ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ МЕН «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Биыл да Түркістан облысы аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоспар бойынша өңірде күнделікті өткізілетін 7263 сенбілік іс-шарасы бекітілді. Бұл жұмыстарға тұрғындар мен кәсіпкерлер де тартылып, тазалық жұмыстары білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, дін нысандарында күшейтілмек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында атқаралып жатқан жұмыстарды баяндап, жоспарлармен бөлісті. Қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктері және Облыстық кіріс департаменті тарапынан кәсіпкерлік нысандарының және іргелес жатқан аумақтарды таза ұстау бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық тұжырымдамасына сәйкес, барлық сала бойынша жеке жол картасы әзірленуде.

Бүгінгі таңда «телеграмм бот» платформасына 885 өтінім түскен. Оның ішінде, 866 өтінім орындалған болса, қалған өтінімдер орындалу барысында. 2024-2025 жылдары жолдарды қысқы күтіп ұстау үшін 4 мың шақырымға жуық жолға 121 арнайы техника, 259 жұмысшы жұмылдырылып, 4 мың текше метрден астам құм, 600 тоннаға жуық тұз қолданылуда.

Мәжілісте Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысын баяндады. Аймақта 29 мектептің құрылысы басталған. Оның 13-і тапсырылды. Қалған 16-сы биыл ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Тапсырылатын 16 мектептің 12-сінің шатыры жабылып, ішкі әрлеу, инженерлік инфрақұрылым тарту және сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары 60% орындалған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Жайлы мектеп» жобасын уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруды, жұмысты жандандыруды тапсырды. Аталған мәселелер қатаң бақылауға алынған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында мақта нарығына экспорттық тәуелділікті жою, тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген болатын. Жол картасына сәйкес, өңірде 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 14 мың жұмыс орны ашылып, жыл сайын салық түсімі 26,2 млрд теңге құрайтын болады деп жоспарланған. Аталған жоспардың орындалу барысы облыс әкімдігінде арнайы талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мақта кластерін дамытудың маңызына тоқталып, жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Мақта кластеріне қатысты жоспарды тағы да нақтылап, қарап шығыңыздар. Келісілген инвесторлармен байланысты үзбей, жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіңіздер. Мақта кластерін дамыту көзделіп отырған аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары жұмысты күшейтуі тиіс. Екіншіден, мақта алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізуде өңірде ашылған кәсіпорындар тартылуы қажет, – деген Нұралхан Көшеров мақта кластерін қалыптастыруға арналған жобалардың инфрақұрылымын тарту, ұйымдастыру жұмыстарын кешіктірген әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плалов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Сауран, Ордабасы, Шардара аудандарында бір-бірден және Мақтаарал мен Жетісайда кәсіпорыннан құру жоспарланған. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау көпсалалы нысанының құрылысы басталды. Жаңа қытай технологиясымен 1,2 мың гектарға мақта егілді. Технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік берді.

2025 жылы облыс бойынша мақта дақылын 135 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Оның ішінде: дәстүрлі тәсілмен – 85 мың гектар, жаңа технологиямен 50 мың гектарға мақта егілмек.

ТҮРКІСТАНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Ауқымда шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары қатысты.

«Киелі шаһарымыздың тазалығына ат салысқан әрбір азаматқа алғысым шексіз. Түркілердің рухани астанасына айналған Түркістанымыздың гүлденуі қала тұрғындарының біріге еңбек етуіне тікелей байланысты. Бүгінгі жалпыхалықтық тазалық жұмыстары нәтижесінде өңірге ат басын бұрып, қонақ болушылар саны да арта түспек. Себебі, қаланың көркі зәулім сарайлары ғана емес, тазалығына да тікелей байланысты»- деді шаһар басшысы.

Тазалық жұмыстарына қатысушылар саябақтар мен алаңдарды, арық-атыздар мен көшелерді қоқыстардан тазартты. Сенбілік белсенділері әрбір қала тұрғыны «Тазалық — денсаулық кепілі» екенін ұғынып, әрбір адам өз ауласын таза ұстау қажеттігін айтты.

«Біз секілді ерікті жастар қаламыздың көркеюіне үлес қосуға қашанда дайын. Замандастарымды игі істен қашпай, өзіміз мекен екен киелі шаһардың тазалығына ұқыптылықпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға барымызды салуымыз керек»-деп пікір білдірді ерікті жастардың көшін бастаған Дәурен Тілеухан.

Шараға 500-ге тарта түркістандықтар қатысып, 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Қоқыстар арнайы полигондарға жеткізілді. Сенбілік жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылыр тұрмақ.