Архив рубрики: Қылмыс

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

ҚР Президентімен қол қойылған «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңы» 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді. Енді есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылар мен есірткі таратушыларға, оның ішінде «есірткі курьерлеріне» қатысты қылмыстық жауапкершілік талаптары күшейтілмек. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Сабыржан Жарылқасынұлы брифингте мәлімдеді.

«Алғашқы рет заңды бұзған есірткі таратушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша төмендетілген санкциялармен жауапкершілікке тартылатын болады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі бойынша егер азамат аз мөлшерде есірткіні өткізсе, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған. Ал, 2-бөлігі бойынша егер азамат ірі көлемдегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Үшінші бөлігі бойынша егер азамат аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізгені үшін ұсталса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұрын ол 10 жылдан 15 жылға дейін болатын»-деді спикер.

Алматы қаласындағы банктен 55 млн теңге ұрлаған ер адам Швецияда ұсталды

Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауымен Швецияда 38 жастағы ер адам тұтқындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ сілтеме жасап, Taq.kz сайтының тілшісі.

ІІМ мәліметінше, ол аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған.

2018 жылдың қазан айында күдікті Алматы қаласындағы банктің бірінен аударымдарда махинация жасай отырып, 55 миллион теңге ұрлаған.

Қазіргі уақытта күдікті шетелде қамауда.

Фабриканы әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 30 мың доллар алған

Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары 30 мың доллар көлемінде аса ірі көлемдегі пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Өскемен қаласының №2 соты Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары азамат Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу мәліметінше, 2023 жылы мамыр айында азамат Т. алтын өндіру фабрикасына экологиялық заңнама талаптарының сақталуын тексеру жүргізген, — деп жазылған хабарламада.

Тексеру барысында құрылыс мерзімдерін аяқтау бойынша жобалық шешімдердің бұзылғаны анықталған. Бұл жағдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабына сәйкес, кәсіпорынның қызметін уақытша тоқтата тұруға негіз болатын құқық бұзушылық еді.

Алайда, азамат Т. фабриканы әкімшілік жауапкершілікке тартпау және оң қорытынды шығару үшін фабрика директорынан 30 мың доллар (2023 жылғы 12 мамырдағы бағам бойынша 13 326 600 теңге) көлемінде пара алған, — делінген хабарламада.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, сот оны ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды.

Полицей өліміне қатысты: Желіде жанжал қалай басталғаны түсірілген видео тарады

Telegram желісіндегі арналардың бірінде полиция қызметкері мен Алматыдағы мекемелердің біріне келушінің арасындағы кикілжің қалай басталғаны түсірілген видео жарияланды. Полицейлер бұл видеоның оқиғаға қатысы барын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап Taq.kz сайтының тілшісі.

Telegram-дағы Kozachkov offside арнасында видео жарияланды, видеоның сипаттамасында кадрда полиция қызметкері қатысқан жанжалдың басы көрсетілген. Бейнежазбада 41 жастағы күдікті қасында отырған қызды қылғындырып, қолынан жұлқылағаны көрсетілген. «Полиция қызметкері араласып, агрессия көрсеткен ер адамды алып кетті, кейін олар сыртқа шыққан. Төбелес соңы кісі өлімімен аяқталды», — делінген видеоға берілген сипаттамада.

NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, бұл видеоның 11 қаңтарға қараған түні болған полицей қаза тапқан жанжалға қатысы бар-жоғын сұраған екен. Ведомствоның баспасөз қызметі видеоның рас екенін және видеода дәл сол жағдай көрсетілгенін растапты. Сілтемеде видео жүктелген.

https://kaz.nur.kz/society/2210891-almatydagy-politsei-olimi-zhelide-zhanzhal-qalai-bastalgany-tusirilgen-video-tarady/

Желіде ІІМ Ақтаудағы Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы бастығының ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.

Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.  https://kaz.nur.kz/society/2210201-uqk-ishki-ister-ministrligining-zhogary-lauazymdy-sheneunigin-ustady/

«2024 жылдың 24 желтоқсанында Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасының қызметкерлерін ұстады. Ұсталғандардың арасында ІІМ Батыс өңірлік Әскери тергеу басқармасының басшысы да бар», — делінген желіде тараған хабарламада. Бұл ақпаратқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері пікір білдірді. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды», — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Қарауылдан 2400-ден астам «Трамадол» таблеткасы тәркіленді

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысының полициясы «трамадол» психотроптық затын тасымалдаған күдіктіні ұстады. Ордабасы ауданында полиция қызметкерлері Арыс ауданы тұрғынының басқаруындағы «Тойота Камри» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тінту кезінде жедел уәкілдер автомобиль салонынан 120 «Трамадол» таблеткасы бар 4 полиэтилен пакетін тәркіледі.

Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты жерінен психотроптық зат таблеткалары бар тағы 1 пакет табылды. Алынған препараттың жалпы саны 2416 «Трамадол» таблеткасын құрады. Белгілі болғандай, Арыс ауданындағы медицина мекемелерінің бірінде қарауыл болып жұмыс істеп, «дәрігер беретін рецептінің» таза бланкілерін пайдаланып, «трамадолды» сатып алу үшін Шымкент қаласына барған. Одан заттай дәлелдемелер тәркіленді.

 

Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталуда.

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар белгісі иесі өкілінің өтініші негізінде тұрмыстық химия өндірісі бойынша заңсыз жерасты цехын анықтады. Аталған цех Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының аумағында Өзбекстан Республикасымен шекарадан 50 км жерде жеке үйде орналасқан.

Жоспардан тыс тексеру барысында «К» жеке кәсіпкерінде «Белизна» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Зияткерлік меншік құқықтарын өрескел бұза отырып дайындалған 1500 бірліктен астам жалған өнім (жуу және дезинфекциялау құралдары) тәркіленді. Құқық иесіне келтірілген залал 3 миллион теңгеден асты.

Айта кету керек, заңсыз жерасты бизнесі өкілдері көлемі 800 ш.м. асатын үй-жайда жаппай заңсыз өндіріс пен өнімді буып-түюді жүзеге асырып, оны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің көтерме сауда базарларына жеткізіп отырған. Заңсыз өнімдер бағаның төмендігіне байланысты тез сұранысқа ие болған. Бірақ бір ескертетін жайт оның жасырын қаупі мыңдаған азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретінін айта кеткен жөн.

Жалған жуғыш заттар өнімі қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін арзан және сапасыз компоненттерден жасалған. Мұндай өнімдерде терінің тітіркенуін, аллергиялық реакцияларды, тыныс алу жолдарының ауруларын және тіпті улануды тудыратын улы заттар мен аллергендер болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта кінәліні жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда. Іс материалдары Түркістан облысы Әділет департаментінің қарауында.

Әділет органдары Азаматтар мен заңды бизнестің мүддесі үшін зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуын анықтау және қорғау жөніндегі жұмыстарын жалғастырады. Заңды бизнесті қолдау өндірушілердің құқықтарын қорғап қана қоймай, тұтынушыларға қауіпсіз және сапалы тауарларға кепілдік береді.

Полиция жүргізушіден 1,5 келіден астам есірткі тәркіледі

Түркістан облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтап, тасымалдады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген полицейлер Ордабасы ауданы аумағындағы «Шымкент-Түркістан» тас жолында мегаполистің 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Ниссан Прима» маркалы автокөлікті тоқтатты.
Жедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің көлігінің артқы орындығының астынан есірткіге ұқсас затты тапты. Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткі затының жалпы салмағы 1,5 келіден асатын марихуана болып шықты. Қазіргі уақытта есірткі құралдарын сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

ӨРТЕНГЕН ХОСТЕЛДІҢ БАСШЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Алматыда өртенген хостелдің басшысы ұсталды, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгінде прокуратура Алматыдағы хостелдегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғаған. 30 қарашада өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Бас прокурордың тапсырмасы бойынша қылмыстық іс арнайы прокурордың қарауына алынды.Тәжірибелі құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен прокурорлар хостелді жалға алушы А.Мұхамедьяровты ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады.Тергеу шаралары аясында жатақхана жұмысына қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеті анықталатын болады», – деп хабарлады бас прокуратура.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шығып, 13 адамның қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз. Қаза тапқандардың ішінде 4 шетел азаматы да бар. Кейіннен президент Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, ал Алматы әкімдігі өрттен қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына 1 миллион теңгеден берілетінін мәлімдеді.

Арыста кісі өлтірді деген күдікпен үш ер адам ұсталды

ІІМ криминалдық полиция департаменті мен Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Арыс қаласында ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген үш адамды, яғни тапсырыс беруші мен екі орындаушыны ұстады.

 

 

Еске сала кетсек, 5 тамыз күні белгісіз біреулер салынып жатқан үйдің аумағына кіріп, қарудан оқ атып, қашып кеткен. Үй иесі мен оның танысы алған жарақаттарынан қайтыс болып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.

 

 

«Бұл факт ҚР ҚК-нің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша тіркеліп, тергеп-тексеру басталды. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардан «Сайга» қаруы мен тегіс ұңғылы 12 калибрлі шолақ мылтық, мотоцикл мен бетперделер тәркіленді.», -деді Құрманбек Сахов — Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары