«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ОРТАЛЫҒЫНДА ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КӨРМЕ ӨТТІ

Бүгін «Ұлы дала елі» орталығында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме қазақтың ұлттық киімдерінің алуан түрлілігін, олардың тарихы мен мәдени маңызын насихаттауға бағытталған.
Көрмеде қазақтың дәстүрлі киім үлгілері, соның ішінде шапан, сәукеле, кимешек сияқты ұлттық киімдер ұсынылды. Әрбір киімнің өзіндік мәні мен ерекшелігі бар, олардың жасалу әдістері мен қолданылу дәстүрі келушілерге кеңінен таныстырылды.
Іс-шара барысында келуішілерге ұлттық киім үлгілерінің аймақтық ерекшеліктері көрсетіліп, олардың әшекейлену ерекшеліктері мен символдық мағынасы туралы ақпарат берілді.
Көрме қонақтары қазақтың ұлттық киімдерін киіп, арнайы фотоаймақта суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге ұлттық қолөнер шеберлерінің жұмыстары таныстырылып, олардың жасаған бұйымдары да назарға ұсынылды.
Айта кетейік, бұл шара халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеуге, ұлттық киімнің әсемдігін көрсетуге және жастарды ата-баба дәстүріне жақындатуға арналған. Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы, рухани құндылығымыздың бір бөлігі. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы халқымыздың сәндік-қолданбалы өнерін жандандыруға атсалысу жалғасын таппақ.

Тыңайтқыштардан бастап автокөліктерге дейін: 2025 жылы Қазақстанда 190 индустриалдық жоба іске қосылады

«Қазақстанға жаһандық, әсіресе өңірлік нарықта табысты бәсекеге қабілетті, қуатты әрі технологиялық тұрғыдан прогрессивті өнеркәсіп қажет».

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

 

2025 жылы Қазақстанда соңғы бес жылдағы ең көп индустриалдық жоба жүзеге асырылмақ.

Биыл елімізде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылып, 20,1 мың жаңа жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Аталмыш жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

Қазақстанда сутегі пероксиді, сұйық шыны, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, полипропилен және сары фосфор өндірісі ұлғайтылады. Бұл жобалар химия саласының дамуына және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Биыл сэндвич-панельдер, керамикалық кірпіш, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыттар іске қосылады. «Qaragandy Power Silicon» және «Ekibastuz FerroAlloys» зауыттары ферроқорытпа өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

2025-2035 жылдары министрлік металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында 9 ірі жобаны жүзеге асырады. Олар жобалық қуатына жеткенде өндірілетін өнім көлемі шамамен 7,3 млрд долларды құрайды.

Аталмыш жобаларға 6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар Президенттің тапсырмасымен әзірленген, олар 25 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 17 ірі жоба тізімінің бір бөлігі. Барлық жобалар жоғары технологиялық кластерлерді құруға бағытталған.

«Автомобиль шығаратын зауыттар, ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттар, мыс балқыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешен, гидрометаллургия зауыты сияқты маңызды жобалар іске қосылады.

Бұл кәсіпорындар машина жасау және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін жаңа өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай нығайтады», — атап өтті Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Жоғарыда аталған тоғыз жобаның екеуі 2025 жылы іске қосылады. Костанай облысында 1500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін KIA автокөліктерін шығаратын зауыт іске қосылады, ол жылына 70 мың автокөлік өндіреді. Алматы қаласындағы Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт 3600 жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жылына 90 мың көлік шығаруға мүмкіндігі бар.

Автомобиль өнеркәсібіндегі жаңа жобалардың арқасында 2025 жылы саладағы өндіріс көлемі 5%-ға артады деп күтілуде. Жоспар бойынша 149 мың жеңіл көлік шығарылуы қажет (2024 жылы бұл көрсеткіш 134 мың болған).

Қазақстанда соңғы бес жылда алғаш рет өңдеу өнеркәсібінде 5,9%  өсім тіркелді. Өсім көрсеткіші негізінен металлургия (+6,9%), машина жасау (+9,7%), химия өнеркәсібі (+7,7%) және басқа салалардағы өндіріс көлемінің артуына байланысты болып отыр. Жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгені құрады.

Түсті және қара металлургия салалары тұрақты өсім көрсетуде. Мыс, алюминий, цинк және қорғасын өндірісі мен қайта өңдеу көлемдері ұлғаюда. Құрылыс материалдары өндірісі де қарқынды дамып, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып, өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беруде.

Индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда 15 арнайы экономикалық аймақ және 51 индустриалды аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы осы аймақтарда 110 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа механизм ретінде шағын өнеркәсіп аймақтары енгізілген, олар кәсіпкерлерге дайын үй-жайларды ұсынады. Осы жоба аясында кәсіпкерлер құрылыс үшін жеңілдетілген несиелер мен тиімді жалға алу шарттарын пайдалана алады, бұл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанның 8 облысында (Астана, Шымкент, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары) 34 шағын өнеркәсіп аймақтары жұмыс істейді. 2025 жылы 14 облыста шағын өнеркәсіп аймақтарын құру жоспарланып отыр.

Кәсіпорындар туралы толық ақпараты бар Қазақстандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі қолдау шараларының бірі болмақ.

Ірі тапсырыс берушілерден отандық өнімдерді дамыту бағдарламаларын бекіту талап етіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды салу кезінде отандық құрылыс кезінде материалдар мен жабдықтарды импорттық материалдарға ауыстыру үшін маслихатпен келісу талап етілетін болады.

Бұл шаралар отандық өндірушілердің позицияларын нығайтуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталған.

2024 жылы өңдеуші өнеркәсіп саласында 163 жоба, ал тау-кен саласында 17 жоба іске асырылды. Жалпы инвестициялар сомасы 1,3 трлн теңгеден асқан.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде жаңа өндіріс орындары ашылды. Ең көп жоба Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылды.

Елімізде катодтық мыс, dore алтын құймаларын өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастады. Қазақстанда алғаш рет вольфрам концентратын өндіру қолға алынды. Құбыр арматурасын, жылу оқшаулағыш материалдарды, керамикалық плиткаларды, Chevrolet Onix автокөліктерін, жиһаз және жүк көліктерінің компоненттерін шығаратын зауыттар іске қосылды.

2024 жылы іске қосылған жобалар толық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі шамамен 2 трлн теңгені құрайтын болады.

Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау офтейк келісімшарттары мен ұзақ мерзімді келісімдер тиімді түрде жүзеге асырылып, бұл жергілікті өнімнің үлесін арттыруға септігін тигізеді. 2024 жылы ірі субъектілер сомасы 704 млрд теңгені құрайтын 600-ге жуық ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк келісімшарттарға қол қойды. Министрлік отандық құндылықты дамыту бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады.

Қазақстандағы индустриалдық даму тұрақты экономикалық өсуді сақтауда маңызды рөл атқарады. Мемлекет өнеркәсіпті дамытуды жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, шетелдік тауарларға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елдегі өндірістің жақсаруына мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады

– Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін, – деп жазды Мемлекет басшысы.

Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді.

Қастерлі Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Алқалы жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің алдағы бағдарын айқындап берді. Онда соңғы кезеңде қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар түгел қамтылды.

Жалпы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай туралы бастаманы осыдан бірнеше жыл бұрын өз Жолдауында көтеріп, оны елді жаңғыртудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде ұсынған болатын. Содан бері Қазақстанда түбегейлі өзгерістер қолға алынып, кешенді саяси реформалар іске асырылды. Мемлекет басшысы осы ауқымды жұмысқа Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосқанын атап өтіп, бұл бастама арқылы қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасқанын айтты.

Президентіміз бүгін көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін білдірді. Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмайтыны, ал, салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет ұсынған жаңа тәсілдерді халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру ісіне баса мән берді.

Сондай-ақ Президентіміз салықтан жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндерге және заңнамада соған жол беретін олқылықтарға назар аударып, тиісті заңдарға жедел түрде қажетті түзетулер енгізуді тапсырды. Осы ретте қолға алынып жатқан шаралардың мәні мен маңызын азаматтарға жеткізуге және қажетті заңнамалық жұмыстарға Сенат депутаттары белсенді қатысатынын атап өткім келеді.

 

Бүгінгі жиында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елді басқаруды және логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыру үшін қолайлы тәсіл екені айтылды.

Құрылтай отырысында еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берілді. Президентіміз атап өткендей, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Сондықтан діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар аталған талапқа сай болуға тиіс. Осы мәселені жан-жақты қарап, заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру ерекше мәнге ие.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қылмыстық-атқару жүйесінде адамгершілік құндылықтарға басымдық бере отырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау арқылы кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, жалған психологтар мен «коучтардың» іс-әрекетін жауапты органдар назарға алу мәселелері де сөз болды.

Ұлттық құрылтайда Президентіміз идеологиялық бағыттағы басымдықтарды да айқындап берді. Бұл орайда кино өндірісіне жіті мән беріп, дайын фильмдерді экранға шығармас бұрын ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият зерделеудің берері мол екені анық.

 

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көптеген іргелі бастамалар қолға алынып жатыр. Осы бағытта кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәселені баса айтты.

Сондай-ақ Президент белгілеп берген негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру. Соның аясында түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарларды қайта жаңғырту аса маңызды.

Білім беру ісін дұрыс тәрбиеге негіздеу арқылы озық ойлы ұрпақ, адал азамат қалыптастыру аса маңызды екені нақты айтылды.

Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңды жетілдіру, ішкі саясаттағы жұмыстарды жүйелейтін біртұтас құжат әзірлеу, мәдениет саласын дамыту, Абай институттарын толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру бағыттары бойынша да белсенді жұмыс жүргізілетін болады.

Құрылтайдың отырысында аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Соның аясында бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары қолға алынады.

Президентіміз елімізде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жеке тоқталып, мұның бәрі еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыра түсетін маңызды қадамдар екенін айтты.

Сондай-ақ бүгін шекара маңындағы аудандарды дамыту туралы заң қабылдау, аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін әзірленіп жатқан Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын жан-жақты пысықтау, ғылым қалашығын құру жөнінде заң жобасын әзірлеу және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған арнайы заң даярлау мәселелері қозғалды.

 

Экологияны қорғау және жан-жануарлар дүниесін сақтау туралы да нақты ұсыныстар айтылды. Соның ішінде Биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру бастамасы іргелі жоба екені анық. Шын мәнінде, оған Президентіміздің басшылық жасауы аталған ауқымды жұмыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай отырысында Қазақстанның төрт саладағы орасан зор мүмкіндігі туралы да айтты. Олар: цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Мұның бәрі – еліміздің жаңа әлемдегі орнықты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысының Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімі еліміздің ядролық кластер ретінде қалыптасуына жол ашатынын атап өткен жөн.

Жалпы, жыл сайын Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді. Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгіленген маңызды міндеттер соған дәлел. Бұл басым бағыттар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді бастамалар екені анық. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы іргелі істерді жүйелі түрде жүзеге асырып, Отанымызды одан әрі өркендету. Барлық қазақстандық аталған маңызды міндеттерді орындау жолында белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін.

Мәулен Ашимбаев