде 3 кітабы, саха тілінде 3 кітабы, Мәскеу баспаларынан 3 кітабы жарық көрген. Екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен Эрлик Эристин атындағы әдеби сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері.

Міне осындай өмірі өнегелі тұлғаға арналған сөз бәйгесіне айтыскер ақын, сазгер, журналист Бекжан Әшірбаев, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев, ақын, дәстүрлі әнші-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аязбек Рустамов, Қазақстан Журналистер одағының, Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, ауданның құрметті азаматы Райымбек Айтубай қазылық етті. Аламан айтысқа аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатыты. Барша қонақтар мен көрермендерді, ақындарды мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, айтыс өнерінің дәрежесі биік, теңдессіз талантты талап ететінін сөзге тиек етіп, ақындарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Қазақтың айтыс өнері – ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, заманамен тілдесіп келе жатқан кемел дүние. Бұл өнер түрі қазаққа ағайындас, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қоғамдық өмірі ұқсас келетін қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Басты ерекшелігі – оның суырыпсалмалы түрде орындалуы.
Айтыстың дәстүрлі сипатына қарай, мазмұн, мәніне, орындалу орны, мақсатына қарай түрге бөлінеді. Зерттеушілер әдет-ғұрып, қайым, жұмбақ, діни, ақындар немесе бәдік, жар-жар, мал мен адам, өлі мен тірі, салт, қыз бен жігіт, ру, совет дәуіріндегі деп жіктеп, ақындық тәсілге, айтыстың дәстүрлі сипаттарына кең тоқталады. Айтыс өлеңдерін, әдебиеттік жағынан қарастырғанда, мазмұны мен тақырыбына қарай екі түрге бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – қазақ  халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына қарай бөлінеді. Ал, екіншісі – ақындардың шын мәніндегі өзара айтысы. Қазақ айтысының күрделі де қомақты бөлігін осы айтыс түрі құрайды.

Ал түбіне келгенде, айтыстың түйіні – шындық. Қандай жүйрік, желқабыз, тапқыр ақын болса да шындықтан жалтарып құтылып кете алмаған, оның бәрі де тек шындықпен суарылған аталы сөзге тоқтап бас иетін болған. Бұл тартпас уәж, шындыққа құрылған бір ауыз сөздің жеме-жемде айтыс тағдырын шешіп кететіні де осыдан. Бұл сипаттарымен айтыс өзіміздегі шешендік сөздерді еске салады. Әдетте, айтыста көптеген мәселелер көтеріліп, бір тақырыптан екіншісіне ауысып отырады. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан мәдени мұрамыз – айтыс өнері — өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын –жыршылардың тәжірибе мектебі, халқымызды иісі қазақ екенін бүкіл әлемге танытатын биік шыңы.

Қазығұрт ауданында өткен айтыста қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпын, руханиятын қамтып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Қарағанды облысынан келген Мақсат Аханов бас жүлдені иемденсе, жүлделі І орын Түркістан қаласынан келген Бекарыс Шойбековке бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Алматы облысының ақыны Айым Амирханова, ІІІ орынды Астана қаласынан Иран-ғайып Күзембаев, Қызылорда облысынан Нұрмат Мансұр және Алматы қаласынан Нұрзат Қару еншіледі. Ал Түркістан облысынан келген Нұрлыбек Мейірманов, Нұрмахан Жақыпбек, Шымкент қаласынан Мейіржан Жарылқап және Қазығұрт ауданының ақыны Ерасыл Жақсыбек аудан әкімінің және басқа да арнайы жүлделермен марапатталды.