ПРЕЗИДЕНТ: ЕЛІМІЗДЕ ІРІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

2025 жылдың наурыз айында Бурабайда өткен 4-ші Ұлттық құрылтай еліміздің қоғамдық-саяси реформаларын талқылаудағы маңызды кезең болды. Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ел мен қоғамды толғандыратын және тез арада дұрыс жолға қоюды талап етіп отырған бірқатар өзекті мәселелерге тоқалды. Мемлекет басшысы өз сөзінде өткен үш жылда елде жүргізілген реформаларға шолу жасап, Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталған басты қадамдарды атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасы салынатындығын айтты.

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқандағын айтты.
Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жоспарланған. Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салады. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар, «Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,

«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы,Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі және облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы

ДЕПУТАТТАР САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Алмас Салимов, Жәнібек Сүлейменов, Уалихан Рахиев және Қайрат Салыбек Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесіп, халықтың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев және облыс мәслихатының депутаты Басымбек Бахыт, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері мен орынбасарлары, дербес бөлімдердің басшылары, тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында облыс мәслихатының депутаты Жәнібек Сүлейменов Сарыағаш ауданына бөлініп жатқан облыстық, республикалық бюджетпен, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Түркістан облыстық мәслихат депутаттарының халықпен кездесуінде Сарыағаш қаласы аумағынан кезектегі азаматтарға жер учаскесін беру мәселесі, Құркелес ауылдық округі, Еңкес елді мекені
аумағындағы ауыз су тапшылығын шешу бойынша талап-тілектер айтылды.

Жер телімдерін беру бойынша қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, жер инспекциясына ұсыныс беру арқылы 120 га жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығы айтылды. Депутаттар тарапынан мәселе бақылауға алынатын болды.

Ал ауыз су тапшылығы бойынша Су және ирригация министрлігімен кездесіп, мәселе айтылған. Ауданда жазғы мезгілде ауыз су тапшылығы орын алатыны жасырын емес. Өгемнен келетін су мәселесі шешілгеннен соң, тапшылық жойылатын болады және аудан әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Кездесу соңында тұрғындардың талап тілегі бойынша аудан әкімдігіне тиісті ұсыныстар беріліп, хаттамасы түзілді және орындалуы депутаттар тарапынан бақылауға алынды. Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға алғысын білдіріп, депутаттарға сәттілік тіледі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯ НЫСАНДАРЫНА 20 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру шеңберінде Түркістан облысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтер секторының инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағдарлама – тарифтердің, оның ішінде орташа тарифтердің өсуі есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін алдағы 6-8 жылда 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек. Бұл жөнінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақтілеу Бекмұратов брифингте мәлімдеді.

«Ивестициялық бағдарлама арқылы «Кентау Сервис» МКК жабдықтарының тозуы деңгейін 80 пайыздан – 60 пайызға дейін төмендету көзделуде. Бүгінгі таңда нысанды модернизациялау және жаңғыртуға 63 млн 828 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Осы жылы бекітілген инвестициялық бағдарламаға қосымша магистральдық жылу желілерін, 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары, сондай-ақ, қазандықтарды қайта құру және 81 шақырым ішкі орам жылу желілерін қайта құруға 10 685 009 тенге көлемінде инвестициялық қолдау бекітілді» – деді спикер.

Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама аясында «Түркістан-Су» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуы 15%-ға төмендетілген. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджет есебінен 161 млн 637 мың теңге көлемінде қаржы бекітілген.

Департаментпен биыл «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ға қатысты 2022-2023 жылдар аралығындағы мерзімдерге жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде газ желісіне қосу үшін негізсіз 164 млн тенге алынғаны анықталып, оны тұтынушыларға қайтару қажеттілігі бойынша нұсқама берілген. Сонымен қатар, өңірде 32 табиғи монополия субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық істер қозғалып, нәтижесінде жалпы 20 382 268 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Оның 17 064 083 теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілген.

Бүгінгі таңда «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі Ұлттық жоба қолға алынған. Себебі, елдегі инфрақұрылым желілерінің тозығы жетіп, жаңартудан өткізуді қажет етіп тұрғаны айқын байқалуда. Ұлттық жоба аясында энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін республика бойынша орта есеппен 40%-ға дейін азайту көзделіп отыр.