ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ 10 КҮН БОЙЫ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ

Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. 14-23 наурыз күндері арылығында «Көрісу күні – амал мерекесі», «Қайырымдылық» сынды атаулы күндері түрлі шаралар өтеді. Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев брифингте мәлімдеді.

«14 наурыз – «Көрісу күні – амал мерекесі» күні Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы «Шәмші» аллеясында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының көрісу рәсімі өтеді. Аталған шарада қос өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, этнос өкілдері мен өнерпаздары кездесіп, көрісу күні орындалатын барлық рәсімдерді бірлесе атқаратын болады. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады. Ал, 15 наурыз –«Қайырымдылық» күні ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, «Мейірім – жүректен, қайырым – білектен» облыстық шарасы аясында қоғамның осал топтарына, соғыс, еңбек ардагерлеріне, батыр аналарға арнайы сыйлықтар тапсырылады» – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, 16 наурыз күні «Шаңырақ» атауымен аталып, барлық мектептерде, мектептен тыс мекемелерде концерттік бағдарламалар, сәндік-қолданбалы көрмелер, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету шаралары ұйымдастырылмақ. Ал, 17 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» деген атаумен барлық мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер ұйымдастырылады. 18 наурыз – «Ұлттық киім күні» ретінде сағат 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды. Сонымен қатар, 19 наурыз «Жаңару күні» деп аталмақ. Бұл күні барлық өңірлерде тал көшеттерін егу жұмыстары ұйымдастырылады.

20 наурыз – «Ұлттық спорт» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ал, 21 наурыз «Қош келдің – Әз Наурыз!» деген атаумен Түркістан қаласындағы «Керуен» сарайы аумағында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы күні қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Ән мен әнші Түркістан төрінде» концерттік бағдарламасымен қорытындыланатын болады. 22 наурыз «Жыл басы» күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады. Сондай-ақ, «Конгресс холл» кешенінде Республикалық ақындар айтысы, Түркістан музыкалық драма театрында 2 күн бойы «Вальс королі» қойылымы көрермен назарына ұсынылмақ. Ал 23 наурыз «Тазару» күні – облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізілмек.

ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ЗАҢ ШАҺАРДЫ ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Заң 13 баптан тұрады. Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына 44 қосымша құзыреттілік беріледі.

Құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу, қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау, археологиялық ескерткіштердің резерватын құру, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру мәселелері енгізілген. Сонымен бірге қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу, тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту, мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу, туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған Заңның маңыздылығына тоқталып, Түркістанды дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында халықпен кездесіп, Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасын көтерген болатын. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынып, Парламент Мәжілісі мен Сенатынан, Мемлекет басшысынан қолдау тапты. Президентіміз Заңға қол қойды. Бұл – Түркістан қаласы ғана емес, тұтас өңіріміз, еліміз үшін маңызды оқиға. Бұл құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, туризмді дамыту, қаланың әлеуетін көтеру жолдары қаралған. Түркістан – ықылым заманнан тарихи орталық болған. Қожа Ахмет Ясауи ғұлама өмір сүрген шаһарда ізгілік пен білім нұры шашылып, шартарапқа тараған. Қазақ хандығының астанасы ретінде ұлтымыздың айбынын асырып, халқымыздың бірлігі мен ерлігінің ордасына айналған. Сондықтан бұл шаһардың мәні де, маңызы да, беделі де, мәртебесі де әрдайым биік болатыны анық. Енді қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекеннің абыройы одан сайын асқақтап, рухани және тарихи-мәдени мұраларын қорғау, кеңінен таныту шаралары одан әрі жандана түспек. Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласын жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстарға бар күш-жігерімізді саламыз. Барша Қазақ елін, Түркістан жұртшылығын осы тарихи сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің еңсесі биік болып, Түркістанымыз дами берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Өңірде Заңдағы бастамаларды жүзеге асыру, Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Шаһарда республикалық, халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айта кетейік, 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осы аз уақытта шаһар дамудың жаңа сатысына көтерілді. Түркістан қаласының халық саны соңғы 4 жылда 31,5%-ға артып, 2025 жылдың 1 қаңтарында 237503 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, 2024 жылға 452,6 млрд теңгеге жеткен. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2023 жылы 66,2 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы 80,1 млрд теңге түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 2,3 есе өскен. Облыс орталығы болғалы қала бюджеті 3 есе өсіп, 147,2 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі жыл сайын өсуде. 2023 жылы 323,5 млрд теңге инвестиция тартылса, өткен жылы шаһарға 400,2 млрд теңге инвестиция тартылып, жұмыс қарқыны арта түсті. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта маңызды жобалар жүзеге асырылып, зауыттар салынуда. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемінің көлемі соңғы үш жылда 1,7 есе өсіп, өткен жылы 34,8 млрд теңгені құрады.

Былтыр Түркістанға Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шара өткізілді. Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда 165%-ға өсіп, 2023 жылы 1015,2 мың адамға жетті. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны соңғы үш жылда бірнеше есе өсіп, 12,2 мың адамға ұлғайған. 2024 жылы алдын-ала мәлімет бойынша Түркістан қаласына біркүндік келуші мен туристер саны 1,1 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға өскен. Сондай-ақ шетелдік біркүндік келуші мен туристер саны өткен жылы 23,2 мың адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артып отыр.

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

ҚР Президентімен қол қойылған «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңы» 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді. Енді есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылар мен есірткі таратушыларға, оның ішінде «есірткі курьерлеріне» қатысты қылмыстық жауапкершілік талаптары күшейтілмек. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Сабыржан Жарылқасынұлы брифингте мәлімдеді.

«Алғашқы рет заңды бұзған есірткі таратушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша төмендетілген санкциялармен жауапкершілікке тартылатын болады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі бойынша егер азамат аз мөлшерде есірткіні өткізсе, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған. Ал, 2-бөлігі бойынша егер азамат ірі көлемдегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Үшінші бөлігі бойынша егер азамат аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұрын ол 10 жылдан 15 жылға дейін болатын»-деді спикер.

ҚЫЗМЕТ АЛУШЫНЫҢ БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАРЫ TELEGRAM БОТ ПЛАТФОРМАСЫ АРҚЫЛЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық беріледі.

Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттері көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне және шешімдеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.

Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және азаматтардың өтініштеріне жедел кері байланыс орнату мақсатында өткен жылы «EgovKZBot2.0» telegram бот платформасы іске қосылған.

Бұл бот платформасының басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша халықпен жедел кері байланыс орнату және туындаған сұрақтарға толыққанды ақпарат ұсыну.

Осы ретте, Сарыағаш ауданының тұрғыны «EgovKzBot2.0» телеграмм боты арқылы «Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін алуға қатысты шағымын жолдаған.

Шағымда, ұлына 2009 жылы туу туралы куәлік алынғанымен, www.egov.kz “электрондық үкімет” веб-порталында әкесінің аты бағанында қателіктер кеткені көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 112 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, оларға «өзгерістер», түзетулер, толықтырулар енгізу, азаматтық хал актілерінің күшін жою және қалпына келтіру қағидасына сәйкес, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру кезінде тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу үшін қызметті алушы кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне немесе Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша нысанда не портал арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес тууды тіркеу туралы мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса отырып, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш береді.

Осыған орай, Департаментпен шағым иесіне қоңырау шалынып  Қағида талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді.

Өз кезегінде, шағым иесімен қажетті құжаттар топтамасы жинақталып, өтініш берілген.

Нәтижесінде, шағым иесінің құқықтары қалпына келтіріліп, тиісті түзетулер енгізілген.

Атап өту қажет, бот платформасы арқылы ағымдағы жылы
20-ға жуық өтініш келіп түскен.

Келіп түске өтініштердің басым көпшілігі, жүктілік, босануға байланысты және бала күтіміне арналған әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты болған.

Бұдан бөлек, телеграмм боттың жұмысын халықпен таныстыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілеріне бейнероликтер және халық көп шғырланатын жерлерге QR код бейнеленген баннер эскиздері шығарып жарияланды.

Сондай ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облсы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде және Түркістан қаласының Халықтық кеңсесінің
LED-экрандарында тиісті бейнероликтер жарияланып, тұрақты негізде көрсетілуде.

Қазіргі таңда, Департаментпен шағымдану тетіктерін оңтайландыру және қызмет көрсету мәселелері бойынша кері байланысты жеделдету мақсатында «Sapaly qyzmet» телеграмм ботымен қатар «Сенім телефоны» Сіздерге уақытылы жауап ұсынуға дайын екендігін хабарлаймыз.

Абылайхан Дағыстанұлы НАУРЫЗБАЕВ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады.

Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы айтулы жетістігі.

Президент Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктесімізге ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысының пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналады.