Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты түрде жалғасуда. Қабылдауға келген тұрғындардың мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге көтерілген әрбір мәселені зерделеп, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Онда көтерілген мәселелердің бірі сол мезетте шешімін тапса, бірінің шешілуіне уақыт қажет.
Жеке қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларынан және Созақ, Сайрам, Келес, Сарыағаш аудандарының азаматтары келді. Олар сан түрлі мәселе көтерді. Қабылдау барысында жұмыс сұраған азаматтарға жұмыс ұсынылды, денсаулығына байланысты көмек сұрағандарға тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар жер телімін алу, жануарлардың құқығын қорғау, өтемақы алу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру жайы қозғалып, ауыл шаруашылығы саласына байланысты ұсыныстар айтылды.
Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аймақ басшысы кез келген көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, шешілуі өз бақылауында болатынын айтты.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған бағдарламалар үлкен қолдауға ие болып келеді. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тұрғын үй сертификаттары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыруға басымдық берілуде.
– Тұрғын үймен қамту өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында 14 161 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде, коммуналдық тұрғын үймен 7 567 отбасы, ал «7-20-25» және «Отбасы банк» бағдарламалары арқылы 6 594 отбасы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жерде динамикаға қарайтын болсақ жылына шамамен коммуналдық тұрғын үй қорынан және түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы 2 200-ге жуық пәтер табысталуда. Өткен жылдың өзінде 1 174 коммуналдық тұрғын үймен және 977 ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Одан бөлек, мемлекеттік қолдау арқылы азаматтар ипотекалық баспана алу мүмкіндігін жеңілдетіп, алғашқы жарнаны төлеу мәселесін де тиімді шешуге мүмкіндік алады. Тұрғын үй сертификаттары — бұл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) осы сертификаттардың мөлшерін және оларды алу шарттарын анықтайды. Осылайша, әр өңірдің тұрғындары өз жергілікті бюджетіне сәйкес тұрғын үй сертификаттарын ала алады.
Тұрғын үй кезегінің айқын болуы үшін тұрақты түрде түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023 жылы 3 818 азамат, ал 2024 жылы 4 599 азамат тұрғын үй кезегінен белгілі бір сәйкессіздіктердің анықталуымен шығарылған. Тұрғын үй кезегі толық электронды форматта жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтар үй кезегін «кезекте.кз» порталы арқылы кез келген уақытта көре алады.
Мониторинг жұмыстарының барысында көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алған. Атап айтқанда, субсидия алып жатқан 5 мыңнан астам отбасыдан кемшіліктер анықталып, келісімшарттары қайта қалпына келтіру мүмкіндігінсіз тоқтатылды.
Айта кетейік, тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізіледі. Азаматтар өз кезегінен тыс пәтер алмайды немесе өзге адамның орнына өтініш бере алмайды. Заң талаптарына сәйкес, әр азамат өз кезегін күтіп, әділ негізде пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар тұрғындардың сенімін арттырып, кезектің әділ түрде өтуін қамтамасыз етеді.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін көрсетіп келеді. Солардың бірі – «Кең дала» бағдарламасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, көктемгі егін егу, жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру мақсатында қысқа мерзімді жеңілдетілген несие беру қолға алынған болатын.
Атап айтқанда, 2024 жылы Түркістан өңірінде 1623 жобаға несие беріліп, бағдарламаны іске асыру үшін 11,4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2110 адам жұмыспен қамтылды.
2025 жылы 12,3 млрд теңгені құрайтын 1700-ге жуық жобаны қаржыландырып, 2200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жыл басынан бері 2 млрд теңге таратылып, 221 шаруа қожалығы қаржы алып үлгерді. Нәтижесінде 287 жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңірде аталған жұмыстарды үйлестіру «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қарасты «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-не міндеттелген.
Қазіргі таңда жоба қаржыландыру бойынша, құжаттар үздіксіз қабылдануда. Үміткерлер 500 мың теңгеден 300 млн теңгеге дейінгі сомада қаржылай қолдауға ие бола алады. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%-ды құрайды. Сондай-ақ, жеңілдікпен өтеу шарттары қарастырылған. Аталған жоба ең алдымен шаруаларға үлкен көмек көрсетуде. Сонымен қатар Түркістан өңіріндегі агроөнеркәсіпті ілгерілетуге мол ықпал жасауда.
Түркістан облысы дін істері басқармасының жанынан «Ынтымақ-Түркістан» клубы құрылған болатын. Бүгін, осы клуб аясында «Діни тұрақтылық – ел дамуының тұғыры» атты дөңгелек үстел өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, әр түрлі діни конфессиялардың өкілдері мен клуб мүшелері қатысты.
–Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда сіздердің орындарыңыз ерекше. Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Тек мешіт соғамын деген кәсіпкерлер мен меценаттарға басқа да сауапты істердің бар екендігін жеткізгім келеді. Қоғамның, елдің игілігі үшін әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылымды ретке келтірген жөн. Сонымен қоса салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау жұмыстарына баса назар аударылса дейміз. Өздеріңізбен бірлесе отырып нәтижелі жұмыс атқарамыз деп сенемін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Мақсаты – түрлі сенім мен дін ұстанушылары арасында конфессияаралық және дінаралық диалог пен келісімді сақтау және нығайту, өзара түсінісушілікті, сыйластық пен серіктестікті дамыту, қоғамның бірлігі мен татулығын нығайту. Жиын барысында діни конфессия басшылары мен жетекшілері ел тұтастығын сақтау мен өзара ынтымақтастықтың нығаюы жолында атқарар іс-шаралар мен қоғамда орын алып жатқан діни мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысының аумағында 6 діни конфессияға енетін жалпы 773 діни бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың қатарында исламдық емес бағыттағы 30 жергілікті діни бірлестіктер мен оның 5 филиалы бар.