«TURKISTAN MARATHON» МАРАФОНЫНА ӘЛЕМНІҢ 40 ЕЛІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

Түркістан қаласында «Turkistan Marathon – 2024» марафоны өтті. Оны Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырды.

Жарыс Visit Turkistan аумағында өтті. Оған 40-тан аса елден келген 3000 әуесқой спортшы қатысып, Түркістанның көрікті жерлерін аралап, Бекзат Саттарханов даңғылымен әуежайға қарай жүгіріп өтіп, мәреге қайта оралды.

Жарыс сөресінде барлық қатысушыны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтап, марафонға қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін біз қаламыздың және еліміздің өміріндегі маңызды және айтулы оқиғаның бірі – Түркістан марафонында жолығып тұрмыз. Бұл спорттық мереке ғана емес, ерік-жігердің, батылдықтың мерекесі. Түркістан қаласында осындай ауқымды іс-шараның өтіп жатқанына қуаныштымын. Марафон арқылы бұқаралық спорт, саламатты өмір салты насихатталады. Мұндай шаралар елімізде бұқаралық спорттың дамуына зор септігін тигізеді деп сенемін. Қоғамда салауатты ұрпақ қалыптастыруға үлес қосады. Сонымен бірге Түркістанның туристік және спорттық әлеуеті таныстырылады. Сондықтан марафондар барлық аудан, қалада тұрақты өтуі тиіс. Түркістан төріндегі марафон халықаралық деңгейде танылып, шетелден де қатысушылар саны көбейеді деген ойдамын. Бұл марафон сіздерге тек жағымды эмоциялар сыйлап, спорттағы және өмірдегі жаңа жетістіктерге бастама бола берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

«Turkistan Marathon» марафонының қашықтығы дәстүрлі түрде 10 шақырым спутниктік жарыс, 21,1 шақырым жартылай марафон, 42,2 шақырым марафон және 3 шақырым (10-14 жас аралығындағы балалар) қашықтығы боп бекітілген.

Марафон AIMS халықаралық сөре мен жүгіру қауымдастығының бір бөлігі және трек World Athletics стандарттарына сай сертификатталған.

Айта кетсек, марафон аясында 35 жастан асқан қатысушылар арасында 42,2 шақырым жүгіру жарысы бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Жеңімпаздарға арнайы қаржылай және сертификатты сыйлықтар табыс етіледі.