ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 270 МЫҢНАН АСТАМ АДАМҒА ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ГЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛЫНДЫ

Түркістан облысында 2024 жылы тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 дана «Гриппол+» екпесін тұрғындарға егу жұмыстары жүргізілді. Жалпы өңір тұрғындарының 12,9%-на екпе егілген. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.

«Түркістан облысы бойынша 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымда 9 қаңтарға дейін ЖРВИ-дің 125 804 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 69 142 жағдай, 1 жасқа дейінгі балаларда — 9985, жүкті әйелдерде — 7143 ЖРВИ аурушаңдығы анықталды. Жалпы инфекциялық ауруларға, әсіресе ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздығымен сипатталатыны жасырын емес. Аурушаңдық кез-келген уақытта тез көтеріліп, асқыну жағдайы орын алуы ықтимал. Бұған еліміздің алыс-жақын шетелдермен, оңтүстік-шығыс Азия елдерімен саяси-экономикалық, туристік қарым-қатынастың белсенді дамуы өз ықпалын тигізетіні айқын», — дейді спикер.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды қазіргі таңда аймақтағы эпид ахуал туралы баяндады.

«Қазіргі таңда облыс бойынша 685 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде ересектерге арналған — 240, балаларға арналған — 445. Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны – 486, оның ішінде ересектер саны – 199 болса, жүті әйелдер – 66, сондай-ақ 221 бала тіркелген», — деді Бауыржан Нұрланұлы.

«МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ МЕН «MARKHABAT.KZ» АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында танымал жазушы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толу құрметіне «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» ақпараттық порталының таныстырылымы өтті. Әдеби басқосу халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың шығармашылығын дәріптейтін көрмені тамашалаудан басталды.
Келелі жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, әйгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қаламгердің асыл жары Қыздаркүл Пернебайқызы, перзенті Ақлима, інісі Нышан Байғұт, сондай-ақ оқырман қауым қатысты.
Басқосуды «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Ал журналдың бас редакторы Оралхан Дәуіт журнал мен ақпараттық порталды таныстырды.
Мархабат Байғұттың жанашырлығын көріп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алған шәкірттері, жас қаламгерлер атынан ақындар Мұқағали Кенжетайұлы мен Сезім Мергенбай өлеңдерін оқып, әдемі әсерге бөледі. Классиктің өзі орындаған әні мен сұқбаттарын бейнетаспадан тамашалаған көпшіліктің көңілі толқыды.
Жамбыл облысынан келген бір топ қаламгер Мархабат Байғұтпен ерекше байланыста болған Шерхан Мұртазаның көптомдық жинақтарымен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын қоса тапсырды.
«Мархабат» журналы екі мың дана таралыммен шығады. Жазылу индексі – 76104.